Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы
ЖАЛПЫ БӨЛІК
І БӨЛІМ. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Осы Кодекс пен жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормаларды қамтитын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарға олар осы Кодекстің нормаларымен реттелмеген жағдайларда қолданылады.
2-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс жер қойнауын пайдалану режимін, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару мен реттеуді жүзеге асыру тәртібін, жер қойнауы учаскелеріне құқықтардың туындау, оларды жүзеге асыру және тоқтату, жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтық жағдайы мен олардың тиісті операцияларды жүргізу ерекшеліктерін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және жер қойнауын пайдалану құқығына билік ету мәселелерін және жер қойнауы ресурстарын пайдалануға байланысты басқа да қатынастарды айқындайды.
2. Жерді, су ресурстарын және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тиісті табиғи ресурстарды пайдалану және қорғау режимін айқындайтын Қазақстан Республикасының жер, су және экологиялық заңнамасына сәйкес реттеледі.
3. Мемлекет, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары осы Кодекспен реттелетін қатынастарға қатысушылар болып табылады.
4. Егер осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қатынастарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және олардың міндеттері болады.
3-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі үшін Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының міндеттері мыналар болып табылады:
1) мемлекеттің жер қойнауына меншік құқығын қорғау;
2) жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және қатынастарды реттеу;
3) мемлекеттің, Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін және жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтарын сақтау;
4) Қазақстан Республикасы минералдық-шикізаттық базасының өсімі;
5) жер қойнауын пайдалану құқықтарының туындау, оларды жүзеге асыру, өзгерту және тоқтату негіздерін, шарттарын және тәртібін белгілеу;
6) жер қойнауын пайдалануды тұрақты дамыту үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету;
7) жер қойнауын геологиялық зерттеуге және жер қойнауын пайдалануға инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;
8) жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты нығайту.
4-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының қағидаттары
Жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды пайдалану;
2) жер қойнауын пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпараттың қолжетімділігі;
4) жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы;
5) жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы;
6) жер қойнауын пайдалану шарттарының тұрақтылығы.
5-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару
Мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын беру арқылы қамтамасыз етіледі.
6-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық қауіпсіздік
Жер қойнауын пайдалану жер қойнауының ластануын болғызбауға және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға бағытталған шараларды қабылдай отырып, экологиялық қауіпсіз тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
7-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік
1. Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпарат қолжетімді болып табылады.
2. Мемлекет мыналарға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі аукциондар, олардың шарттары мен нәтижелері туралы ақпаратқа;
2) мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы шешімдеріне;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлерін ескере отырып, жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпаратқа;
4) осы Кодекске сәйкес құпия немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес құпия болып танылатын геологиялық ақпаратты қоспағанда, геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
3. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қолжетімділік тәртібі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
4. Мүдделі тұлғалар осы бапқа сәйкес қолжетімділігі қамтамасыз етілетін ашық ақпаратты өтеусіз пайдалануға құқылы.
8-бап. Жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы
Жер қойнауын пайдалану ақылы (өтеулі) болып табылады. Жер қойнауын пайдалану үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу арқылы жүзеге асырылады.
9-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы
Жер қойнауын пайдаланушылар оларға берілген құқықтарды іске асыру және осы Кодексте көзделген міндеттерді орындау кезіндегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру процесінде жер қойнауын пайдаланушылардың іс-қимыл адалдығы ұйғарылады.
2-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ РЕСУРСТАРЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
10-бап. Жер қойнауы және оның ресурстары
1. Топырақ қабатынан төмен, ал ол болмаған кезде жер бетінен төмен орналасқан жер қыртысының бөлігі, су айдындары мен ағын сулардың түбі жер қойнауы деп танылады.
2. Осы Кодексте мынадай ресурстарға қатысты жер қойнауының пайдаланылуы реттеледі:
1) пайдалы қазбалар;
2) техногендік минералдық түзілімдер;
3) жер қойнауының кеңістігі.
11-бап. Жер қойнауына меншік
1. Жер қойнауы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет меншігінде болады.
2. Мемлекет осы Кодексте көзделген негіздерде, шарттарда және шектерде жер қойнауын пайдалануға береді.
3. Жеке және заңды тұлғалардың жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзатын іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді. Жер қойнауына мемлекеттік меншікті бұза отырып жасалған мәмілелер маңызсыз мәмілелер болып табылады.
12-бап. Пайдалы қазбалар және олардың сыныпталуы
1. Химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері оларды материалдық өндіріс саласында және тікелей немесе қайта өңделгеннен кейін тұтыну саласында пайдалануға мүмкіндік беретін, пайдалы құрауыштары бар табиғи минералдық түзілімдер мен органикалық заттар пайдалы қазбалар болып танылады.
2. Өзінің экономикалық маңызы бойынша және жер қойнауын пайдаланудың тиісті шарттарын белгілеу мақсатында пайдалы қазбалар мынадай топтарға бөлінеді:
1) жерасты сулары;
2) көмірсутекті пайдалы қазбалар (көмірсутектер);
3) пайдалы қатты қазбалар.
3. Мұнай, шикі газ және табиғи битум көмірсутектер деп танылады.
Шикі мұнай, газ конденсаты, сондай-ақ шикі мұнайды тазартқаннан кейін және жанғыш тақтатастарды, мұнай битумды жыныстарды немесе шайырлы құмдарды өңдегеннен кейін алынған көмірсутектер мұнай деп танылады.
Үлес салмағына қарамастан, қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде жер қойнауынан сұйық күйінде алынатын, оның ішінде шикі газдан табиғи конденсаттау арқылы түзілген кез келген көмірсутектер шикі мұнай деп танылады.
Үлес салмағына қарамастан, жер қойнауынан қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде газ тектес күйде алынатын кез келген көмірсутектер, оның ішінде тазартылмаған табиғи, ілеспе, қатпарлы газ, көмiр қабаттарындағы метан, сондай-ақ олардың құрамындағы көмiрсутексіз газдар шикі газ деп танылады.
Мұнайдың құрамында қатталған жағдайларда еріген күйде кездесетін және қысым төмендеген кезде одан бөлініп шығатын көмірсутектердің және көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы ілеспе газ деп танылады.
Көмір кен орындарынан өндірілген, қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде газ тектес күйде болатын, құрамында метан басым болатын көмірсутектердің және көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы көмір қабаттарының метаны деп танылады.
Табиғи жағдайда ұңғымалық әдістермен өндіру техникалық жағынан мүмкін емес, жер қойнауында қатты, тұтқыр және тұтқыр-пластикалық күйде жататын, бастапқы көмірсутек негізі бар органикалық текті пайдалы қазбалар табиғи битум деп танылады.
4. Жер қойнауында немесе жер бетінде қатты күйде болатын табиғи минералдық түзілімдер, органикалық заттар мен олардың қоспалары пайдалы қатты қазбалар деп танылады.
Пайдалы қатты қазбалар кендік және кендік емес болып бөлінеді. Саф металдар, қара, түсті, сирек, радиоактивті металдардың және сирек кездесетін жер элементтерінің кендері кендік пайдалы қатты қазбалар деп танылады. Қалған пайдалы қатты қазбалар кендік емес деп танылады.
Құрылыс және өзге де шаруашылық мақсаттарында табиғи күйінде немесе болмашы өңделумен және тазартыла отырып пайдаланылатын және жер қойнауында кең таралған кендік емес пайдалы қатты қазбалар кең таралған болып танылады. Кең таралған пайдалы қатты қазбаларға мыналар: мәрмәрлар, кварциттер, кварцты-далалық шпат жыныстары, граниттер, сиениттер, диориттер, габбро, риолиттер (липариттер), андезиттер, диабаздар, базальттар, вулкандық туфтар, шлактар, пемзалар, вулкандық шынылар және шыны тектес жыныстар, ұсақ жұмыр тастар мен қиыршық тастар, қиыршық тас-құм (құмды-қиыршық тас) қоспалар, құмдар және құмдауықтар, саздақ және саздақты жыныстар (суглинкілер, алевролиттер, аргиллиттер, балшықты тақтатастар), ас тұзы, гипстік жыныстар, мергельдер, әктастар, оның ішінде ұлутастар, бор жыныстары, доломиттер, әктасты-доломит жыныстары, кремний жыныстары (трепелдер, опокалар, диатомиттер), табиғи пигменттер, торфтар, емдік балшықтар жатады.
13-бап. Техногендік минералдық түзілімдер, техногендік минералдық түзілімдерге арналған құқықтар
1. Тау-кен өндіру, тау-кен-қайта өңдеу және энергетикалық өндірістердің пайдалы құрауыштары және (немесе) пайдалы қазбалары бар қалдықтарының шоғыры техногендік минералдық түзілімдер деп танылады.
Тау-кен өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдеріне жер қойнауынан айырып алу процесінде тау-кен жыныстарынан пайдалы қатты қазбаларды бөліп алу нәтижесінде түзілетін пайдалы қатты қазбаларды өндірудің қалдықтары (аршылым, қоршауыш жыныс, шаңдар, кенеусіз (кондициялы емес) кен) жатады.
Тау-кен-қайта өңдеу өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдеріне кен байыту өндірістері (байыту қалдықтары мен шламдары) және (немесе) химиялық-металлургиялық өндірістер қызметі (шлактар, кектер, клинкерлер және металлургиялық қайта жасау қалдықтарының басқа да осыған ұқсас түрлері) нәтижесінде түзілетін қайта өңдеу қалдықтары жатады.
Энергетикалық өндірістердің техногендік минералдық түзілімдеріне өндіруші қондырғылармен электрлік және (немесе) жылу энергиясын өндіру кезінде отынның жануы нәтижесінде түзілетін қатты қалдықтар (күлдер, күлшлактар) жатады.
2. Жер қойнауы учаскесі шегінде орналасқан техногендік минералдық түзілімдер осы учаскеге тиесілі болып табылады.
Пайдаланудағы жер қойнауы учаскесінің шегінен тыс орналасқан химиялық-металлургиялық немесе энергетикалық өндірістер қызметі нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдер аталған өндірістерге тиесілі болып табылады. Осындай техногендік минералдық түзілімдерге меншік құқығы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес осы техногендік минералдық түзілімдердің орналасқан полигоны (полигонының бір бөлігі) жабылатын кезге дейін өндірістердің меншік иесінде сақталады.
3. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінде осы жер қойнауын пайдаланушының қызметі нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдерге меншік құқығы жер қойнауын пайдалану құқығы қолданылатын мерзімде сол жер қойнауын пайдаланушыда сақталады.
Техногендік минералдық түзілімдердің меншік иесі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың ережелерін ескере отырып, өздеріне пайдалануға берілген жер қойнауы учаскесіндегі қызмет нәтижесінде пайда болған техногендік минералдық түзілімдерді иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге, сондай-ақ оларды үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға құқылы.
Көрсетілген техногендік минералдық түзілімдерді жер қойнауы учаскесінен немесе олар орналасқан полигоннан алып қоймай үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға, осы баптың 2-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалану құқығының немесе тиісінше өндіріске меншік құқығының өтуінен басқа жағдайларда, жол берілмейді.
Пайдаланудағы жер қойнауы учаскесінде орналасқан техногендік минералдық түзілімдерді үшінші тұлғаларға иеліктен шығарған жағдайда, оларды алып қою жер қойнауын пайдалану құқығының қолданылу кезеңінде жүзеге асырылуға тиіс.
4. Тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу (байыту) өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген шектеулерді ескере отырып, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша немесе жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша пайдаланудағы жер қойнауы учаскелері шегінде ғана жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылғаннан кейін немесе тиісінше полигон (полигонның бір бөлігі) жабылғаннан кейін жер қойнауы учаскесінде қалдырылған техногендік минералдық түзілімдер жер қойнауы құрамына қосылады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауы құрамына қосылған техногендік минералдық түзілімдерге пайдалы қатты қазбалардың құқықтық режимі қолданылады.
14-бап. Кен орындары және олардың сыныпталуы
1. Өзінің сандық, сапалық және тау-кен-техникалық сипаттамалары бойынша оң экономикалық әсері бар өнеркәсіптік әзірлеме үшін жарамды болуы мүмкін пайдалы қазбаның (пайдалы қазбалардың) табиғи немесе техногендік шоғыры кен орны деп танылады.
2. Пайдалы қазбалар ресурстарының немесе қорларының шамасы және олардың экономикалық маңыздылығы бойынша ірі кен орындары жеке санатқа бөлінеді.
3. Пайдалы қатты қазбалардың мынадай ресурстарды қамтитын кен орындары ірі кен орындары деп танылады:
Пайдалы қазба, өлшем бірлігі |
Саны |
Темір кені, млн. т |
>100 |
Марганец кені, млн. т |
>50 |
Хромит кені, млн. т |
>30 |
Мыс, млн. т |
>5 |
Қорғасын, млн. т |
>5 |
Мырыш, млн. т |
>5 |
Бокситтер, млн. т |
>50 |
Никель, мың т |
>50 |
Вольфрам, мың т |
>100 |
Молибден, мың т |
>200 |
Алтын, т |
>250 |
Кокстелетін көмір, млн. т |
>50 |
Энергетикалық көмір, млн. т |
>500 |
Қоңыр көмір, млн. т |
>500 |
Жанғыш тақтатастар, млн. т |
>500 |
Фосфориттер (кен), млн. т |
>200 |
Күкірт қышқылды, аралас калий тұздары, млн. т |
>100 |
Мынадай геологиялық қорлары бар көмірсутекті кен орындары ірі кен орындары деп танылады:
Пайдалы қазба, өлшем бірлігі |
Саны |
Мұнай, млн. т |
>100 |
Табиғи газ, млрд. м3 |
>50 |
15-бап. Өндірілген пайдалы қазбаларға меншік
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, өндірілген пайдалы қазбалар меншік құқығында жер қойнауын пайдаланушыға (мемлекеттік заңды тұлғаға – шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында) тиесілі.
16-бап. Жер қойнауы кеңістігі
Геотехникалық, геологиялық, экономикалық және экологиялық факторларды ескере отырып, өндірістік, ғылыми немесе өзге де қызмет объектілерін орналастыруға арналған орта ретінде пайдаланылуы мүмкін жер қойнауының үш өлшемдік кеңістіктегі қасиеті жер қойнауы кеңістігі болып табылады.
ІІ БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ
3-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
17-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы ұғымы мен оның мазмұны
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы осы Кодекспен қамтамасыз етілген, жер қойнауын кәсіпкерлік мақсатта бөліп берілген учаске шегінде белгілі бір мерзім ішінде өтеулі негізде пайдалану мүмкіндігін білдіреді.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы бөлінбейтін заттық құқық болып табылады. Осы Кодекстің ережелері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалану құқығына меншік құқығы туралы нормалар қолданылады, өйткені бұл заттық құқықтың табиғатына қайшы келмейді.
3. Жер қойнауын пайдалану осы Кодексте белгіленген тәртіпте, шарттарда және шектерде жүзеге асырылады.
18-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері болуы мүмкін.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығының иелері бір мезгілде бірнеше тұлға болуы мүмкін. Бұл жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығын иелену ортақ болып табылады. Жер қойнауын пайдалану құқығын ортақ иелену жер қойнауын пайдалану құқығы бір мезгілде екі немесе одан да көп тұлғаға берілген жағдайда немесе жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің бір тұлғадан екінші тұлғаға ауысуы нәтижесінде туындайды.
Жер қойнауын пайдалану құқығын екі немесе одан да көп тұлғаның ортақ иеленуіне осы тұлғалардың әрқайсысының осындай құқықтағы үлестерін айқындай отырып қана жол беріледі.
Жер қойнауын пайдалану құқығын ортақ иеленуге Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының жалпы үлестік меншік қатынастарын реттейтін нормалары қолданылады.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдалану құқығының иесі бір ғана тұлға болуы мүмкін.
3. Осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) бір тұлғадан екінші тұлғаға ауысуы мүмкін.
19-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының объектісі ретіндегі жер қойнауы учаскесі
1. Осы Кодекске сәйкес пайдалануға берілетін, белгілі бір кеңістікті шекаралары бар жер қойнауының геометрияланған бөлігі жер қойнауы учаскесі деп танылады.
Жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары географиялық координаттары бар нүктелері (жер қойнауының аумағы) мен үстіңгі және төменгі кеңістік шекараларын қалыптастыратын тереңдік арасындағы тікелей сызықтан шығатын шартты жазықтықтардан құрылады.
Жер қойнауы учаскесінің үстіңгі кеңістік шекаралары – топырақ қабатынан төмен, ал ол болмаған кезде жер бетінен және (немесе) су айдындары, су ағындары түбінен төмен орналасады. Жер қойнауы учаскесінің төменгі кеңістік шекаралары геологиялық зерттеу және игеру үшін қолжетімді тереңдікте орналасады.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, жер қойнауы учаскесінің үстіңгі және (немесе) төменгі кеңістік шекаралары өзге де тереңдікте орналасуы мүмкін.
2. Пайдалы қазбаларды барлау (барлау учаскесі) жөніндегі операцияларды және геологиялық зерттеу (геологиялық зерттеу учаскесі) жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесінің аумағын сәйкестендіру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы шартты түрде, әрбір жағы координаттардың географиялық жүйесінде бір минутқа тең болатын блоктарға бөлінеді. Жиырма бес блок әрбір жағы координаттардың географиялық жүйесінде бес минутқа тең болатын блоктардың кіші секциясын құрайды. Жүз блок әрбір жағы координаттардың географиялық жүйесінде он минутқа тең болатын блоктар секциясын құрайды.
Әрбір блоктың және блоктардың кіші секциясының және секциясының жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган беретін өздерін сәйкестендіруші координаттары мен жеке кодтары болады. Барлау учаскесінің (барлау аумағы) немесе геологиялық зерттеу учаскесінің (геологиялық зерттеу аумағы) аумағы бір немесе одан көп блоктардан тұруы мүмкін. Егер аталған аумақ екі немесе одан да көп блоктан тұратын болса, осы аумақтағы әрбір блоктың оның ең болмағанда басқа бір блогымен ортақ жағы болуға тиіс.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда, барлау аумағы блоктың немесе блоктардың бөлігін қамтуы мүмкін, олардың әрқайсысының осындай аумақтың басқа блогымен немесе оның бөлігімен ортақ жағы болуға тиіс.
3. Пайдалы қазбаларды өндіру (өндіру учаскесі), кен іздеушілік (кен іздеушілік учаскесі) және жер қойнауы кеңістігін пайдалану (жер қойнауы кеңістігін пайдалану учаскесі) жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскесінің аумағы тіктөртбұрыш түрінде болуға тиіс. Егер табиғи ерекшеліктер немесе өзге жер қойнауы учаскесінің шекаралары өндірудің, кен іздеушіліктің тиісті учаскесінің немесе жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың аумағын тіктөртбұрыш формасында анықтауға мүмкіндік бермейтін болса, мұндай жер қойнауы учаскесінің аумағы төртбұрыш формасында болуы мүмкін, оның қарама-қарсы екі жағы бір-біріне параллель болуға тиіс.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда өндіру учаскесінің аумағы кен орындарының сыртқы контурлары бойынша айқындалатын тік бұрыштары бар көпбұрышты формада болуы мүмкін.
20-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының туындау және оны алу негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы мыналардың:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың негізінде туындайды.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
2) азаматтық-құқықтық мәмілелердің негізінде жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы;
3) түрленуді не мұрагерлікті қоспағанда, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорлық тәртібімен жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы жағдайларында алынады.
21-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату негіздері
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген негіздер болмаса, ешкімді жер қойнауын пайдалану құқығынан айыруға болмайды.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуының тоқтатылуымен қоса тоқтатылады.
22-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері
Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай операцияларды жүзеге асыру үшін беріледі:
1) жер қойнауын геологиялық зерттеу;
2) пайдалы қазбаларды барлау;
3) пайдалы қазбаларды өндіру;
4) жер қойнауы кеңістігін пайдалану;
5) кен іздеушілік.
23-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар осындай операцияларды жүргізуді көздейтін жобалау құжаты болған кезде ғана жүргізілуі мүмкін.
2. Жер қойнауын пайдалану мақсатында жүргізілетін жұмыстардың жоспарларын, тәсілдерін, әдістемесін, техникалық шарттарын, технологиялық көрсеткіштерін, көлемін, мерзімін және өзге де параметрлерін қамтитын құжаттар жобалау құжаттары болып табылады.
3. Жобалау құжаттары лицензияда немесе келісімшартта көзделген оны пайдалану мерзіміне әрбір жер қойнауы учаскесі үшін жеке-жеке әзірленеді.
4. Жобалау құжаттары экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып әзірленеді. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушылар жобалау құжатында көзделген экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік параметрлерін сақтауға міндетті.
5. Жобалау құжаттарын әзірлеу ерекшеліктері жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде белгіленеді.
24-бап. Бір аумақта әртүрлі тұлғалардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуі
1. Егер осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде өзгеше көзделмесе, әртүрлі жер қойнауын пайдаланушылар сол бір аумақта (бірлескен аумақта) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізе алады.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың ортақ аумақта операцияларды жүргізу тәртібі олардың арасындағы келісіммен айқындалады. Келісім ортақ аумақтағы жұмыстың барлық немесе жекелеген түрлерін жүргізу шарттары мен тәртібін айқындай алады.
Келісім жай жазбаша нысанда жасалады және жер қойнауын пайдаланушы оны жер қойнауын пайдалануға құқық берген мемлекеттік органға ол жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Келісім жер қойнауын пайдаланушылардың біреуі шеккен шығындар үшін негізді және мөлшерлес өтемақыны көздеуі мүмкін.
3. Жер қойнауын пайдаланушылар ортақ аумақта операциялар жүргізу тәртібі туралы келісімге қол жеткізбеген кезде ортақ аумақта жұмыстар жүргізуде жер қойнауын пайдаланушының біреуінің екіншісінің алдындағы басымдығы белгіленеді. Бұл жағдайда ортақ аумақта жұмыстар жүргізуде:
1) пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар жүргізетін;
2) егер жер қойнауын пайдаланушының екеуі де пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін болса, бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығын иеленетін;
3) егер жер қойнауын пайдаланушының екеуі де пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізетін болса, бұрын берілген жер қойнауын пайдалану құқығын иеленетін;
4) егер екінші жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүргізетін болса, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушы басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы болып табылады.
4. Ортақ аумақта жұмыс жүргізуде басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушы осындай басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы жүргізетін немесе жоспарлайтын жұмыстардың уақытын, ұзақтығын, орнын, көлемі мен сипатын есепке алуға және оларды жүргізу үшін кедергі келтірмеуге міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы негізсіз пайда алу мақсатын көздемей, өзінің басымдығын адал және ақылға қонымды пайдалануға міндетті.
5. Ортақ аумақта жұмыстар жүргізуде басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушыға соңғысының жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап бір ай мерзімде ортақ жер қойнауы учаскесінде жүргізілетін және жүргізу жоспарланатын өз жұмыстарының ұзақтығы, орны, көлемі мен сипаттамасы туралы ақпарат беруге міндетті. Мұндай ақпарат коммерциялық құпияны құрауы мүмкін.
Ортақ аумақта жұмыс жүргізуде басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушыға жұмыстардың уақыты, ұзақтығы, көлемі, орны мен сипаты туралы берілген ақпаратты осындай басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы үш ай ішінде бір реттен жиілетпей өзгерте алады. Бұл жағдайда басымдығы бар жер қойнауын пайдаланушы екінші жер қойнауын пайдаланушыны жоспарланатын жұмыстардың уақытын, ұзақтығын, көлемін, орны мен сипатын өзгерту туралы осындай өзгерістерге дейін қалғаннан кешіктірмей хабардар етуге міндетті. Ортақ аумақта жұмыс жүргізуде басымдығы жоқ жер қойнауын пайдаланушы осындай хабарлама алғанға дейін басталған жұмыстарды аяқтауға құқылы.
25-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін шектелген аумақтар
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе:
1) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктеріне арналған жерлердің аумағында;
2) елді мекендер жерлерінің аумағында және оларға бір мың метр қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда;
3) тау-кен-байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектісі болып табылмайтын, жұмыс істеп тұрған гидротехникалық құрылыс орналасқан жер учаскесінің аумағында және оған төрт жүз метр қашықтықтағы іргелес жатқан аумақта;
4) су қоры жерлерінің аумағында;
5) ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары кен орындарының және учаскелерінің контурларында;
6) көмінділерден, қабірлер мен зираттардан, сондай-ақ көмінділер мен зираттарға бөлінген жер учаскелеріне жүз метр қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда;
7) үшінші тұлғаларға тиесілі және ғимараттар мен құрылысжайлар, көпжылдық екпелер алып жатқан жер учаскелері аумағында және оларға жүз метр қашықтықта іргелес жатқан жер учаскесі аумағында – осындай тұлғалардың келісімінсіз;
8) автомобиль және теміржолдар, әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация және авиатехникалық орталықтардың объектілері, теміржол көлігі объектілері, көпірлер, метрополитендер, тоннельдер, энергетикалық жүйелердің және электр беру желілерінің объектілері, байланыс желілері, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілер, магистральдық құбыржолдар алып жатқан жерлердің аумағында;
9) мемлекет мұқтажы үшін мемлекеттік заңды тұлғаларға бөліп берілген жер қойнауы учаскелерінің аумақтарында;
10) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге тыйым салынатын басқа да аумақтарда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге тыйым салынады.
2. Сыртқы аумақтық шекаралары толығымен осы баптың 1-тармағында көрсетілген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесін пайдалануға беруге тыйым салынады.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген тыйым салу:
1) тиісті аумақта тұратын жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдауды көздейтін келісім жасасу арқылы жергілікті ақтарушы және өкілді органдармен келісілген, пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды немесе пайдалы қатты қазбаларды жерасты тәсілімен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге қолданылмайды. Бұл жағдайда осы келісімнің болуы тиісті лицензияны беруге арналған шарт болып табылады;
2) бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге;
3) жерасты суларына арналған іздестіру-бағалау жұмыстары бөлігінде жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізуге қолданылмайды.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген тыйым салу кен іздеушілікке және көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
Осы баптың 1-тармағында белгіленген тыйым салу аэрогеофизикалық зерттеулер немесе Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық әдістерін пайдаланатын зерттеулер арқылы жүргізілетін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
26-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелері шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу бойынша шектеулер Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасында белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиісті учаскеде жұмыстарды дереу тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге міндетті.
27-бап. Пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салудың шарттары
1. Елді мекендерді, өнеркәсіп кешендерін және (немесе) басқа да шаруашылық объектілерін жобалауға және салуға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органының аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша алдағы уақытта құрылыс салынатын учаске астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ екендігі немесе олардың елеусіз екендігі туралы оң қорытындысын алғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.
2. Пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша алынған рұқсатымен пайдалы қазбаларды алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген немесе құрылыс салудың экономикалық жағынан орындылығы дәлелденген жағдайда жол беріледі.
3. Пайдалы қазбалар жатқан аумақтарда құрылыс салуға рұқсат беру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
28-бап. Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қазақстандық кадрларды, тауар өндірушілерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынушыларды қолдауды қамтамасыз ету
1. Пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық кадрларға артықшылық беруге міндетті. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын басшылардың, менеджерлердің және мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлердің және мамандардың жалпы санының елу пайызынан аспауға тиіс.
Кадрлардағы жергілікті қамту үлесін есептеу жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиялардың шарттарында белгіленетін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде сатып алынатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі күнтізбелік бір жыл ішінде сатып алынған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құрауға тиіс.
Тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың үлесін есептеуді ұйымдар индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітетін, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеудің бірыңғай әдістемесіне сәйкес жүзеге асырады.
4-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ РЕЖИМДЕРІ
1-параграф. Жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режимі
29-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия ұғымы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия мемлекеттік орган беретін және оның иесіне көрсетілген жер қойнауы учаскесінің шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға құқық беретін құжат болып табылады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес реттелетін рұқсаттарға жатпайды.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия бір ғана жер қойнауы учаскесін пайдалану үшін беріледі.
3. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір тұлғаға жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялардың шексіз саны берілуі мүмкін.
4. Лицензия мүдделі тұлғаның өтініші бойынша беріледі. Лицензия беруге өтініш нысанын құзыретті орган бекітеді.
5. Берілген лицензия оны берген мемлекеттік органның интернет-ресурсында берілген күні жариялануға жатады.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны беруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган берілген лицензиялардың тізілімін жүргізеді.
Лицензияда қамтылған мәліметтерден басқа, көрсетілген тізілімде мынадай мәліметтер қамтылады:
1) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын жеке тұлғаның тұрғылықты жері туралы;
2) жер қойнауын пайдалану құқығына қатысты ауыртпалықтың тіркелгені туралы;
3) есепті жүргізу мақсаттары үшін қажетті өзге де мәліметтер.
Берілген лицензиялардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.
30-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрлері
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай лицензиялар беріледі:
1) жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия;
3) пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
4) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия;
5) жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия;
6) кен іздеушілікке арналған лицензия.
31-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның мазмұны
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия құзыретті орган бекітетін нысан бойынша ресімделеді.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияда, оның түрі ескеріле отырып, мыналар көрсетіледі:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі;
2) лицензияны берген мемлекеттік органның атауы;
3) лицензия берілген тұлға туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығы;
заңды тұлғалар үшін – атауы, орналасқан жері;
4) лицензияның нөмірі мен күні;
5) лицензияның шарттары: лицензияның мерзімі, жер қойнауы учаскесі аумағының шекаралары, осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдаланудың өзге де шарттары.
3. Лицензия мерзімі лицензияда көрсетілген күннен бастап есептеледі.
4. Егер жер қойнауын пайдалану құқығын екі немесе одан көп тұлға иеленсе, лицензияда жер қойнауын пайдалану құқығының ортақ иелері болып табылатын тұлғалар үлестерінің мөлшері көрсетілуге тиіс.
5. Лицензия қазақ және орыс тілдерінде ресімделеді.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның шарттары осы Кодексте белгіленген шарттарға сәйкес келуге тиіс.
7. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамасында жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның өзге шарттары белгіленсе, осы шарттар бұрын берілген лицензияға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген ережелер ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық салу, кедендік реттеу және бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгерістеріне қолданылмайды.
8. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия оның шарттарының мазмұнын бұза отырып берілсе, лицензия берілген кезде қолданыста болған, осы Кодекстің жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның мазмұны туралы ережелері қолданылады.
32-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияға өзгерістер енгізу
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияға өзгерістерді лицензияны берген мемлекеттік орган оны қайта ресімдеу арқылы жүргізеді.
Қайта ресімделген лицензия оны берген мемлекеттік органның интернет ресурсында қайта ресімдеу күні жариялануға жатады.
2. Лицензия мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер өзгерген:
жеке тұлғалар үшін – жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) азаматтығы өзгерген;
заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаның атауы немесе орналасқан жері өзгерген;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес ауысқан;
3) лицензия мерзімі ұзартылған;
4) жер қойнауы учаскесі аумағының шекаралары өзгерген жағдайларда қайта ресімделуге жатады.
3. Лицензияны қайта ресімдеу құзыретті орган бекітетін нысан бойынша берілген жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі.
Өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың түпнұсқалары не нотариат куәландырған көшірмелері қоса беріледі.
Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар, дұрыстығын нотариус куәландыратын әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, өзге тілде жасалуы мүмкін.
4. Лицензияны берген мемлекеттік орган өтініш осы Кодекстің талаптарына сәйкес болмаған жағдайда лицензияны қайта ресімдеуден бас тартады.
5. Лицензияны берген мемлекеттік орган өтініш келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде лицензияны қайта ресімдеуді жүргізеді не осындай қайта ресімдеуден бас тарту туралы хабардар етеді.
6. Лицензияны қайта ресімдеуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы Қазақсан Республикасының заңнамасына сәйкес бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шағым жасауы мүмкін.
7. Осы баптың 2-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда лицензияны қайта ресімдеу осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
8. Лицензияны беру немесе оны қайта ресімдеу кезінде жіберілген грамматикалық немесе арифметикалық қателерді, қателесіп жазуларды не басқа да осыған ұқсас қателерді лицензияны берген мемлекеттік орган түзетуге тиіс.
Лицензияны беру немесе оны қайта ресімдеу кезінде жіберілген қателерді түзету лицензияны қайта ресімдеу болып табылмайды.
Қателерді түзету лицензияны берген мемлекеттік органның бастамасымен, не жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізілуі мүмкін.
Мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қателерді түзетуді осындай өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Лицензияны берген мемлекеттік орган лицензиядағы қатені түзеткеннен кейін оны екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға береді.
Түзетілген лицензия лицензияны берген мемлекеттік органның интернет ресурсында түзетілген күні жариялануға жатады.
Лицензиядағы қателерді түзетуге байланысты туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.
33-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның қолданылуын тоқтату
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның қолданылуы:
1) осы Кодексте өзгеше көзделмесе, лицензия берілген мерзім аяқталған;
2) егер лицензия негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған болса, оның жалғыз иегері қаза болған (оның ішінде оны қайтыс болды деп жариялаған);
3) лицензия кері қайтарып алынған немесе ол жарамсыз деп танылған;
4) жер қойнауын пайдаланушы лицензия берілген жер қойнауы учаскесінен бас тартқан жағдайларда тоқтатылады.
34-бап. Лицензияның жарамсыздығы және оның жарамсыздығының салдары
1. Лицензия сот тәртібімен мынадай жағдайларда:
1) лицензияны берген мемлекеттік органға оның лицензияны беру шешіміне әсер еткен көрінеу анық емес ақпаратты беру фактісі анықталған кезде;
2) сот анықтаған, мемлекеттік органның лауазымды адамы мен өтініш иесінің арасындағы теріс пиғылды келісу фактісі салдарынан осы Кодексте белгіленген лицензия беру тәртібі бұзылып, бұл мемлекеттік органның лицензияны беру туралы негізсіз шешіміне алып келсе;
3) әрекетке қабілетсіз деп танылған және осындай беру күні әрекетке қабілетсіз болып табылған тұлғаға лицензия берілсе;
4) егер лицензия беру осы Кодексте көзделмесе немесе тыйым салынса, жарамсыз деп танылуы мүмкін.
2. Лицензияны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгіну құқығына – мүдделі тұлға және прокурор, ал осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензияны берген мемлекеттік орган да ие болады.
Лицензияны алу құқығы мен заңды мүдделері лицензияны беру нәтижесінде бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады.
3. Лицензия сот шешімі күшіне енген күннен бастап жарамсыз деп танылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензияны жарамсыз деп таныған кезде лицензия алған тұлға жер қойнауы учаскесін заңсыз пайдаланудан осындай тұлға алған кіріс мөлшерінде келтірілген шығынды және лицензияны жарамсыз деп тануға байланысты мемлекет шығыстарын мемлекетке өтеуге міндетті.
5. Егер осы Кодекстің, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, заңды тұлға жарғысының талаптары бұзыла отырып берілген лицензияны жарамсыз деп тану талабы пайдакүнемдік себептерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетінен туындаса, тұлғаның мұндай тануды талап етуге құқығы жоқ.
6. Лицензияның жарамсыздығымен байланысты даулар бойынша талаптың ескіру мерзімі талап қоюшы лицензияны жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылатын мән-жайлар туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап үш айды құрайды.
2-параграф. Жер қойнауын пайдаланудың келісімшарттық режимі
35-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ұғымы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт мазмұны, жасалу, орындалу және тоқтатылу тәртібі осы Кодексте айқындалатын шарт болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бір тарап (Қазақстан Республикасының атынан құзыретті орган) екінші тарапқа (жер қойнауын пайдаланушыға) белгілі бір мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге міндеттенеді, ал жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарына және осы Кодекске сәйкес өз есебінен және өзі тәуекел етіп жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыруға міндеттенеді.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін, сондай-ақ уран өндіру үшін жасалады.
4. Келісімшарт жасау кезінде пайдалануға бір ғана жер қойнауы учаскесі беріледі.
Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта, өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бірнеше жер қойнауы учаскелері бекітіліп берілуі мүмкін.
5. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, нақ сол бір тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шексіз санын жасауы мүмкін.
6. Құзыретті орган жасалған келісімшарттардың тізілімін жүргізеді. Жасалған келісімшарттардың тізілімін жүргізу тәртібін құзыретті орган белгілейді.
36-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мазмұны
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобалары құзыретті орган бекітетін келісімшарттардың үлгілік нысандарына сәйкес әзірленеді. Келісімшарттың үлгілік нысанынан ауытқуға осы Кодексте көзделген жағдайларда, шектерде және тәртіппен жол беріледі.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта қамтылатын талаптар қатарына мыналар жатады:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрі;
2) келісімшарттың қолданылу мерзімі;
3) жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шекаралары;
4) жер қойнауын пайдаланушының жұмыс (қосымша жұмыстар) бағдарламасында көзделген жер қойнауы учаскелеріндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша міндеттемелері;
5) жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық кадрларды өндіру кезеңінде оқытуды қаржыландыруы жөніндегі міндеттемелері;
6) жер қойнауын пайдаланушының кадрлардың жергілікті қамтуының ең төмен үлесі жөніндегі міндеттемелері;
7) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі, оның ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, басым жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесіне енгізілген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша жергілікті қамту үлесі жөніндегі міндеттемелері;
8) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелері;
9) жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және ғылыми-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша міндеттемелері;
10) жер қойнауын пайдаланушының өндіру кезеңінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстары бойынша міндеттемелері;
11) жер қойнауын пайдаланушының және оның мердігерлерінің көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін сақтауы жөніндегі міндеттемелері;
12) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекспен келісімшарттық міндеттемелерге жатқызылатын көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша базалық жобалау құжаттары көрсеткіштерінің бұзылуын, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) оның мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін сақтауы бойынша міндеттемелерді бұзушылығын қоса алғанда, келісімшарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылығы;
13) жер қойнауын пайдалану құқығы берілген өзге де шарттар.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бұрын тоқтатылған және көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен сенімгерлік басқару шарты жасалған жер қойнауы учаскесіне келісімшарт жасалған жағдайда, жасалатын келісімшартта жаңа жер қойнауын пайдаланушының:
1) бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға осы Кодекстің 119-бабының 19-тармағына сәйкес берілген мүліктің құнын өтеу мөлшері мен мерзімдері бойынша;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сенімгерлік басқару шартына сәйкес сенімгерлік басқарушыға жұмсалған шығындарды өтеу, сондай-ақ оған сыйақы төлеу мөлшері мен мерзімдері бойынша міндеттемелері қамтылуға тиіс.
4. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі онда ретімен бекітілген барлау кезеңімен, дайындық кезеңімен (қажет болғанда) және өндіру кезеңімен айқындалады.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі онда ретімен бекітілген дайындық кезеңімен және өндіру кезеңімен айқындалады.
Уран өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі онда ретімен бекітілген тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңімен және өндіру кезеңімен айқындалады.
5. Барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін құзыретті орган еңсерілмейтін күш мән-жайларының қолданылу мерзіміне, егер жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай мән-жайлар туралы дәлелдерді ұсынатын болса, ұзартады.
6. Келісімшарт қазақ және орыс тілдерінде жасалады. Келісімшарт тараптарының келісімі бойынша келісімшарттың мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
7. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушының кәсіпкерлік қызметінің нәтижелерін нашарлататын Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер және толықтырулар осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттарға қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген кепілдіктер ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, экологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық салу, кедендік реттеу және бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістерге қолданылмайды.
8. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының құқығы болып табылады.
37-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу тараптардың келісімшартқа толықтыру жасауы арқылы жүргізіледі.
2. Келісімшартқа толықтыру мынадай жағдайларда:
1) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін – жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығы;
заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері өзгерген;
2) құзыретті орган туралы мәліметтер өзгерген;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес ауысқан;
4) өндіру учаскесі (учаскелері) және дайындық кезеңі (дайындық кезеңдері) бекітіліп берілген;
5) өндіру учаскесін (учаскелерін) және кезеңін (кезеңдерін) немесе өндіру кезеңін (кезеңдерін) бекіткен;
6) барлау немесе өндіру кезеңі (кезеңдері) ұзартылған;
7) жер қойнауы учаскесі (учаскелері) ұлғайтылған немесе азайтылған;
8) жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бөліп шығарылған;
9) стратегиялық жер қойнауы учаскелеріне қатысты – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделері өзгертілген жағдайларда жасалады.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда келісімшартқа толықтыру жасасу жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі, ол:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауын;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күнін;
3) жер қойнауын пайдаланушы туралы өзгертілетін мәліметке нұсқауды қамтуға тиіс.
4. Өтінішке қосымша түрде мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметке өзгерістер енгізу қажеттілігін растайтын құжаттар;
2) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметке өзгерістер енгізуді көздейтін жер қойнауын пайдаланушы қол қойған келісімшартқа толықтыру.
5. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтініш иесімен келісімшартқа толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді немесе толықтыру жасасудан бас тартады.
6. Құзыретті орган, егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, толықтыру жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның толықтыру жасасудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
7. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда келісімшартқа толықтыру жасау құзыретті органның бастамасы бойынша жүргізіледі.
8. Осы баптың 2) тармағының 3) – 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшартқа толықтыру жасау осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
38-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын тоқтату
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) келісімшарт жасалған мерзім өткен, оның ішінде егер:
барлау кезеңі аяқталғанға дейін келісімшартқа дайындық кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуді көздейтін толықтыру жасалмаған;
дайындық кезеңі аяқталғанға дейін келісімшартқа өндіру кезеңін бекітуді көздейтін толықтыру жасалмаған;
2) келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының жалғыз иегері болып табылатын тұлға қаза болған (оның ішінде оны қайтыс болды деп жариялаған), егер мұндай жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған;
3) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
4) келісімшарт қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе ол жарамсыз деп танылған;
5) тараптардың келісімі бойынша келісімшарт бұзылған;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Кодекске сәйкес жер қойнауы учаскесін пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдаған;
7) жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт жасалған барлық жер қойнауы учаскесінен (барлық учаскелерден) бас тартқан (қайтарған) жағдайларда тоқтатылады.
2. Құзыретті орган осы Кодексте көзделген негіздер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
39-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жарамсыздығы және оның жарамсыздығының салдары
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жарамсыз деп тануға мыналар негіз болып табылады:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта осы Кодексте белгіленген міндетті шарттардың болмауы;
3) құзыреттi органға оның осы тұлғамен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы шешiмiне әсер еткен көрiнеу анық емес ақпарат беру фактісінің анықталуы;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер.
2. Жарамсыз деп танылған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, оның жарамсыздығымен байланысты және жасасқан кезден бастап жарамсыздығын қоспағанда, құқықтық салдарға алып келмейді.
Келісімшартты жарамсыз деп тану жер қойнауын пайдаланушыны жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою жөніндегі міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
3. Сот тәртібімен шартты жарамсыз деп тану не бұзу негізінде жүзеге асырылған жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресімдеу нақ сол келісімшарттың емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай беруге байланысты жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жарамсыздығына алып келеді.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жарамсыз деп тану осындай келісімшарттың негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығы солардың нысанасы болып табылатын барлық кейінгі мәмілелердің жарамсыздығына алып келеді.
5-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ОБЪЕКТІЛЕРДІҢ АУЫСУЫ
40-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы
1. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) басқа тұлғаға азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің):
1) қолданылуының алғашқы жылында пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша;
3) кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша ауысуына тыйым салынады.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны қайта ресімдеу немесе тиісінше, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгеріс енгізу арқылы жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны қайта ресімдеу немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгеріс енгізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алушы жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасқан мемлекеттік органға өтінішпен жүгінеді.
Өтінішке:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы соның негізінде алынатын құжаттың түпнұсқасы;
2) жер қойнауын пайдалану құқығын алушы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар:
жеке тұлғалар үшін – өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін – өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын заңды тұлғалар, иемденушіні тікелей немесе жанама түрде бақылайтын мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және жеке тұлғалар туралы мәліметтер;
3) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге, уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша не пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміттенетін тұлғаларға қойылатын осы Кодекс талаптарына иемденушінің сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріледі.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда өтінішке өтініш иесі қол қойған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтырудың жобасы қоса беріледі.
Осы Кодекстің 44-бабына сәйкес берілетін рұқсатпен жер қойнауын пайдалану құқығы алынған жағдайда, алушы туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың орнына алушы өтінішке өзі туралы мәліметтердің көрсетілген рұқсатты алу үшін өзі ұсынған мәліметтермен салыстырғанда өзгермегені туралы жазбаша растауды қоса беруге құқылы.
Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға беретін болса, оған қоса берілетін құжаттар дұрыстығын нотариус куәландырған әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, өзге тілде жасалуы мүмкін.
Мемлекеттік орган лицензияны қайта ресімдеуді жүргізеді немесе жер қойнауын пайдалану құқығын алушымен келісімшартқа толықтыруды жасасады не өтініш келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа толықтыру жасасудан уәжді бас тартуды береді.
4. Мемлекеттік орган мынадай жағдайларда:
1) өтініш осы баптың 3-тармағының талаптарына сәйкес келмегенде;
2) жер қойнауын пайдалану құқығының ауысу шарттары берілген рұқсатқа сәйкес келмегенде, егер мұндай ауысу осындай рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылса;
3) жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуына рұқсат болмағанда, егер мұндай рұқсат осы Кодекске сәйкес талап етілсе;
4) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды немесе салынған әкімшілік жазаларға сәйкес жекелеген жұмыс түрлерін жүргізуге тыйым салынған жер қойнауы учаскесі бойынша жүзеге асырылса;
5) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуына осы Кодекспен тыйым салынса;
6) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттар ережелерінің бұзылуына алып келетін болса, лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тартады.
Лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тартуға жер қойнауын пайдалану құқығын алушы бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасындағы негіздер бойынша лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тарту жер қойнауын пайдалану құқығын алушыны лицензияны қайта ресімдеуге немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуге арналған өтінішпен қайта жүгіну құқығынан айырмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларындағы негіздер бойынша лицензияны қайта ресімдеуден немесе келісімшартқа өзгерістер енгізуден бас тарту өтініш иесін жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуына рұқсат беруге арналған өтінішпен қайта жүгіну құқығынан айырмайды.
41-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер ұғымы
1. Қатысу үлестері, пайлар, акциялар және үлестік қатысудың басқа да нысандары, сондай-ақ көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша, уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы меншік құқығын растайтын не акцияларға, қатысу үлестеріне, пайларға және үлестік қатысудың басқа да нысандарына айырбасталатын бағалы қағаздар жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылады.
Қатысу үлестері, пайлар, акциялар және үлестік қатысудың басқа да нысандары, сондай-ақ меншік құқығын растайтын не осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлға қабылдайтын шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау мүмкіндігі бар заңды тұлғадағы немесе өзге де ұйымдағы акцияларға, үлестерге, пайларға және қатысу үлесінің басқа да нысандарына айырбасталатын бағалы қағаздар да жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер деп танылады.
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін:
1) Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында және (немесе) шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын биржа қорында айналымда жүрген, базалық активі акциялар болып табылатын туынды қаржы құралдарын қоса алғанда, акциялар және басқа да бағалы қағаздар;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген бағалы қағаздарды тікелей немесе жанама түрде иеленетін заңды тұлғалардағы және ұйымдардағы акциялар, қатысу үлестері, пайлар және үлестік қатысудың басқа да нысандары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып танылмайды.
3. Егер заңды тұлға немесе ұйым осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды және үлестік қатысулардың басқа да нысандарын бір мезгілде иеленсе, осындай тұлғадағы немесе ұйымдағы акциялар, қатысу үлестері, пайлар және үлестік қатысулардың басқа да құралдары жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер деп танылады. Бұл ретте осы баптың мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге ие заңды тұлғаның немесе өзге де ұйымның шешімін тікелей немесе жанама түрде айқындау мүмкіндігін белгілеу үшін осы баптың 2-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылмайтын акциялар, қатысу үлестері, пайлар және үлестік қатысудың басқа да нысандары ескерілмейді.
42-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы
1. Мыналар:
1) өтемді не өтеусіз азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде, оның ішінде заңды тұлға таратылған жағдайда оларды иеліктен шығару, сондай-ақ оларды салым ретінде заңды тұлғаның немесе өзге де ұйымның жарғылық капиталына енгізу;
2) жер қойнауын пайдаланумен байланысты объектілерден, оның ішінде кепілге салу кезінде өндіріп алу;
3) жаңа қатысушыны, пайшыны қабылдау немесе акцияларды орналастыру нәтижесінде жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге құқықтың туындауы;
4) заңды тұлға қайта құрылған кезде тапсыру актісі немесе бөлу теңгерімі негізінде жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы;
5) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің мұрагерлік тәртіппен ауысуы;
6) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығару жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы деп танылады.
Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығару деп Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында және (немесе) шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасында осындай объектілерді сатып алу туралы ұсыныс жасау және (немесе) Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында және (немесе) шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасында акцияларды орналастыру танылады.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алған немесе жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды айналымға шығаруды жүзеге асырған тұлға құзыретті органды жүзеге асырылған сатып алу туралы немесе тиісінше, жүзеге асырылған айналымға шығару туралы сатып алу немесе осындай айналымға шығару күнінен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде хабардар етуге міндетті.
3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін қатысу үлестері, акциялар, пайлар және үлестік қатысулардың басқа да құралдары иесінің өзгеруі не соттың шешімі, заң бойынша мұрагерлік, қатысу үлесін өтеу, тәркілеу және өзге де оқиғалар немесе мемлекеттік органдардың, үшінші тұлғалардың құқық қатынастары субъектісінің еркіне байланысты емес әрекеттері негізінде олардың арақатынасының өзгеруі жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы деп танылмайды.
43-бап. Мемлекеттің басым құқығы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған жаңадан жасалатын және бұрын жасалған келісімшарттарда мемлекеттің Қазақстан Республикасы заңдарының немесе шарттың негізінде басым құқықтарға ие тұлғаларды және ұйымдарды қоса алғанда, кез келген тұлғалар мен ұйымдар алдында стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдаланудың иеліктен шығарылатын құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), сондай-ақ ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығарылатын, стратегиялық жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды сатып алуға арналған басым құқығы болады.
2. Мыналар:
1) елу миллион тоннадан астам көлемде мұнайдың немесе он бес миллиард текше метрден астам – табиғи газдың геологиялық қорлары бар;
2) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан;
3) уран кен орны бар жер қойнауы учаскесі стратегиялық жер қойнауы учаскесі болып табылады.
Жер қойнауының стратегиялық учаскелерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері осы Кодекстің 44-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
44-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат беру
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия немесе өндіруге арналған лицензия, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы құзыретті органның осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілетін рұқсатымен жүзеге асырылады.
2. Құзыретті органның осы баптың 1-тармағында көзделген рұқсаты мынадай жағдайда:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы жер қойнауын пайдаланушыға немесе тиісінше, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің меншік иесіне тиесілі еншілес ұйымның пайдасына, осындай еншілес ұйым салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер ұйымдар арасында, оның ішінде әрқайсысындағы қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы бір ғана тұлғаға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру нәтижесінде құқықтық мирасқорлық тәртібімен, жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алушы салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлғадағы немесе тиісінше жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер иелеріндегі қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі тұлғаның немесе ұйымның пайдасына, иемденуші салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;
4) егер жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алушыдағы қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың немесе үлестік қатысудың басқа да нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы бір ғана тұлғаға тікелей немесе жанама түрде тиесілі болса, жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдаланумен байланысты объектілер таратылатын заңды тұлғаның мүлкін бөлу нәтижесінде, иемденуші салық салу жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, ауысқан;
5) егер жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын қатысу үлестерінің, пайлардың, акциялардың ауысуы нәтижесінде тұлға жер қойнауын пайдаланушының-заңды тұлғаның және (немесе) жер қойнауын пайдаланушының-заңды тұлғаның шешіміне тікелей және (немесе) жанама түрде ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның немесе өзге де ұйымның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің, пайларының, акцияларының бір пайыздан кемін иеленуші болса, осындай ауысу жағдайында;
6) акцияларды орналастыруды, сондай-ақ бұрын сатып алынған акцияларды немесе заңды тұлғаның акцияларына айырбасталатын бағалы қағаздарды сатуды қоса алғанда, егер осындай әрекеттер нәтижесінде қатысу үлестерінің қатысушыларына, пай ұстаушыларға немесе жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акциялар және акцияға айырбасталатын басқа да бағалы қағаздар акционерлеріне тиесілі пайыздық арақатынас өзгермесе, жарғылық капиталдың мөлшері өзгерген;
7) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер тараптарының біреуі Қазақстан Республикасының Үкіметі, мемлекеттік орган, ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания болып табылатын мәміле бойынша ауысқан;
8) мемлекеттік кәсіпорындардың мүліктік кешендерін жекешелендіру процесінде жүзеге асырылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығарған;
9) заңды тұлға қайта құрылған кезде жер қойнауын пайдалану құқығы, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер тапсыру актісінің негізінде құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысқан;
10) жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер мұрагерлік тәртіппен ауысқан;
11) эмитент өзінің қатысу үлестерін, пайларын, акцияларын және үлестік қатысудың басқа да нысандарын, сондай-ақ меншік құқығын растайтын немесе жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларға, үлестерге, пайларға және үлестік қатысудың басқа да нысандарына айырбасталатын бағалы қағаздарды сатып алған;
12) меншік құқығын растайтын не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларға, үлестерге, пайларға және үлестік қатысудың басқа да нысандарына айырбасталатын бағалы қағаздар шығарылған, бұрын жоғарыда аталған акциялардың, үлестердің, пайлардың және үлестік қатысудың басқа да нысандарының меншік иесі болған тұлға шығарылатын бағалы қағаздардың меншік иесі болып қалғанда;
13) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер меншік құқығын растайтын не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын қатысу үлестеріне, пайларға, акцияларға және үлестік қатысудың басқа да нысандарына айырбасталатын бұрын шығарылған бағалы қағаздардың орнына сатып алынған;
14) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын бағалы қағаздарды ұстаушылар акциялары, үлестері, пайлары және үлестік қатысудың басқа да нысандары осындай жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын ұйым акционерлерінің немесе қатысушыларының жалпы жиналысына қатысқан жағдайда талап етілмейді.
3. Осы тараудың мақсаты үшін жер қойнауын пайдаланушыларға:
1) құзыретті органмен жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған тікелей келіссөздерге көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның стратегиялық серіктесі ретінде қатысатын ұйымдар;
2) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға жіберілген ұйымдар;
3) пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру мәселесін қарау кезінде құзыретті органның мемлекеттік сараптамалар жүргізу немесе жобалау құжаттарын келісу қажеттігі туралы хабарламасын алған ұйымдар да теңестіріледі.
4. Құзыретті органның рұқсатынсыз, сол сияқты рұқсаттың қолданылу мерзімі өткеннен кейін жасалған, жер қойнауын пайдалану құқығының, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы бойынша мәмілелер маңызсыз болады.
45-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат беру тәртібі
1. Жер қойнауын пайдалануға келісімшарт, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия немесе өндіруге арналған лицензия, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия негізінде туындаған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алу ниеті бар тұлғалар құзыретті органға рұқсат беру туралы өтініш жолдайды.
2. Рұқсат беру туралы өтініш:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алу ниеті бар тұлға (ұйым) туралы мәліметтерді:
жеке тұлғалар үшін – сатып алушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жерін, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжаттары туралы мәліметтерді;
заңды тұлғалар үшін – сатып алушының атауын, оның орналасқан жерін, оның мемлекеттік тиесілігін көрсетуді, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді, басшылары және олардың өкілеттіктері туралы мәліметтерді, өтініш иесі қабылдайтын шешімдерді тікелей немесе жанама түрде айқындауға мүмкіндігі бар тұлғалар, ұйымдар және мемлекеттер туралы мәліметтерді;
2) алынатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге нұсқауды;
3) жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектінің ауысу негізін;
4) жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) сатып алу ниеті бар тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алушыларға қойылатын осы Кодекс талаптарына сәйкестігін растайтын оның қаржылық және техникалық мүмкіндіктері туралы мәліметтерді;
5) өтініш иесінің өтініште және оған қоса берілетін құжаттарда өзі туралы көрсетілген барлық мәліметтердің анық екендігі туралы жазбаша растауын;
6) өтініш иесінің атынан өтінішке қол қойған тұлғаның тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаты туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды және басқа да бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруға арналған рұқсатты беру туралы өтініш:
1) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акциялары немесе басқа да бағалы қағаздары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруға жататын эмитент-ұйымның толық атауын;
2) ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруға жататын, өзімен байланысты акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың соған қатысы бар жер қойнауы учаскесін көрсетуді;
3) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акциялары немесе басқа да бағалы қағаздары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруға жататын эмитент-ұйымның жарғылық капиталының мөлшері туралы мәліметтерді;
4) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында шығаруға жататын бағалы қағаздар, оның ішінде ұйымның туынды бағалы қағаздары, олардың базалық активтері немесе үлестік қатысудың басқа да нысандары туралы мәліметтерді (түрі мен жалпы саны);
5) андеррайтер туралы мәліметтерді (олар болған кезде);
6) листинг жүзеге асырылатын ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы туралы мәліметтерді;
7) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруға жататын акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың саны туралы мәліметтерді;
8) өтініш иесінің өтініште және оған қоса берілетін құжаттарда өзі туралы көрсетілген барлық мәліметтердің анық екендігі туралы жазбаша растауын;
9) өтініш иесінің атынан өтінішке қол қойған тұлғаның тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаты туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруға рұқсат беру туралы өтінішті олар қосымша эмиссия (шығару) шеңберінде орналастырылған жағдайда эмитент береді, ал ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға шығаруды осы акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың ұстаушысы жүргізгенде – осындай ұстаушы береді.
4. Осы Кодекстің мемлекеттің басым құқығы туралы ережелерін қолданған жағдайда осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген мәліметтермен қатар рұқсат беру туралы өтініш жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы бойынша мәмілелердің бағасы туралы және оны төлеу тәртібі туралы мәліметтерді қосымша қамтуға тиіс.
5. Рұқсат беру туралы өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың түпнұсқалары не нотариат куәландырған көшірмелері қоса беріледі. Өтінішке қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға беретін болса, мұндай құжаттар дұрыстығын нотариус куәландырған әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, өзге тілде де жасалуы мүмкін.
6. Құзыретті орган өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды бір ай ішінде, ал ірі кен орындары және стратегиялық жер қойнауы учаскелері бойынша – үш ай ішінде қарайды.
Құзыретті орган өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының қарауына шығарады.
Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де жағдайларда рұқсат беру үшін өтініштерді қарау кезінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында құзыретті орган жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Сараптама комиссиясының құрамын және ол туралы ережені құзыретті орган бекітеді.
Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды он бес жұмыс күнінен аспайтын, ал ірі кен орындары және стратегиялық жер қойнауы учаскелері бойынша – қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
Құзыретті орган өтінішті жан-жақты және толық қарау мақсатында өтініш иесінен ұсынымдар әзірлеу үшін қажетті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды сұратуға құқылы.
Қосымша мәліметтер және (немесе) құжаттар сұратылған жағдайда тиісті өтінішті қарау мерзімі осындай мәліметтер және (немесе) құжаттар ұсынылғанға дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.
Құзыретті орган жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының ұсынымдарын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш бойынша шешім шығарады.
7. Егер жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат беруге арналған өтініш пайдалы қатты қазбалардың ірі кен орнын қамтитын және (немесе) стратегиялық жер қойнауы учаскесі болып табылатын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығына қатысты берілсе не егер тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің болжалды ауысуы ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын болса, құзыретті орган осындай өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны ұлттық қауіпсіздік органдарына жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуын ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау үшін жібереді.
Егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғайтын болса, ұлттық қауіпсіздік органдары бұл туралы құзыретті органды өтінішті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабардар етеді. Бұл жағдайда құзыретті орган ұлттық қауіпсіздік органдарынан жер қойнауын пайдалану құқығы (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер ауысуының ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы растауды алғанға дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады. Құзыретті орган ұлттық қауіпсіздік органдарынан хабарлама алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш иесіне осындай тоқтата тұру туралы хабарлайды.
Құзыретті орган ұлттық қауіпсіздік органдарынан растауды алғаннан кейін өтінішті қарауды қайта бастайды.
8. Өтініш иесі өтінішті бергеннен кейін кез келген уақытта және құзыретті орган мәні бойынша шешім шығарғанға дейін оны кері қайтарып алуы мүмкін.
9. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
10. Құзыретті орган мынадай жағдайларда:
1) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталмауына, оның ішінде жер қойнауын пайдалану құқықтарының шоғырлануына алып келсе;
2) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде құқықтардың шоғырлануына алып келсе;
3) егер рұқсат беру туралы өтініш осы Кодекс талаптарына сәйкес келмесе;
4) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына осы Кодексте тыйым салынған болса;
5) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы қолданылған әкімшілік жазаға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды немесе жекелеген жұмыс түрлерін жүргізуге тыйым салынған жер қойнауы учаскесі бойынша жүзеге асырылатын болса;
6) мемлекет басым құқығын іске асыратын болса;
7) егер жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық келісімдердің ережелеріне сәйкес келмейтін болса, рұқсат беруден бас тартады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалану құқығының шоғырлануы деп бір тұлғаның немесе бір мемлекеттің тұлғалары тобының жер қойнауын пайдалану құқығындағы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердегі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін немесе төндіретін жиынтық үлеске ие болуы танылады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде құқықтардың шоғырлануы деп Қазақстан Республикасымен жасалған келісімшартта жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелерінің біреуінің осындай қатысушыға келісімшартқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушының қызметі бойынша шешімді айқындауға мүмкіндік беретін үлес шамасы түсініледі.
11. Рұқсат беруден бас тартуға өтініш иесі сот тәртібімен дау айтуы мүмкін. Осы баптың 10-тармағының 1) тармақшасына сәйкес рұқсат беруден бас тарту себептері түсіндірілместен ресімделеді.
12. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуына рұқсат жер қойнауын пайдалану құқығындағы берілетін үлестің және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің шекті көлемін, сондай-ақ сатып алушы тұлғаға нұсқауды қамтуға тиіс.
Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер болып табылатын акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздарды айналымға шығаруға рұқсат шығаруды жүзеге асыру жоспарланатын ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығын көрсетуді және бір немесе бірнеше мәміле жасасу арқылы оның шегінде шығару жүзеге асырылуы мүмкін акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың санын қамтуға тиіс.
Осы Кодекстің мемлекеттің басым құқығы туралы ережелері қолданылған жағдайда рұқсат жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы бойынша мәмілелердің бағасын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алу бойынша мәмілелердің бағасын және оларды төлеу тәртібін қосымша қамтуға тиіс.
13. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуына рұқсат бір жыл мерзімге беріледі. Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы көрсетілген мерзімде жүзеге асырылмаған жағдайда өтініш иесі құзыретті органға жаңа рұқсат беру жөнінде жүгінеді.
46-бап. Мемлекеттің басым құқығын іске асырудың тәртібі
1. Қазақстан Республикасының мүдделері үшін басым құқық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті органның шешімі негізінде ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания арқылы іске асырылады.
2. Басым құқықты іске асыру туралы мәселе осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағында көзделген рұқсат беру туралы мәселені қараумен қатар құзыретті органның қарауына жатады. Басым құқықты іске асыру туралы мәселені қарау және ол бойынша шешім қабылдау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
Мемлекеттің басым құқығын іске асыруы туралы мәселені қараған кезде тұлғаның құзыретті органға жіберген өтініші құзыретті органға берілгеннен кейін үш ай ішінде кері қайтарып алуға немесе қайта қарауға жатпайды.
Егер өтінішті қарау кезеңінде жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысу бағасы туралы немесе оны төлеу тәртібі туралы шарттар өзгеретін болса, өтініш иесі құзыретті органды осындай өзгеріс туралы жазбаша хабардар етеді. Бұл жағдайда өтінішті қарау мерзімі хабарланған күннен бастап қайта есептеледі. Мұндай хабарлама болмаған жағдайда құзыретті орган бастапқыда өтініште көрсетілген, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысу бағасы туралы және оны төлеу тәртібі туралы шарттарды ескере отырып, өтінішті мәні бойынша қарайды.
Мемлекеттің басым құқығын іске асыруы туралы шешім қабылданған жағдайда құзыретті орган ұлттық басқарушы холдингті немесе ұлттық компанияны иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді мемлекет мүддесінде сатып алушы ретінде айқындайды.
3. Мемлекеттің басым құқығын іске асыруы туралы құзыретті органның шешімі негізінде ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) иеліктен шығару және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуы бойынша әрекеттер жүргізуге ниеттенген тұлғаға басым құқықты іске асыру тәртібі мен мерзімі туралы келіссөздерді бастау туралы ұсыныспен шығады.
Ұлттық басқарушы холдингтің немесе ұлттық компанияның жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді мемлекеттің басым құқығын іске асыру мақсатында сатып алуы осы баптың 2-тармағының үшінші бөлігінде көзделген, берілген өтініште немесе хабарламада көрсетілгеннен нашар болмайтын баға және оны төлеу шарттары бойынша жүзеге асырылады.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өтеусіз негіз бойынша иеліктен шығарған жағдайда немесе оларды заңды тұлғаның жарғылық капиталына енгізген жағдайда мемлекеттің басым құқығын іске асыру кезінде оларды сатып алу Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын нарықтық баға бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекеттің басым құқығын іске асырған кезде сатып алу бағасымен келіспеген жағдайда өтініш иесі бағалау нәтижелеріне сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
47-бап. Жер қойнауын пайдаланушыны бақылаудың өзгеруі туралы хабарлама
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның немесе өндіруге арналған лицензияның негізінде туындаған, жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығының үлесіне) ие жер қойнауын пайдаланушы осындай жер қойнауын пайдалану құқығын берген мемлекеттік органды жер қойнауын пайдаланушының қызметін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамының өзгергені туралы осындай өзгеріс болған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар етуге міндетті.
2. Хабарламада:
1) бақылауды жоғалтқан немесе алған тұлға, мемлекет немесе ұйым туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін – иемденушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы;
заңды тұлғалар үшін – атауы, орналасқан жері, мемлекеттік тиесілігін көрсету;
мемлекет үшін – мемлекеттің толық атауы, мемлекеттің мүдделерін білдіретін мемлекеттік органның атауы және орналасқан жері;
2) бақылаудың нысаны және тәсілі, сондай-ақ бақылауды жоғалту немесе иелену негізі қамтылуға тиіс.
3. Хабарлама құзыретті орган бекітетін нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
4. Хабардар етілуге жататын мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушыдан хабарламада көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды (құжаттардың түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшірмелерін) сұратуға құқылы.
5. Осы Кодекстің мақсаттары үшін тікелей бақылау мынадай шарттардың (бақылау тәсілдерінің) ең болмаса біреуінің болуын:
1) заңды тұлғаға немесе өзге ұйымға қатысу құқығының жиырма бес пайыздан астамын иеленуді (қатысу үлесіне құқық, акцияларға, пайларға және меншік құқығын растайтын немесе акцияларға немесе пайларға ауыстырылатын бағалы қағаздарды қоса алғанда, үлестік қатысудың басқа да нысандары);
2) ұйымның жоғары басқару органында барлық дауыстың жиырма бес пайыздан астамымен дауыс беру құқығына ие болуды;
3) жер қойнауын пайдаланушының бөлінетін таза кірісінің жиырма бес пайыздан астамын алуды;
4) шартқа сәйкес немесе Қазақстан Республикасы заңының негізінде басқа ұйымның шешімін айқындау құқығына ие болуды білдіреді.
Жанама түрде бақылау тұлғаның, ұйымның өз араларында тікелей бақылау болатын үшінші ұйым (үшінші ұйымдар) арқылы басқа ұйымды бақылау мүмкіндігін білдіреді.
48-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығына салынатын ауыртпалық
1. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында сенімгерлік басқаруға беру туралы талап белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға беруге тыйым салынған.
3. Ауысуына осы Кодексте тыйым салынған жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) ауыртпалық салуға жол берілмейді.
4. Осы Кодексте тыйым салынбаған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) кепілі құзыретті органда мемлекеттік тіркеуге жатады.
Осы тармақта көзделген жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесінің) кепілі мемлекеттік тіркеу күнінен бастап туындайды.
Жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) кепілін тіркеу "Жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
5. Жер қойнауын пайдалану құқығынан (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестен) өндіріп алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер кепілінің, сондай-ақ кепіл нысанасы тұрғысынан өндіріп алудың ерекшеліктері осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленеді.
6-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ОПЕРАТОР
49-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы оператор
1. Жер қойнауын пайдаланушы құрған немесе айқындайтын, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының өкілі ретінде әрекет ететін заңды тұлға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялар бойынша оператор болып табылады.
2. Тиісті келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын тұлға оператор болып тағайындалмайды.
3. Оператор мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы қатынастар қарапайым жазбаша нысанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия мерзімінен аспайтын мерзімге жасалатын олардың арасындағы келісіммен реттеледі.
Көрсетілген келісімнің қарапайым жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.
4. Осы тараудың күші осы Кодекстің 150-бабының ережелерінде көзделген кен орындарын бірлесіп игеру шеңберінде басқарушы компанияның қызметіне қолданылмайды.
50-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы операторды тағайындау тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану саласындағы операторды тағайындағаны туралы құзыретті органды жазбаша хабардар етеді. Мұндай хабарламаға оператор мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы келісімнің нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
2. Құзыретті органды хабардар еткен кезге дейін оператор тағайындалған деп есептелмейді.
3. Бір келісімшарт немесе лицензия бойынша бір ғана оператор тағайындалуы мүмкін.
4. Оператордың өкілеттіліктері тоқтатылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы ол жөнінде құзыретті органды тез арада хабардар етуге міндетті.
51-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы оператордың жауаптылығы
1. Оператордың әрекеттері нәтижесінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия талаптарын бұзғаны үшін жер қойнауын пайдаланушы жауаптылықта болады.
2. Жер қойнауын пайдаланушының мүдделерін білдіруге байланысты туындаған оператор міндеттемелері бойынша жер қойнауын пайдаланушы ортақ жауаптылықта болады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде оператор үшінші тұлғаларға зиян келтірген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оператордың өз өкілеттіктерін асырып әрекет жасағанын сылтау етуге құқылы емес.
ІІІ БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚАУІПСІЗ ПАЙДАЛАНУ
7-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӨНІНДЕГІ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖҮРГІЗУ КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ТАЛАПТАР
52-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі экологиялық қауіпсіздік
1. Өндірістік және өзге де объектілерді болжауды, жоспарлауды және жобалауды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жер қойнауының экологиялық жай-күйі шекті жол берілетін эмиссияларды нормалаумен, жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті немесе оның жекелеген түрлерін шектеумен немесе оларға тыйым салумен қамтамасыз етіледі.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның келісуінсіз жер қойнауын пайдалануға тыйым салынады.
53-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік
1. Өндірістік және өзге де объектілерді жобалауды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидалар мен нормалардың сақталуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу мен оларды жою және кәсіптік аурулардың профилактикасы бойынша іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
3. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, жеке және заңды тұлғаларға материалдық шығын келтіру қатерін төндіретін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сараптаманың оң қорытындысынсыз жер қойнауын пайдалануға тыйым салынады.
5. Жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде:
1) жұмыскерлердің жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидалар мен нормаларды зерделеуі және орындауы, сондай-ақ авариялардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және өткізу;
2) жұмыскерлердің өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтата тұру, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және қауіпті анықтау үшін қажетті іс-шараларды өткізу;
3) қауіпсіздік қағидалары мен нормаларының және санитариялық нормалардың талаптарына сай келетін күйде машиналарды, жабдықтар мен материалдарды пайдалану, ғимараттар мен құрылысжайларды күтіп ұстау;
4) жарылғыш материалдар мен қауіпті химиялық заттарды есепке алу, тиісті түрде сақтау және тасымалдау, сондай-ақ оларды дұрыс және қауіпсіз пайдалану;
5) кеніштік атмосфераның құрамын жақсартуды, тау-кен жұмыстарын жүргізу және кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану технологиясын жетілдіруді көздейтін арнайы кешенді ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды озық практиканы ескере отырып әзірлеу және жүзеге асыру;
6) судың кенеттен бұзып өтуін, газдың ауаға шығуын, пайдалы қазбалар мен жыныстардың атқылауын, сондай-ақ тау-кен соққысын болжау жәнеолардың алдын алу жөніндегі арнайы іс-шараларды жүзеге асыру;
7) техникалық құжаттаманы және авариялар салдарын жою жоспарларын жұмыстарды қауіпсіз жүргізу аймақтарының шекараларын нақтылайтын деректермен уақтылы толықтыру;
8) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындау қамтамасыз етілуге тиіс.
8-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛДАРЫН ЖОЮ
54-бап. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою туралы жалпы ережелер
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдаланушы өзіне берілген жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюға міндетті.
2. Өндірістік объектілерді және жер учаскелерін халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйге келтіру, қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін іс-шаралар кешені жер қойнауын пайдалану салдарын жою болып табылады.
3. Жою осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқықтары тоқтатылған жер қойнауы учаскелерінде жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жер қойнауы учаскесінің бір бөлігін пайдалану құқығын тоқтату, сондай-ақ жою жөніндегі жұмыстар көлемін азайту (прогрессивті жою) мақсатында жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін жүргізілуі мүмкін.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуын тоқтату жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді тоқтатуға алып келмейді.
5. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою ерекшеліктері олардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалады.
55-бап. Жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қаржыландыру
1. Жою жер қойнауын пайдаланушының немесе жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия немесе келісімшарт тоқтатылғанға дейін тікелей жер қойнауын пайдаланушы болған тұлғаның есебінен жүргізіледі.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдаланушы жою бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуға міндетті. Мұндай қамтамасыз етуді ұсыну жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындаудан босатпайды.
3. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының пайдасына жүзеге асырылады.
Жою жөніндегі міндеттеме осы Кодекске сәйкес белгіленген мерзімде орындалмаған (тиісінше орындалмаған) жағдайда, ұсынылған қамтамасыз ету сомасын келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының пайдасына өндіруге тиіс.
Егер тиісті қамтамасыз ету сомасы жоюдың тиісті жобасы бойынша шығыстарды жабу үшін жеткіліксіз болса, мемлекет жеткіліксіз соманы жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды жүзеге асыруға міндетті болған тұлғаның мүлкінен алуға құқылы.
4. Жер қойнауын пайдаланушының жою жөніндегі міндеттемелерді орындауы кепілдікпен, банктік салым кепілімен және (немесе) сақтандырумен қамтамасыз етілуі мүмкін.
5. Қамтамасыз ету әрбір жер қойнауы учаскесі бойынша жеке-жеке беріледі.
Жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды талап ететін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды осы Кодекске сәйкес ұсынылатын қамтамасыз етусіз жүргізуге тыйым салынады.
6. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) үшінші тұлғаға иеліктен шығаруы оны жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) алушы осы Кодекске сәйкес айқындалған мөлшерде қамтамасыз етуді ұсынғанға дейін жою жөніндегі міндеттемелерден босатпайды.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушы ұсынған қамтамасыз ету онымен байланысты болмайтын себептермен осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмейтін болып қалса немесе тоқтатылса, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік алпыс күн ішінде мұндай қамтамасыз етуді айырбастауға міндетті. Егер көрсетілген мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушы осындай айырбастауды жүргізбеген болса, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тез арада тоқтата тұруға міндетті. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға қамтамасыз етуді қалпына келтіргеннен немесе айырбастағаннан кейін ғана жол беріледі.
56-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі кепілдік
1. Кепілгер кепілдікке орай Қазақстан Республикасының алдында осы Кодекске сәйкес айқындалатын ақшалай сома шегінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемесін осы Кодекске сәйкес толық немесе ішінара орындауы үшін жауап беруге міндеттенеді.
2. Екінші деңгейдегі банк, шетелдік банк не акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын ұйым кепілгер бола алады. Егер шетелдік банк немесе акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын ұйым кепілгер болса, мұндай кепілгерлер шетелдік валютадағы ең төмен жеке кредиттік рейтинг бойынша құзыретті орган айқындайтын шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Банктің осы бапқа сәйкес өзі берген кепілдік бойынша міндеттемесі жою аяқталғаннан кейін тоқтатылады.
4. Кепілдік құзыретті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Шетелдік тұлға берген кепілдік міндетті түрде қазақ және орыс тілдеріне аударылып, шет тілде жасалуы мүмкін, оның дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс.
57-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі банктік салым кепілі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жою жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда, банктік салым кепіліне орай Қазақстан Республикасының кепілге салынған банктік салым сомасынан, жер қойнауын пайдаланушының басқа кредиторлары алдында басымдықпен қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Осы бапқа сәйкес екінші деңгейдегі банкте орналастырылған банктік салым ғана кепіл нысанасы бола алады.
3. Салым теңгемен немесе шетел валютасымен енгізілуі мүмкін.
4. Қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымның мөлшеріне қойылатын талаптар осы Кодексте белгіленеді.
5. Қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымды қайта кепілге қоюға тыйым салынады.
6. Заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушының банкроттығын қоса алғанда, оны таратқан жағдайда кепіл нысанасы конкурстық массаға қосылмайды, ал кепіл ұстаушы жер қойнауын пайдаланушының өзге мүлкінің есебінен өз талаптарын қанағаттандыруға қатысатын кредитор болып табылмайды.
58-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру
1. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі өз міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушы сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасуға құқылы, соған орай жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерін осы Кодексте көзделген тәртіппен орындамауы (сақтандыру жағдайы) сақтандыру сомасын Қазақстан Республикасының пайдасына (пайда алушы) төлеуге алып келеді.
2. Осы бапта көзделген сақтандыру қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
IV БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
9-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ЖҮЙЕСІ
59-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасының Үкіметі жер қойнауын пайдалану саласында:
1) жер қойнауын мемлекеттік меншік объектісі ретінде басқаруды ұйымдастырады, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзірлейді;
2) ұлттық қауіпсіздікті, халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілейді;
3) стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін бекітеді;
4) Конституцияда, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
60-бап. Құзыретті орган
Мемлекеттік саясатты іске асыру және Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы мүдделерін білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық атқарушы орган болып табылатын құзыретті органды айқындайды.
Құзыретті орган Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді және пайдалы қатты қазбалар мен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеу және бекіту;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
3) көмірсутектерді барлау мен өндіру, уран өндіру, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату;
4) жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектер және уран өндіру саласындағы келісімшарттардың, сондай-ақ пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіруге арналған лицензиялардың шарттарын сақтауын бақылау;
5) өзі берген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар және жасалған келісімшарттар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жасалған келісімшарттар және өзі берген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар шарттарының орындалу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсыну;
7) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың немесе лицензияның шарттарын орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіру;
8) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
61-бап. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган, уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды реттеу бойынша мемлекеттік саясатты:
1) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда, уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды реттеу саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2) уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы тәртібін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
3) жою жоспарының кешенді сараптамасын жүргізу;
4) барлау учаскесінде бір мың текше метрден асатын көлемде тау-кен массасын алуға және (немесе) топырақты ауыстыруға рұқсат беру;
5) уран өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды реттеу;
6) уранды және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операциялардың жүргізуіне мемлекеттік бақылау жасау;
7) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
62-бап. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган
Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган көмірсутектер саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) осы Кодексте көзделген жағдайларда көмірсутектер саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2) көмірсутектер саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту;
3) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеу;
4) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) жобалау құжаттары ережелерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
6) мұнайды және шикі газды өндіру мен олардың айналымының бірыңғай дерекқорын жүргізу;
7) ішкі нарық қажеттіліктерін мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде қайта өңдеу үшін мұнай беру графиктерін қалыптастыру;
8) теңізде және ішкі су айдындарында көмірсутектерді барлауды және (немесе) өндіруді жүргізу үшін пайдаланылатын теңіз объектілерін салумен орналастыруға рұқсаттар беру;
9) шикі газды алау етіп жағуға рұқсаттар беру;
10) көмірсутектерді өндірудің, өткізудің және тұтынудың ұлттық теңгерімін жүргізу;
11) көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы тәртібінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
12) азаматтық қорғаныс және сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы уәкілетті органдармен бірлесе отырып, теңізде, Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнай төгілуі салдарын жоюға арналған дайындықты және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жоспарын әзірлеу мен бекіту;
13) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
63-бап. Уран өндіру саласындағы уәкілетті орган
Уран өндіру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік саясатты:
1) осы Кодексте көзделген жағдайларда уран өндіру саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2) уран өндіру саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту;
3) уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеу;
4) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) уран өндіру жөніндегі жобалау құжаттары ережелерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
6) уран өндіру кезінде жер қойнауының ұтымды және кешенді пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
7) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы тәртібінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
8) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
64-бап. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын геологиялық зерттеу және жер қойнауы кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) жер қойнауын геологиялық зерттеуге және оның кеңістігін пайдалану үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
2) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу;
3) жер қойнауын геологиялық зерттеу және оның кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды реттеу;
4) жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларға, сондай-ақ оның кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) осы Кодекстің геологиялық ақпаратты есепке алу, сақтау, оның сақталуы мен анықтығы жөніндегі талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
6) құпия болып табылмайтын геологиялық ақпаратқа, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған, өздері берген лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
7) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың қолданыстағы объектілерін мемлекеттік есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу;
8) жер қойнауының мемлекеттік мониторингін, геологиялық ақпаратты жинауды және жинақтап қорытуды жүзеге асыру;
9) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;
10) жерасты сулары бөлігінде мемлекеттік су кадастрын жүргізуге қатысу;
11) мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын әзірлеуге қатысу;
12) тиісті координаттары мен жеке кодтары бар блоктарды сәйкестендіру картасын әзірлеу және бекіту;
13) пайдалануға берілетін жер қойнауы учаскелерінің шекараларын айқындау, геологиялық ақпаратты пайдалану және осы Кодексте көзделген басқа да мәселелер бойынша құзыретті органмен өзара іс-қимыл жасау және үйлестіру;
14) өздігінен ағып жататын иесіз және апаттық ұңғымаларды жою мен консервациялауды жүзеге асыру;
15) жер қойнауын геологиялық зерттеуге берілген лицензиялар бойынша жерасты суларына арналған іздестіру-бағалау жұмыстары жобаларына өзгерістерді келісу;
16) жерасты сулары учаскелері қорларының мемлекеттік сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу;
17) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда геология және жер қойнауын геологиялық зерттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
18) жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиялар шарттарын сақтауын бақылау;
19) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған уақыт және баға нормаларын бекіту;
20) жер қойнауын пайдаланушының балансына ұңғымаларды, технологиялық бірлікті қабылдау және беру;
21) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіментінің актілеріндекөзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
65-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға:
1) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу және кен іздеушілік үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру;
2) жер қойнауын пайдаланушылардың кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған, кен іздеушілікке арналған лицензиялар шарттарын сақтауына бақылау жасау және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге және кен іздеушілікке бақылау жасау;
3) жер қойнауын пайдаланушылардың кен іздеушілікке арналған лицензияда және осы Кодексте көзделген кен іздеушілік шарттарын сақтауына бақылау жасау;
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар беру және оларды резервке қою;
5) жер учаскесіне құқықтарды осы Кодекстің 108-бабына сәйкес жасалатын жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты негізінде сенімгерлік басқарушыға қайта ресімдеу;
6) пайдалы қазбалар жатқан аумақтарға құрылыс салуды реттеу, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерін және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерін есепке алуды жүргізу;
7) елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу;
8) өздері берген кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар және кен іздеушілікке арналған лицензиялар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асыру арқылы қатысады.
10-ТАРАУ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ХАБАРЛАУ
66-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауына бақылау
1. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауын бақылауды құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган) жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін құзыретті орган айқындайды.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдер және (немесе) лицензиялар шарттарын сақтауын бақылау жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу және (немесе) жер қойнауын пайдаланушыға, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және (немесе) лицензиялар шарттарына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару арқылы жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган) осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар ұсынған есептерді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу тәртібін құзыретті орган айқындайды.
67-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік органдар өз құзыреттеріне сәйкес мынадай салаларда:
1) жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласында;
2) көмірсутектер және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу саласында жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салалардағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту.
67-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 №
156-VI
Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін
2-б. 1-т. 3)
қараңыз).
67-1-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі осы Кодекстің 64-бабының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты жүргізеді.
Геологиялық зерттеудің, жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың учаскесі, сондай-ақ геологиялық ақпарат бақылау объектілері болып табылады.
2. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау субъектілеріне беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын геологиялық есептерді, өндірілген пайдалы қазбалар туралы есептерді және нормаланған ысыраптар туралы деректерді, сондай-ақ бақылау субъектісінің қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау арқылы жүргізіледі.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 68-бабында көзделген тәртіппен ақпараттық хатты (хабарламаны) ресімдейді және бақылау субъектісіне жібереді.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпараттық хатты (хабарламаны) алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Ақпараттық хатта (хабарламада) көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бақылау субъектісі ақпараттық хатты (хабарламаны) жіберген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне ақпараттық хат (хабарлама) табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймау, сол сияқты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде ұсынбау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Ескерту.
10-тарау 67-1-баппен толықтырылды - ҚР
24.05.2018 №
156-VI
Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін
2-б. 1-т. 3)
қараңыз).
68-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы хабарлама
1. Осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары жазбаша нысанда жасалатын хабарламалар және (немесе) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарындағы жарияланымдар арқылы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы хабардар етіледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекске сәйкес жолданатын хабарламада осы хабарлама жіберілген тұлға туралы мәліметтер, хабарлама жіберу үшін негіз, хабарламаның мазмұны, жіберуші туралы ақпарат, оның қол қоюы қамтылуға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес келмейтін хабарламаны жіберген тұлға, егер нақты мән-жайлар ескеріле отырып, осы сәйкессіздіктердің елеулі сипатта болмағынын дәлелдей алмаса, оның тиісті түрде жіберілгенін сылтау ету мүмкіндігінен айырылады.
Егер хабарламаны тұлғаның атынан және (немесе) мүдделерінде оның өкілі жіберген болса, хабарламада өкілдің өкілеттіктері туралы мәліметтер де қамтылуға тиіс. Осы бөліктің күші тиісті мемлекеттік органның құқықтық актілерінде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған лауазымдық өкілеттіктерге сәйкес әрекет ететін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қолданылмайды.
Хабарлама поштамен және (немесе) хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілуге тиіс.
Электрондық құжаттар нысанындағы немесе осы баптың 4-тармағына сәйкес электрондық байланыс құралдары пайдаланылатын хабарламалар жазбаша нысандағы хабарлама деп танылады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау, сондай-ақ мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастыру арқылы мемлекеттік органдардың белгісіз және (немесе) белгілі бір тұлғалар тобына арналған хабарлауы жүзеге асырылады.
Осындай хабарламаларда айтылатын оқиғалар, егер осы Кодексте өзгеше мерзім көзделмесе, жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күннен кейін туындауға тиіс.
4. Хабарлаулар ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып та жүзеге асырылуы мүмкін. Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып хабарлау тәртібін құзыретті орган айқындайды.
11-ТАРАУ. МЕМЛЕКЕТТІК ЖЕР ҚОЙНАУЫ ҚОРЫ
69-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару
1. Мемлекеттік жер қойнауы қоры Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі пайдаланылатын жер қойнауы учаскелерін, сондай-ақ пайдаланылмайтын жер қойнауын құрайды.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына, оны осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларға сәйкес мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
70-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын молайту мақсатында әзірленеді.
2. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы жер қойнауын пайдалану саласын дамыту перспективаларына талдау жасау негізінде және мыналар:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігі;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бекітілген құжаттары;
4) Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалардың тиісті түрлеріне және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдеріне қажетсінулері;
5) Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасын пайдалы қазбалардың түрлері бойынша толықтыру және ұлғайту қажеттілігі;
6) өңірлердің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары;
7) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтері;
8) бір тұлғаның немесе бір мемлекеттің тұлғалары тобының жер қойнауын пайдалану құқықтарындағы және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердегі жиынтық үлеске ие болуы туралы мәліметтер;
9) мемлекеттік жер қойнауы мониторингінің мәліметтері;
10) геологиялық ақпаратты жинақтап қорыту және талдау;
11) қолда бар инфрақұрылымның мүмкіндіктері ескеріле отырып әзірленеді.
3. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында:
1) шегінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланатын аумақтардың географиялық координаттары;
2) шегінде жер қойнауы учаскелері:
пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру үшін;
аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін берілетін аумақтардың географиялық координаттары;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер аумақтарының географиялық координаттары;
4) қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жерлердің, елді мекендер аумақтарының, су қоры жерлері аумақтарының географиялық координаттары;
5) жер қойнауын басқарудың мемлекеттік саясатын іске асыру үшін қажетті өзге де мәліметтер қамтылады.
Осы тармақтың 1) – 5) тармақшаларында көзделген мәліметтермен қатар, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін, сондай-ақ уранды немесе сирек кездесетін уранды кен орнында уранды барлау немесе өндіру үшін шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы ұлттық компанияға ғана берілуі мүмкін аумақты (аумақтарды) көрсету қамтылуы мүмкін.
4. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы көмірсутектерді барлау үшін берілетін жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды қамтиды.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізу кезінде құзыретті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалғандарға қарағанда, жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша неғұрлым жоғары болатын ең төменгі талаптарды белгілеуге құқылы.
5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, құзыретті орган мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалмаған аумақтарда пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды немесе көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелерін беруге құқылы емес.
71-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін есепке алу
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін есепке алу мақсатында:
1) Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу;
2) мемлекеттік жер қойнауы мониторингі;
3) геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, жүйеге келтіру, жинақтап қорыту және талдау жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауының жай-күйі туралы мәліметтер жер қойнауын геологиялық зерттеудің нәтижелеріне, сондай-ақ геологиялық ақпаратқа, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептерге және өзге де құжаттарға негізделеді.
72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:
1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;
3) көмірсутектерді және пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің, кен іздеушіліктің, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жойылған объектілері туралы мәліметтерді;
4) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың жұмыс істеп тұрған объектілерін мемлекеттік есепке алу туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар, өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі туралы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылда пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.
Пайдалы қазбалардың әрбір көрініс табуы бойынша пайдалы қазбалардың болжамды (перспективалы) ресурстары, олардың көрініс табуының гидрогеологиялық және басқа да сипаттамалары туралы геологиялық-экономикалық деректер тіркеледі.
Жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтер жер қойнауы қуысының орналасу координаттары мен сипаттамалары туралы, оларда өндірістік, шаруашылық және басқа да объектілер мен заттардың орналасу, оларда технологиялық және өзге де процестерді жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы деректерді қамтиды.
3. Жер қойнауының әрбір учаскесі бойынша кеңістік шекараларда жер қойнауы учаскелерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, оның мөлшері мен орналасқан жері, жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын пайдалану құқығы солардың негізінде берілген құжаттар туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдалану құқығының кепілі туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептілік және өзге де құжаттама, геологиялық ақпарат тіркеледі.
4. Көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің жойылған объектілері туралы мәліметтерге жойылған өндіру объектілерін орналастыру жоспарлары, жою актілері және өндіру салдарын жою туралы басқа да деректер жатады.
5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтерін қалыптастыру жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу, мониторинг жүргізу, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептілік және өзге де мәліметтер есебінен қамтамасыз етіледі.
6. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу бойынша ақпаратты мемлекеттік органдарға олар белгілеген тәртіппен ұсынады.
7. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының жай-күйін өзі бекітетін тәртіппен есепке алу мақсатында жүзеге асырады.
73-бап. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі
1. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингі мемлекеттік жер қойнауы қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету және олардың өзгерістерін уақтылы анықтау, келеңсіз процестер салдарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдаланып байқау жүйесін білдіреді.
2. Мемлекеттік жер қойнауы мониторингін жүзеге асыру тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
74-бап. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу
1. Жүйелі өңірлік геологиялық зерттеулерді, Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық әдістері пайдаланылатын зерттеулерді, геологиялық түсіру жұмыстарын, кешенді геологиялық ақпарат алу және жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негізін құрайтын геологиялық карталар жасау мақсатында аэро- және (немесе) ғарыштық сейсмологиялық мониторингті; пайдалы қазбаларды іздестіру мен бағалауды, жер қойнауы жай-күйінің мониторингін, құрылысқа арналған инженерлік-геологиялық ізденулерді; жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді, жер қабатын және ондағы процестерді, пайдалы қазбалар көріністерін және жер қойнауының өзге де ресурстарын зерттеу мақсатында жүргізілетін өзге де жұмыстарды қамтуы мүмкін жұмыстар кешені жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу болып табылады.
2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұйымдастырады және жүргізеді. Елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суларына арналған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
3. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мен мердігер арасында жасалатын шарттың негізінде жүргізіледі.
4. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу аумағы және жұмыс түрлері шартта айқындалады.
5. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу Қазақстан Республикасының барлық аумағында, оның ішінде осы Кодекске сәйкес жекеше тұлғаларға пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелерінің аумағында жүргізілуі мүмкін. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын тұлғалардың қалыпты қызметіне кедергі келтірмеуге тиіс.
6. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу жоспарланып отырған аумақ мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында жұмыстардың мақсаттары, міндеттері және сипаты көрсетіле отырып айқындалады.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу аумағы шегінде пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін, сондай-ақ кен іздеушілік үшін жер қойнауы учаскелерін пайдалануға беруге жол берілмейді.
7. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей, ашық қолжетімділікке ұсынылады.
8. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын геологиялық барлау кезеңділігінің қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
75-бап. Геологиялық ақпарат
1. Кез келген жеткізгіште тіркелген және осындай мәліметтерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар жер қойнауы мен олардың учаскелерінің,кен орындарының және пайдалы қазбалар көріністерінің заттай құрамы, геологиялық құрылысы мен тарихы, геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық және тектоникалық ерекшеліктері туралы мәліметтер геологиялық ақпарат болып табылады.
Геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштеріне бұрғылау ұңғымаларының керндері, пайдалы қазбалардың, көмірқышқылды газдардың, меркаптандардың, судың сынамалары, жыныстар мен минералдардың үлгілері, тас материалдың сынамалары мен коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар жатады.
Геологиялық ақпараттың жасанды жеткізгіштеріне далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқауларды тіркеу журналдары, геологиялық есептер, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есептер, пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептер, бастапқы далалық деректердің және геологиялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру, талдау және жинақтап қорыту нәтижелерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері жатады.
2. Геологиялық ақпарат, егер ол бюджет қаражаты есебінен алынса немесе осы Кодекске сәйкес мемлекет меншігіне берілген болса, мемлекеттік меншікте болады (мемлекеттік геологиялық ақпарат).
Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жекеше геологиялық ақпарат).
Осы Кодексте көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға ұсынылатын геологиялық есептілікте және өзге де құжаттамада қамтылатын жекеше геологиялық ақпарат мемлекетке мерзімсіз иеленуге және пайдалануға беріледі.
3. Меншіктегі, сондай-ақ мемлекет иеленуі мен пайдалануындағы геологиялық ақпаратты есепке алуды, сақтауды, жүйеге келтіруді, жинақтап қорытуды және беруді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпаратты сақтау меноған қолжетімділікті қамтамасыз ету, геологиялық ақпаратты ұсынуды,жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мен құзыретті орган арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процестерін үйлестіруді автоматтандыру "Қазақстан Республикасы минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады. "Қазақстан Республикасы минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесін пайдалануды геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық оператор қамтамасыз етеді.
Ұлттық оператор сақтау, жинақтап қорыту, жүйеге келтіру және мүдделі тұлғаларға беру үшін меншіктегі, сондай-ақ мемлекеттің иеленуі мен пайдалануындағы геологиялық ақпаратты жинауды жүзеге асырады.
Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға немесе пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындайтын және осы бапта көзделген қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық оператор болып табылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың және оның жеткізгіштерінің болуын, оны есепке алу мен сақтауды, сондай-ақ жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өкілдерінің зерттеу немесе тексеру үшін оған кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың немесе лицензияның қолданылуы кезеңінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпараттың табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруға құқығы жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық ақпараттың керндер, жыныстар мен минералдардың үлгілері, сынамалар, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге зерттеу және талдау мақсатында ғана шығаруға құқылы. Мұндай зерттеу мен талдаудың нәтижелері осы Кодекске сәйкес жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын геологиялық есептерге енгізілуге жатады.
Геологиялық ақпараттың жыныстар мен минералдар үлгілері, тас материалының коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар түріндегі табиғи жеткізгіштерін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығаруға ниеттенген жер қойнауын пайдаланушы ол жөнінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды болжанған әкету күніне дейін бір ай қалғанда жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Хабарламада шығарылатын табиғи жеткізгіштерді зерттеулердің сипаты, зерттеу жүргізудің болжалды мерзімі, зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындау мерзімі, зерттеу жүргізетін ұйым туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық ақпараттың сынамалар түріндегі табиғи жеткізгіштерін иеліктен шығаруы және (немесе) сынамаларды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкетуі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайдаланушы рұқсат алу үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтінішпен жүгінеді, онда шығарылатын сынаманың көлемі мен оны зерттеулердің сипаты, зерттеу жүргізудің болжалды мерзімі, зерттеу нәтижелері туралы есепті дайындау мерзімі және зерттеу жүргізетін ұйым туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде рұқсат беру туралы немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша:
1) рұқсат беруге арналған өтініш осы тармақтың талаптарына сәйкес келмесе;
2) иеліктен шығарылатын және (немесе) әкетілетін сынаманың көлемі болжалды зерттеудің сипатына айқын сәйкес келмесе;
3) болжалды зерттеулер Қазақстан Республикасында жүргізілсе;
4) бұрын берілген рұқсат бойынша жүргізілген зерттеудің және сынамалар талдауының нәтижелері туралы мәліметті қамтитын геологиялық есептер ұсынылмаған болса, рұқсат беруден бас тартады.
5. Өзіне тиесілі керндерді иеліктен шығаруды немесе жоюды жүргізуге ниеттенген жер қойнауын пайдаланушы осындай ниеті туралы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бір ай қалғаннан кешіктірмей жазбаша хабардар етуге міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыдан көрсетілген керндерді талапта көзделген мерзімде өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл мерзім бір айдан кем болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды болжалды тоқтатуға дейін үш ай қалғанда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды өзінде бар далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқаулар, тіркеу журналдары геологиялық ақпараттың бастапқы далалық деректерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері немесе бұрғылау ұңғымаларының керндері туралы жазбаша хабардар етуге міндетті. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мұндай хабарламаны алған күннен кейін бір ай ішінде жер қойнауын пайдаланушыдан геологиялық ақпараттың аталған жеткізгіштерін өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етуге құқылы. Бұл талап оны алған күннен бастап бір ай ішінде орындалуға тиіс.
Керндерді Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкету жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның осы баптың 4-тармағының үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген тәртіппен берілетін рұқсатымен жүзеге асырылады.
6. Жасанды жеткізгіштердегі геологиялық ақпаратты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкету, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, шектеулерсіз жүзеге асырылады.
7. Осы бапта көзделген шектеулер кен іздеушілікті және жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.
76-бап. Жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар туралы есептілік ұсынуға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы ұсынатын есептілік мерзімді немесе бір реттік болуы мүмкін.
Мемлекеттік органға ұсынылатын мерзімді есептілікте жер қойнауын пайдаланушының белгілі бір кезең ішіндегі (есепті кезең) қызметінің нәтижелері туралы ақпарат қамтылады.
Жер қойнауын пайдаланушы бір реттік есептілікті мемлекеттік органға нақты бір мәселе бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі туралы хабарлау мақсатында ұсынады.
Есептіліктің құрамы және оны ұсыну тәртібі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелерінде айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның жазбаша сұрау салуы бойынша осындай сұрау салуды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, жүргізілген жұмыстарды және жер қойнауын пайдалану бойынша шығыстарды растайтын құжаттаманы тексеру үшін ұсынуға міндетті.
3. Кен іздеушілікті және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға Өндіруші салалар ашықтығының бастамалары стандартында көзделген, "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор болып табылатын тұлға растаған есептілікті ұсынуға міндетті.
Осы есептіліктің нысанын және оны толтыру жөніндегі нұсқаулықты Қазақстан Республикасындағы Өндіруші салалар қызметі ашықтығының бастамалары стандартын іске асыру бойынша уәкілеттік берілген мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
77-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен келісімшарттар туралы ақпаратқа қолжетімділік жасау
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беретін мемлекеттік орган берілген жер қойнауын пайдалану құқықтары туралы ақпаратқа ашық қолжеткізуді қамтамасыз етеді.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығы туралы ақпарат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың түрлері ескеріле отырып, мынадай мәліметтерді:
1) берілген лицензияның мазмұны және жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарт туралы;
2) мыналарды:
өздеріне (өзіне) тиесілі бақылау нысанын және тәсілін;
жеке тұлғалар үшін – тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаның атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдаланушыны бақылаушы тұлғалар және ұйымдар туралы;
3) ұсынылған есептілікке сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы жылдар бойынша жүргізген шығыстардың жалпы сомасы туралы;
4) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жылдар бойынша төлемақының (жалдау төлемдері) төленген сомалары туралы;
5) қамтамасыз етудің түрін, қамтамасыз ету сомасын, оның қолданылу мерзімін және қамтамасыз етуді берген ұйымның атауын қамтитын, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жоюды қамтамасыз ету туралы;
6) мыналарды:
кепілді тіркеу күнін;
жеке тұлғалар үшін – кепіл ұстаушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін – кепіл ұстаушының атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) тіркелген кепілі туралы;
7) мыналарды:
ауысудың негізі мен күнін;
алынатын жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлес мөлшерін;
жеке тұлғалар үшін – алушының тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және азаматтығын;
заңды тұлғалар үшін – алушының атауын және орналасқан жерін қамтитын, жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) ауысуы туралы;
8) егер тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесін қамтамасыз ету жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшартта немесе лицензияда көзделсе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін алдыңғы есепті кезеңде сатып алған тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі туралы;
9) егер жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық мамандарды оқытуға, Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға, жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдауға жылдар бойынша жұмсаған шығыстары жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелері болып табылса, осындай шығыстардың жалпы сомасы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Геологиялық есептер мен өзге де құжаттамада қамтылатын, мемлекеттік органдар осы Кодекске сәйкес алған геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушының коммерциялық құпиясы болып табылады және көрсетілген органдар оның құпиялылығын сақтау шараларын қабылдауға міндетті.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган көрсетілген геологиялық ақпаратты жариялау немесе оған ашық қолжетімділік жасау арқылы оны:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның негізінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыдан оны алған күннен бастап қатарынан бес жыл өткен соң ашып көрсетеді.
Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны иеленушінің жазбаша өтініші бойынша құпиялылық мерзімі өтініште көрсетілген, бірақ бес жылдан аспайтын кезеңге ұзартылады. Мұндай ұзарту туралы өтініш құпиялылықтың бастапқы бес жыл мерзімі өткенге дейін берілуі мүмкін;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушыдан алынған геологиялық ақпарат бойынша);
3) жер қойнауын пайдаланушының жазбаша келісімімен;
4) басқа мемлекеттік органдар алынатын мәліметтер құпиялылығын сақтау шараларын қабылдаған жағдайда, олардың талап етуі бойынша;
5) бұрын осындай мәліметтер алынған тиісті жер қойнауы учаскесі қайтарылған күннен бастап үш ай өткен соң;
6) егер мәліметтер жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижесінде алынған болса, ашып көрсетеді.
Көрсетілген мәліметтерді өзге тәсілмен ашып көрсетуге тыйым салынады.
4. Келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді жергілікті қамту бөлігінде орындауға қатысты, жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлауы және жүргізуі туралы, қазақстандық мамандарды оқытуға арналған шығыстар туралы және Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар көлемдері туралы ақпарат құпия болып танылмайды.
Осы тармақта құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын тұлғалардың анықталған бұзушылықтар және қабылданған шаралар туралы ақпаратпен Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарында танысуға құқығы бар.
V БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУЛАР, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
12-тарау. Жер қойнауын пайдалануға байланысты дауларды шешу және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
78-бап. Жер қойнауын пайдалануға байланысты дауларды шешу тәртібі
Жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асыруға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес реттелуге тиіс.
79-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуы кінәлі тұлғаларды жол берілген бұзушылықтарды жою міндетінен босатпайды.
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын бұзу салдарынан жер қойнауы ресурстарына зиян келтірген тұлғалар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген мөлшерде және тәртіпте келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуге міндетті.
80-бап. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт пен лицензия бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта немесе лицензияда көзделген міндеттемелерді бұзу осы Кодекстің Ерекше бөлігінің ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланушының жауаптылығына алып келеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт және лицензия шарттарын сақтауына бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган осы шарттардың бұзылғандығын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап үш жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар немесе лицензиялар бойынша міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы мерзімнің және оны есептеу тәртібінің өзгеруіне алып келмейді.
13-ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ МАҚСАТТАРЫ, ҚАҒИДАТТАРЫ, НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ
81-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының мақсаттары
Қазақстан Республикасының және өзге де мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жер қойнауын зерттеу, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзара көмегі мен бірлескен әрекеттерін үйлестіру жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың мақсаты деп танылады.
82-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қағидаттары
1. Басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық өзара құрметтеу, сенім білдіру, өзара көмек, ымыраға келу, кемсітпеушілік, бір-бірінің істеріне араласпау, қабылдаған міндеттемелерді уақытында орындау, дауларды бейбіт түрде шешу қағидаттарына негізделеді.
2. Мемлекет пайдалы қазбаларды зерттеу, барлау мен өндіру және жерасты кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастыруға нарықтық тәсілдерді ендіру арқылы инвестицияларды тарту және қазіргі заманғы технологияларды қолдану үшін қолайлы жағдай жасауға күш-жігерін салады.
83-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары
Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастығының бағыттары мыналар болып табылады:
1) минералдық-шикізаттық базаны ұлғайту мақсатында өзара тиімді негізде жер қойнауын геологиялық зерттеуді жүзеге асыру, бір мезгілде қауіпсіздік деңгейін арттыру және қоршаған ортаның ластануын барынша азайту жағдайында өндіріс тиімділігінің өсуін және пайдалы қазбаларды және оларды қайта өңдеу өнімдерін пайдалануды қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік билік және басқару органдарының тиімді ынтымақтастығының жаңа тетіктерін әзірлеу;
3) минералдық-шикізаттық ресурстардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің нарығын дамыту, оның ішінде халықаралық ынтымақтастыққа қатысушы елдердің шаруашылық қызмет субъектілерінің өзара тиімді кооперативтік байланыстарын орнату үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы дамыту;
4) жер қойнауын геологиялық зерттеу, минералдық-шикізаттық базаны молайту және сапалық жақсарту саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
5) минералдық-шикізаттық ресурстар, сондай-ақ оларды қайта өңдеу (өзгерту) өнімдері ағынының халықаралық транзиті мақсатында көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті жеңілдету;
6) қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және оны қолдауға бағытталған жер қойнауын пайдалану қауіпсіздігі саласындағы жұмыстардың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
7) минералдық-шикізаттық ресурстарды өндіру және (немесе) қайта өңдеу (өзгерту) жөніндегі кәсіпорындардағы ірі аварияларды болдырмауда және олардың салдарын жоюда ынтымақтастық жасау;
8) кезеңдер, пайдалы қазбалар қорларының сыныпталуы, геологиялық есептердің, пайдалы қазбалар қорлары баланстарының және басқа да геологиялық ақпараттың нысаны мен мазмұны бойынша жұмыстардың мазмұнына қойылатын әлемдік практикада қабылданған талаптар базасында геологиялық барлау жұмыстарын регламенттейтін нормативтік-әдістемелік құжаттарды жетілдіру және келісу жөніндегі шараларды үйлестіру;
9) минералдық-шикізаттық ресурстарды барлау, өндіру, қайта өңдеу (өзгерту) және пайдалану саласында қолданылатын жаңа технологияларға қолжетімділікті жеңілдету;
10) трансшекаралық кен орындарын бірлесіп барлау мен әзірлеуге және жер қойнауының өзге де трансшекаралық ресурстарын игеруге қатысу.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
VI БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
14-тарау. Жер қойнауын геологиялық зерттеудің шарттары мен тәртібі
84-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша оны иеленушінің геологиялық түсіру жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды, сондай-ақ жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу мақсатында үш жыл ішінде жер қойнауын пайдалануға құқығы бар.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның иесіне геологиялық зерттеу учаскесіне айрықша құқықтар бермейді.
85-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу аумағы
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы шегінде берілуі мүмкін.
2. Лицензия иесінің, аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу жағдайларынан басқа кезде, пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру үшін басқа тұлғаға пайдалануға берілген жер қойнауы учаскесінің аумағында осындай тұлғаның келісімінсіз жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге құқығы жоқ.
86-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға белгіленген нысан бойынша жазбаша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін – өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін – өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәліметтер;
2) геологиялық зерттеу аумағын құрайтын блокқа (блоктарға) нұсқаулар.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес өтініш иесі әзірлеген және бекіткен жер қойнауын геологиялық зерттеу жоспары және (немесе) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
4. Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
87-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және лицензия береді не оны беруден бас тартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер өтініш немесе оған қоса берілген құжаттар осы Кодекстің 86-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, лицензия беруден бас тартады.
3. Лицензия беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
4. Лицензияны беруден бас тартуға өтініш иесі бұл туралы хабарлама алған күннен бастап оған он жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
5. Лицензия беруден бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беруге өтініш беру және оны қарау тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
88-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттары
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жобалау құжаттары мыналар болып табылады:
1) геологиялық зерттеу жоспары;
2) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
2. Геологиялық зерттеу жоспары геологиялық түсірілім жұмыстарын және (немесе) геофизикалық жұмыстарды жүргізу үшін әзірленеді.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы кен орындарын және жерасты суларының учаскелерін іздестіруді және бағалауды жүргізу үшін әзірленеді.
3. Геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Геологиялық зерттеу жоспарында геологиялық түсірілім жұмыстарының және (немесе) геофизикалық жұмыстардың түрлері мен тәсілдері, шамамен алғандағы көлемдері, аумақтары және үш жылдық кезеңдегі осындай жұмыстарды жүргізу мерзімдері сипатталады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасында жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының түрлері, әдістері мен тәсілдері, бұрғыланатын ұңғымалар саны және олардың сипаттамалары, үш жылдық кезеңдегі жұмыстарды жүргізу мерзімдері, іздестіру-бағалау жұмыстарының салдарын жою жөніндегі шаралар және олардың құнын бағалау сипатталады.
Геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістері мен тәсілдерін, олардың көлемдері мен жүргізу мерзімдерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарында дербес айқындайды.
Жобалау құжаттарында жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулықта көзделген жағдайларда қоршаған ортаға әсерді бағалау қамтылуға тиіс.
4. Жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ олардың көлемдері өзгерген кезде жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге және оларды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға беруге міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді талап етсе, геологиялық зерттеу жөніндегі өзгертілген жобалау құжаттары жер қойнауын зерттеу жөніндегі органға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін табыс етіледі.
5. Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия берілгеннен кейін енгізілетін өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісуге жатады. Мұндай келісу өзгертілген жоба ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган, егер жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасына өзгерістерді, геологиялық зерттеу жөніндегі жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес келмесе, мұндай өзгерістерді келісуден бас тартады.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тарту жер қойнауын пайдаланушыны келісу үшін қайтадан жүгіну құқығынан айырмайды.
Жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасын келісуден бас тартуға жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
89-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесі шегінде экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыстарды жүргізуге құқылы.
2. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша жүргізілетін жұмыстар құжаттастыруға жатады. Құжаттамада жер қойнауын дұрыс зерттеуге қажетті барлық мәліметтер көрсетіледі.
3. Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жүргізілген операциялар барысында алынған геологиялық ақпараттың дұрыстығы мен сақталуын;
2) геологиялық құжаттаманы жүргізудің уақтылығы мен сапасын;
3) лицензия берген жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімде геологиялық зерттеу учаскесі бойынша жүргізілген жұмыстар туралы есептерді және осындай жұмыстардың нәтижелері бойынша геологиялық есепті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу учаскесінде күрделі құрылысжайларды салуға, жарылғыш заттарды тұрақты түрде жинап қоюға және сақтауға, жыралар, шурфтар, траншеялар және тау-кен қазбаларының басқа да түрлерін жасауға, сондай-ақ аршу жұмыстарын жүргізуге құқығы жоқ.
Жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде геофизикалық зерттеулермен және жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарымен байланысты мақсаттарда ғана ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде параметрлік ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асыруға құқылы.
5. Жерасты сулары учаскесінің қорларында жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сараптама жасалуға тиіс. Жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібін, жер қойнауын сараптау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ережені және оның құрамын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жерасты сулары учаскесінің қорларын жерасты суларының мемлекеттік есебіне алу үшін осы қорлар туралы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негіз болып табылады.
Жерасты суларын өндіру Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
90-бап. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық зерттеу бойынша есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия бойынша мерзімді геологиялық есептер ұсынып отыруға міндетті.
2. Мерзімді геологиялық есептер жыл сайын өткен күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың іс жүзіндегі кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есеп көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін оның иеленушісі болып табылатын тұлға лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға геологиялық зерттеу нәтижелері туралы түпкілікті есепті ұсынуға міндетті.
4. Геологиялық есептер бастапқы геологиялық ақпарат материалдарына негізделеді және геология, жерасты суларына гидрогеологиялық бұрғылау жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердің, сынақтар мен іздестірулердің, топырақты, жерүсті жыныстарын және минералдық үлгілерді жинау және байқаудан өткізу жөніндегі қызметтің жай-күйі мен нәтижелері туралы деректерді қамтиды.
5. Осы бапта көзделген есептер жер қойнауын зерттеу жөніндегі органға ол бекітетін нысан бойынша ұсынылады.
91-бап. Геологиялық ақпаратқа арналған құқық
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияның иеленушісі өзі геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратқа еркін билік етуге құқылы.
2. Жер қойнауын пайдаланушы осы бапқа сәйкес геологиялық зерттеу нәтижесінде алған геологиялық ақпаратты лицензия мерзімі аяқталған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның пайдалануына өтеусіз беруге тиіс.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган алынған геологиялық ақпаратты оны алған күннен бастап бес жыл өткен соң (құпиялылық мерзімі) ашады.
92-бап. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны қайтарып алу және оның тәртібі
1. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия:
осы Кодекстің 89-бабы 4-тармағының ережелері бұзылған;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және мерзімдерде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру үшін қол қою бонусын төлемеген жағдайларда жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті органның қайтарып алуына жатады.
2. Бұзушылық анықталған кезде жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушы анықталған бұзушылықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды бұзушылықтардың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, оларды жойғаны туралы жазбаша хабардар етеді.
Бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
4. Лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Лицензияның қолданысы жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кейін тоқтатылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап қайтарып алынатын лицензия бойынша жұмыстарды дереу тоқтатуға және геологиялық зерттеу учаскесінің аумағынан ондағы барлық құрылысжайларды, материалдарды және жабдықтарды алып кетуге міндетті.
6. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап лицензияның қайтарып алынуын сот тәртібімен даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім сот шығарған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
VII БӨЛІМ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ
15-тарау. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру және оны тоқтату ерекшеліктері
1-параграф. Аукцион негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру
93-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміттенетін тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы берілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген тұлға:
1) таратылу (заңды тұлғалар үшін), қайта ұйымдастырылу (заңды тұлғалар үшін) немесе банкроттық сатысында болмауға тиіс;
2) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша өтелмеген берешегі болмауға тиіс;
3) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алған жағдайда, – барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты болуға тиіс.
2. Барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті қаржылық қаражаты бар екенін растауға арналған осы Кодексте көзделген жағдайларда мынадай құжаттардың бірі:
1) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындауды қаржыландыруға тұлғаның қабілеттілігін растайтын, өтініш иесінің өтінім берілген жылдың алдындағы жыл үшін бухгалтерлік балансының көшірмесі;
2) барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесінде жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарды орындау үшін жеткілікті мөлшерде өз қаражатының (екінші деңгейдегі банктен өтініш иесінің шотының жай-күйі туралы анықтама) немесе тартылған қаражатының (қарыз (кредит) шарты, өзге де шарт) болуы туралы құжаттамалық деректер ұсынылады.
3. Теңіздегі жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін тұлғаның, осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптармен қатар, Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңының аумағында немесе Қазақстан Республикасының ішкі су айдындарында не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде теңізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің оң тәжірибесі болуға тиіс.
Заңды тұлға үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талап, осындай заңды тұлға акцияларының (қатысу үлестерінің) кемінде жиырма бес пайызы тікелей тиесілі болатын тұлғаның тиісті тәжірибесі болған кезде орындалған деп танылады.
94-бап. Аукцион өткізуге арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлға осы Кодекстің 96-бабында белгіленген талаптарға сәйкес көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін аукцион өткізуге құзыретті органға жазбаша өтініш береді.
2. Аукцион өткізуге өтініш ол құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтінішті қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 95-бабының 1-тармағына сәйкес аукцион өткізу туралы хабарламаны жариялайды не мынадай негіздер бойынша:
1) егер сұралатын жер қойнауы учаскесінің аумағы аукцион негізінде көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру үшін берілуі мүмкін жер қойнауы учаскесінің шегіндегі аумақ ретінде мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында көрсетілмесе не мұндай аумаққа сәйкес келмесе;
2) егер өтініш иесі өтініш бергенге дейін үш жыл ішінде аукцион өткізуге басқа өтініш берсе, бірақ аукционның қатысушысы ретінде тіркелмеген болса;
3) осы Кодекстің 97-бабы 3-тармағының 2) – 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша аукционға қатысуға берілген өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Аукцион өткізуге өтініш қабылданған жағдайда, өтініш иесі аукционға қатысуға жіберілді деп танылады.
3. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды құзыретті орган ұйымдастырады және осы Кодекске сәйкес көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондар өткізу жөніндегі комиссия өткізеді.
95-бап. Аукцион өткізу шарттары
1. Аукцион өткізу туралы және оны өткізу шарттары туралы хабарлама қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға жіберіледі.
Аукционға қатысуға мүдделі тұлғалардың қатысуға өтініш берудің түпкілікті мерзімінен кешіктірмей аукционды өткізу тәртібімен байланысты ақпаратты алуға құқығы бар.
2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) оны өткізу күні мен уақыты;
2) қатысуға өтініштер беру мерзімі;
3) жер қойнауын пайдалану құқығы аукционға шығарылатын жер қойнауы учаскесіне (кен орнына) нұсқау және оның қысқаша сипаттамасы;
4) жер қойнауы жөніндегі операциялар түрі;
5) аукционға қатысу үшін жарна мөлшері және оны төлеу үшін банк деректемелері;
6) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда – барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптар, сондай-ақ олардың бағалану құны;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген әрбір блок үшін ең төменгі қол қою бонусының мөлшері негізге алына отырып айқындалған қол қою бонусының бастапқы мөлшері;
8) өндіру кезеңіндегі қазақстандық кадрларды оқытуға арналған шығыстар мөлшері;
9) өндіру кезеңіндегі Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшерi;
10) өндіру кезеңіндегі өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері;
11) жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі, кадрлардағы жергілікті қамту жөніндегі ең төмен міндеттемелер;
12) жер қойнауын пайдалану мақсаты үшін берілетін жер учаскілеріне тіркелген құқықтар туралы ақпарат;
13) көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын берген жағдайда – осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген талаптарды көрсету;
14) жер қойнауын пайдалануға келісімшарт бойынша барлау кезеңінің немесе дайындық кезеңінің ұзақтығы қамтылуға тиіс.
Аукционды өткізу күні аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзім аяқталған күннен бастап екі айдан кешіктірілмеуге тиіс.
3. Бұрын жер қойнауын пайдалануға келісімшарт тоқтатылған жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өткізілген жағдайда, аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) егер жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға берілген болса:
сенімгерлік басқарушыға сенімгерлік басқару шартына сәйкес келтірілген шығындарды өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарттары, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, оған сыйақы төлеу;
осы Кодекстің 107-бабы 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілген мүліктің құнын бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарттары;
2) осы Кодекстің 119-бабының 19-тармағында көзделген жағдайларда – бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының өндіруге және бағалауға кеткен шығындарын өтеу мөлшері мен мерзімдерінің шарты;
3) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда – бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының қамтамасыз ету мөлшері туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
4. Аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілетін мерзім аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап екі айды құрайды.
5. Аукционға қатысу жарнасының мөлшерін құзыретті орган аукционды дайындауға, өткізуге және оның қорытындысын шығаруға, тартылатын сарапшылардың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығындар құнын негізге ала отырып айқындайды.
6. Аукционға қатысу жарнасы қайтарылуға жатпайды.
96-бап. Аукционға қатысуға арналған өтініш
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға мүдделі тұлға құзыретті органға осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес өтініш жібереді.
2. Аукционға қатысуға арналған өтініште:
1) жеке тұлғалар үшін – өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
2) заңды тұлғалар үшін – өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәлімет, өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
3) өтініш иесінің соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, өтініш иесінің бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
4) аукцион өткізу туралы хабарламада белгіленген жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша:
1) өтініш иесінің хабарламада көрсетілген жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттарының орындалуын қамтамасыз ету міндеттемесі;
2) өтініш иесінің аукционға қатысу үшін жарна төлегендігі туралы құжат;
3) өтініш иесінің осы Кодекстің 93-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар;
4) өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісінше куәландырылған құжаттар;
5) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өтініш және оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп жасалуына болады, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
97-бап. Аукционға қатысуға арналған өтінішті қарау тәртібі
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
2. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтінішті қабылдайды және өтініш иесін аукционға қатысуға жібереді не оны қабылдаудан бас тартады.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда, егер:
1) өтініш аукционға қатысуға өтініш беру үшін берілген мерзімнен кеш берілген болса;
2) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сай келмесе;
3) өтініш иесі осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
4) өтініш бергенге дейін құзыретті орган үш жыл ішінде өтініш иесімен немесе өтініш иесін тікелей немесе жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы тұлғамен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатса;
5) жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын өтініш иесінің құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған басқа келісімшарт бойынша міндеттемелерді бұзушылықтары жойылмаған болса;
6) бұрын өтініш иесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционның жеңімпазы болып айқындалса, бірақ қол қою бонусын төлемеген болса;
7) сұралатын жер қойнауы учаскесі аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілмесе;
8) өтініш иесі анық емес мәліметтер ұсынса;
9) өтініш иесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, оның ішінде келісімшарт шеңберінде құқықтар шоғырланған және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқықтары шоғырланған жағдайда, өтінішті қабылдаудан бас тартады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 3), 4), 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырады.
5. Өтінішті қабылдаудан бас тарту, осы баптың 3-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бас тарту себептерін көрсетуді қамтуға тиіс.
98-бап. Аукциондар өткізу жөніндегі комиссия
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукциондар өткізу жөніндегі комиссия аукциондар өткізу, жеңімпаздарға көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін конкурстардың жеңімпазын айқындау мақсатында құрылған, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
2. Комиссияның құрамын құзыретті орган бекітеді.
3. Комиссияны төраға басқарады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
4. Комиссияның отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
5. Комиссияның негізгі міндеттері мыналар:
1) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін аукциондар өткізу;
2) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін аукционға қатысушылар арасынан жеңімпазды айқындау.
6. Комиссияның:
1) аукцион жеңімпазын айқындауға;
2) осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша аукционды өткізбей тастауға не аукцион өтпеді деп тануға;
3) отырыстарда комиссия мүшелерін, мемлекеттік органдар, ұйымдар өкілдерін, өзге тұлғаларды тыңдауға;
4) қажет болған жағдайда тиісті салалардың мамандары арасынан сарапшылар тартуға құқығы бар.
РҚАО-ның
ескертпесі!
99-баптың осы редакциясы 01.01.2020 дейін
тоқтатыла тұрады - ҚР 27.12.2017 № 125-VI
Кодексімен (тоқтатыла тұру кезеңіндегі
редакцияны осы Кодекстің 277-бабының
4-т. қараңыз).
99-бап. Аукцион өткізу
1. Егер осы Кодекстің 95-бабында көрсетілген мерзімдерде аукционға қатысуға бірде-бір өтініш берілмеген және (немесе) егер өтініштерді қарау қорытындылары бойынша аукционға қатысуға бірде-бір өтініш иесі жіберілмеген жағдайларда (аукцион өткізуге өтініш берген тұлғадан басқа), аукциондар өткізу жөніндегі комиссия аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілген мерзім аяқталған не аукционға қатысуға өтініштерді қарау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукцион өткізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Бұл жағдайда аукцион өткізуге өтініш берген тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасасу үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
Аукционды өткізбеу туралы ақпарат комиссия тиісті шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
2. Аукционға оған қатысуға жіберілген және аукцион қатысушысы ретінде тіркелген өтініш иелері қатысады.
3. Аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген күні аукцион өткізіледі.
4. Құзыретті орган аукцион өткізу күнінен кемінде он жұмыс күні бұрын аукционға қатысуға жіберілген өтініш иелеріне аукцион өткізу күні және уақыты туралы хабарлайды.
5. Аукцион көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсын пайдалану арқылы, құзыретті орган бекітетін тәртіппен электрондық нысанда өткізіледі.
100-бап. Аукцион қорытындысын шығару және көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасау
1. Қол қою бонусының неғұрлым жоғары мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады.
2. Аукцион нәтижелері ол өткізілген күні жарияланады және комиссияның барлық қатысқан мүшелері және аукцион жеңімпазы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Хаттаманың көшірмесі аукцион жеңімпазына табыс етіледі.
Аукционның нәтижелері олар шығарылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
3. Аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) қол қою бонусын төлейді;
2) құзыретті органға қол қою бонусын төлегенін растауды және құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге өз тарапынан қол қойылған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, аукцион жеңімпазы барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыс көлемдері мен түрлері бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қосымша әзірлейді және оны барлауға және өндіруге келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген барлау кезеңі белгіленеді. Көмірсутектерді барлауға арналған келісімшартта ұзақтығы аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
Егер аукционның жеңімпазы аукционға қатысуға өтініш беру кезеңінде жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту бойынша ең төмен міндеттемені ұсынған болса, ұсынылған міндеттемелер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған немесе өндіруге арналған келісімшартта бекітіледі.
4. Құзыретті орган аукцион жеңімпазынан келісімшартты және қол қою бонусын төлегенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде онымен көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт жасасады және аукцион жеңімпазына оның қол қойылған бір данасын жібереді.
5. Егер аукцион жеңімпазы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қол қою бонусын төлемесе және (немесе) өз тарапынан қол қойылған, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты құзыретті органға ұсынбаса, мұндай тұлға келісімшарт жасасу құқығынан айырылады, жер учаскесі қайтадан аукционға шығарылады.
101-бап. Аукцион өтпеді деп тану тәртібі мен негіздері
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион, егер аукцион өткізілетін күні екіден кем қатысушы тіркелсе, өтпеді деп танылады және қайталама аукцион өткізілмейді.
Егер аукционға қатысушы ретінде тіркелген жалғыз тұлға аукцион өткізуге өтініш берген тұлға болып табылса, мұндай тұлғамен қол қою бонусының бастапқы мөлшерін осындай тұлға төлеген жағдайда, аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасау үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
2. Аукционды өтпеді деп тану комиссияның барлық қатысқан мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Аукционды өтпеді деп тану туралы хабарлама хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымында жариялануға жатады.
102-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды жарамсыз деп тану
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционды сот қатысушының немесе құзыретті органның талап етуі бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Мыналар аукционды жарамсыз деп тану үшін негіздер болып табылады:
1) осы Кодексте белгіленген, аукцион жеңімпазын айқындауға әсер еткен аукцион өткізу қағидаларын бұзу;
2) аукцион қорытындылары бойынша келісімшарт жасалған тұлғаның құзыретті органға мұндай тұлғаны аукционға жіберу туралы шешімге әсер еткен көрінеу анық емес мәліметтерді ұсыну фактісінің анықталуы.
3. Аукционға қатысушылар аукционның нәтижелеріне оның нәтижелері жарияланған күннен бастап үш ай ішінде осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.
4. Келісімшарт жасалғанға дейін аукционның жарамдылығына дау айтылған жағдайда, сот мәні бойынша шешім шығарғанға дейін келісімшартты жасасу мерзімі тоқтатыла тұрады.
5. Аукционды жарамсыз деп тану аукцион қорытындылары бойынша жасалған келісімшарттың жарамсыздығына алып келеді.
6. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша аукцион жарамсыз деп танылған жағдайда, мұндай аукционның жеңімпазы деп жарияланған тұлға төленген қол қою бонусын қайтаруды талап етуге құқылы.
2-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру
103-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде беру шарттары
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласында қызметті жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғам көмірсутектер саласындағы ұлттық компания деп танылады.
2. Осы параграфта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен жалпы негіздерде көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге құқық алуға құқылы.
3. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде жер қойнауын пайдалану құқығы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі осындай ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.
4. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген, шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы аукцион негізінде берілетін аумақта орналасқан жер қойнауы учаскесі көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның пайдалануына тікелей келіссөздер негізінде, тек мүдделі тұлға аукцион өткізуге өтініш бергенге дейін ғана берілуі мүмкін.
5. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілетін жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге келісімшартты ұлттық компания дербес өзі де және сонымен бірге стратегиялық серіктесімен бірлесіп те жасауы мүмкін.
6. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания бекіткен және инвестициялық қаржыландыруды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне алған құзыретті органмен келісілген тиісті талаптарға сай келетін заңды тұлға (заңды тұлғалар консорциумы) көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның стратегиялық серіктесі болып танылуы мүмкін.
7. Ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы жер қойнауын пайдалану жөніндегі осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық серіктес арасында тікелей келіссөздер негізінде жер қойнауын пайдалу құқығын алу мақсаттары үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда жасалған бірлескен қызмет туралы шарт (келісім) және (немесе) қаржыландыру туралы келісім бойынша барлауды қаржыландыру инвестициялық қаржыландыру деп танылады. Ұлттық компания стратегиялық серіктесті көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартты жасауға өтініш берілген кезде айқындайды.
Бірлескен қызмет туралы келісімде стратегиялық әріптестің қол қою бонусын төлеу не ұлттық компания төлеген қол қою бонусының сомасын өтеу жөніндегі міндеттемесі көзделуге тиіс.
8. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілген жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларға берілген жағдайды қоспағанда, келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге болмайды.
Бұл ретте мұндай заңды тұлға алған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) келісімшарт тіркелген күннен бастап екі жыл ішінде беруге құқылы емес.
104-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның тікелей келіссөздер жүргізуге арналған өтініші
1. Тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге жер қойнауы учаскесін пайдалануға алуға ниеті бар көмірсутектер саласындағы ұлттық компания өзі үміткер болып отырған жер қойнауы учаскесінің шекараларын көрсете отырып, құзыретті органға өтініш жібереді.
2. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға үміткер болған жағдайда, өтінішке барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын және барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша ең төмен талаптарға сәйкес келетін жұмыс бағдарламасын қоса береді.
3. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда өтініште:
1) стратегиялық серіктестің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын, басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы, стратегиялық серіктесті тікелей немесе жанама бақылайтын заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, мемлекеттер және халықаралық ұйымдар туралы мәліметтер;
2) стратегиялық әріптес соңғы үш жылда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердің тізімін қоса алғанда, оның бұрынғы қызметі туралы мәліметтер;
3) көмірсутектер саласындағы ұлттық компания немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы осындай ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлға мен стратегиялық әріптес арасында жасалған бірлескен қызмет туралы тиісінше куәландырылған келісім және (немесе) қаржыландыру туралы келісім қамтылуға тиіс.
4. Өтініш және оған қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компания шетелдік заңды тұлға болып табылатын стратегиялық серіктесті тартқан жағдайда, мұндай құжаттар өзге тілде, әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, жасалуы мүмкін.
105-бап. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер жүргізу тәртібі
1. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер ұлттық компанияның уәкілетті өкілдері мен құзыретті органның жұмыс тобы арасында жүргізіледі. Жұмыс тобы туралы ережені және оның құрамын құзыретті орган бекітеді.
2. Тікелей келіссөздер құзыретті органға өтініш келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде жүргізіледі. Тікелей келіссөздер жүргізу мерзімі құзыретті органның шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін.
3. Тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган келісімшарт жасасу немесе оны жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, оны қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде:
1) ұлттық компания немесе оның стратегиялық әріптесі тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған қол қою бонусын төлейді;
2) ұлттық компания құзыретті органға қол қою бонусының төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған (стратегиялық серіктес тартылған жағдайда – оның да тарапынан) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жағдайда, ұлттық компания тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша айқындалған барлау кезеңіндегі жұмыстар көлемін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасын қосымша әзірлейді және осындай бағдарламаны барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса береді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын барлау кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша ұзақтығы айқындалатын дайындық кезеңі белгіленеді.
Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес ұлттық компания көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы жер қойнауы учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс.
5. Құзыретті орган келісімшартты және қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасайды және оның қол қойылған бір данасын (даналарын) ұлттық компанияға жібереді.
6. Келісімшартқа жұмыстар бағдарламасында ұлттық компания мәлімдеген міндеттемелердің қысқартылуын немесе алып тасталуын көздейтін қосымша келісімдерді жасауға тыйым салынады.
3-параграф. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы
106-бап. Құзыретті органның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы
1. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімі күшіне енген;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған тиісті жобалау құжаттарынсыз көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізілген;
3) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағының талаптары бұзылған жағдайларда тоқтатады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы белгіленген мерзімде мыналарды:
1) осы Кодекстің 133-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген бұзушылықтардың біреуін;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген өзге де міндеттемелердің екіден көп бұзушылықтарын жоймаған кезде құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың қолданысын, егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Көрсетілген негіз бойынша келісімшарт қолданысы біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
4. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушының әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келетін болса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
Құзыретті орган, егер:
1) жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша растамаса не осындай келіссөздер жүргізуден бас тартса;
2) келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге жер қойнауын пайдаланушының келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келісімге қол жеткізбесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөнінде келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде келісімшарт талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға тараптар қол қоймаса, жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті орган бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуды жер қойнауын пайдаланушыға осындай келісімшарттың қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушы осындай хабарламаны алған күннен бастап екі ай өткен соң келісімшарт қолданысын тоқтатады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын құзыретті органның мерзімінен бұрын тоқтатуының заңдылығына хабарлама алған күннен бастап екі ай ішінде сотта дау айтуға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда, осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім соттың шешімі күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
107-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі жер қойнауы учаскелері және мүлік
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап осындай келісімшартта бекітілген жер қойнауы учаскесі мемлекетке қайтарылған болып табылады.
2. Барлау кезеңі аяқталған күннен бастап барлау учаскесі, учаскені және өндіру кезеңін не дайындау кезеңін бекітуді көздейтін және осы Кодекстің 110-бабына сәйкес көмірсутектерді өндіру учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа тіркелген толықтыруда көрсетілген жер қойнауы учаскесін қоспағанда, мемлекетке қайтарылған болып табылады.
3. Өндіру кезеңі аяқталған күннен бастап өндіру учаскесі (учаскелері) мемлекетке қайтарылған болып табылады.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта екі және одан көп өндіру учаскесі бекітілсе, онда өндіру учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі аяқталған кезден бастап, мұндай учаске мемлекетке қайтарылған болып табылады.
4. Жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы қолданысы тоқтатылған кезде, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны мына шешімдердің бірі:
1) жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою;
2) жер қойнауы учаскесін кейіннен өзге тұлғаға беру үшін оны консервациялауды жүргізу;
3) жер қойнауы учаскесін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беру туралы хабардар етеді.
5. Хабарлама мынадай жағдайларда және мерзімдерде:
1) өндіру кезеңі аяқталған соң жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткен жағдайда – осындай аяқталардан кемінде екі ай бұрын;
2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда – жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату туралы хабарламамен бір мезгілде;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылған жағдайда – келісімшартты бұзу туралы келісімге қол қоюмен бір мезгілде;
4) осы Кодекстің 119-бабы 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасудан бас тарту туралы хабарлама жіберумен бір мезгілде жіберіледі.
6. Құзыретті органның жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою не кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін жер қойнауы учаскесіне консервациялау жүргізу шешімі туралы хабарламасын алған тұлға:
1) дереу тоқтатылуы төтенше жағдайлардың туындау қаупімен байланысты операциялары қоспағанда, жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатуға міндетті. Мұндай операцияларды тоқтату хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс;
2) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жою немесе консервациялау жобасы бекітілгеннен және олардың сараптамаларының оң қорытындылары алынғаннан кейін дереу осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды бастауға міндетті;
3) хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмірсутектерді, сондай-ақ өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы. Көрсетілген мерзімде алып кетпеген жабдық пен өзге де мүлік осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жойылуға немесе консервациялауға жатады.
7. Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген міндеттерді орындаудан жалтарған жағдайда жер қойнауын пайдалану салдарын жою немесе жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстардың жүргізілуі қамтамасыз ету қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
8. Құзыретті органның көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға жер қойнауы учаскесін беру жөніндегі шешімі туралы хабарламаны алған тұлға:
1) хабарлама алған күннен бастап бір ай мерзімде жер қойнауы учаскесіндегі технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықты және өзге де мүлікті жаңа жер қойнауын пайдаланушыға мүлікті бергенге дейінгі мерзімге көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.
Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы болмаған не ол көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға мүлікті беруден жалтарған жағдайда, құзыретті орган мұндай мүлікке қатысты оның сенім білдірілген тұлғасы ретінде әрекет етеді және берілетін мүліктің жай-күйі туралы нұсқауды көздейтін тізбені қамтитын акт бойынша оны көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға береді;
2) хабарлама алған күннен бастап алты ай ішінде жер қойнауы учаскесінен өзі өндірген көмісутектерді, сондай-ақ осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, өзінің меншігі болып табылатын жабдықты және өзге де мүлікті аумақтан алып кетуге құқылы.
9. Осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда:
1) сенімгерлік басқарушы осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлікке бағалау жүргізуді ұйымдастырады;
2) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалған күннен бастап жаңа жер қойнауын пайдаланушының меншігіне өтеді, ол аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген мерзімдерде осындай мүліктің құнын бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға төлейді.
10. Осы баптың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда:
1) құзыретті орган осындай жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізеді;
2) құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым келісімі бойынша құқықтарды жаңа жер қойнауын пайдаланушыға беру қажеттігі және осындай берудің мерзімдері туралы хабарлама жібереді;
3) бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы хабарламада көрсетілген мерзімдерде жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым келісімі бойынша құқықты жаңа жер қойнауын пайдаланушыға береді.
108-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған кезде жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару
1. Осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган жер қойнауы учаскесін кейіннен оны өзге тұлғаға беру үшін көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға сенімгерлік басқаруға оны беру шешімі туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен осындай жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартын жасасады.
2. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес әзірленіп, жасалады және сенімгерлік басқарушыға:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге келісімшарт жасамай жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыру;
2) жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жер пайдалану құқығымен жер учаскесін алу құқығын береді.
3. Сенімгерлік басқарушының жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқаруы кезінде шығарған және белгіленген тәртіппен расталған шығыстарын, шығарған шығыстардың қажеттігін растайтын құжаттарды ұсынған кезде, оны пайдаланудан түскен кірістер есебінен өтетуге құқығы бар.
Шығыстар осылай өтелген жағдайда, жаңа жер қойнауын пайдаланушы сенімгерлік басқарушының осы бапқа сәйкес бұрын өтелген шығындарын өтемейді.
Кіріс болмаған не ол жеткіліксіз болған жағдайда, шығыстарды өтеу құрылтайшы (пайда алушы) есебінен жүзеге асырылады.
4. Сенімгерлік басқарушының шығыстарын өтеуге және сенімгерлік басқару шартын орындаумен байланысты салықтарды төлеуге жіберілген сомаларды қоспағанда, сенімгерлік басқарудан түскен кірістер сенімгерлік басқару шартының қолданылуын тоқтату нәтижелері бойынша құрылтайшыға (пайда алушыға) жіберіледі.
5. Жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы Кодексте көзделген талаптар сақталмай жүзеге асырылады.
6. Сенімгерлік басқарушы жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартымен өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалана отырып немесе белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер бойынша өз мүлкімен жауап береді.
7. Жер учаскесі сенімгерлік басқарушыға жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ол жасалған күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімге қайта ресімделеді.
109-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығына өндіріп алуды қолдану рәсімі
1. Жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлеске) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге, оның ішінде кепіл кезінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдаланудағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату), егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жария сауда-саттық өткізу арқылы жүргізіледі.
Мұндай сауда-саттыққа қатысуға жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттықта қатысуға құзыретті органның рұқсатын алған тұлғалар жіберіледі.
Жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу (сату) жөніндегі жария сауда-саттыққа қатысуға ниеті бар тұлға құзыретті органға жария сауда-саттыққа қатысуға рұқсат беру туралы өтініш жібереді.
Өтініш қазақ және орыс тілдерінде жасалады, онда осы Кодекстің 45-бабында белгіленген мәліметтер қамтылуға тиіс.
Өтінішті осы Кодекстің 45-бабында белгіленген тәртіппен құзыретті орган қарайды.
Осы тармақтың ережелері банкроттық рәсімін жүзеге асыру кезінде мүліктік массаны өткізу жағдайлары үшін де қолданылады.
Сауда-саттық нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жария сауда-саттыққа қатысуға құзыретті органның рұқсатын алған тұлғамен жасасқан кезде жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығаруға құзыретті органның қосымша рұқсатын алу талап етілмейді.
2. Кепіл ұстаушының талаптарын кепілге қойылған жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің құнынан қанағаттандыру сот тәртібімен жүргізіледі.
3. Кепілге қойылған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді өткізу бойынша сауда-саттық өткізілмеді деп жарияланған кезде кепіл ұстаушы құзыретті органның рұқсатымен кепілге қойылған мүлікті өз меншігіне айналдыруға (жер қойнауын пайдалану құқығының (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестің) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің иесі болуға) не жаңа сауда-саттық тағайындауды талап етуге құқылы.
4. Кепілге қойылған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алу ниеті бар кепіл ұстаушы сауда-саттық өткізілмеді деп жарияланған жағдайда құзыретті органға кепілге қойылған жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді сатып алуға рұқсат беру туралы өтініш жібереді.
Өтініш қазақ және орыс тілдерінде жасалады, онда осы Кодекстің 45-бабында көзделген мәліметтер қамтылуға тиіс.
Өтінішті құзыретті орган осы Кодекстің 45-бабында белгіленген тәртіппен қарайды.
5. Осы баптың ережелеріне қайшы келетін кепіл туралы шарттардың және өзге де келісімдердің талаптары маңызсыз талаптар.
16-ТАРАУ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ ҮШІН ЖЕР ҚОЙНАУЫ УЧАСКЕЛЕРІ
110-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері
1. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына қосылған жер қойнауы учаскелері көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру үшін:
1) аукцион өткізу арқылы;
2) тікелей келіссөздер негізінде көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға берілуі мүмкін.
Сол бір жер қойнауы учаскесі бір мезгілде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған әртүрлі келісімшарт бойынша пайдалануда болмайды.
Бұл ретте жер қойнауы учаскелерінің толық немесе ішінара сәйкес келуіне жол беріледі.
2. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа сәйкес көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы болатын жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары осындай келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада белгіленеді.
Аталған қосымшаны дайындау мақсаттары үшін:
1) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша көмірсутектерді барлау немесе өндіру учаскесінің бастапқы кеңістікті шекаралары мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдаламасына сәйкес айқындалады;
2) табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау мақсатында көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту кезінде барлау учаскесінің (учаскелерінің) кеңістікті шекаралары жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау жөніндегі жұмыстарды көздейтін барлау жұмыстарының жобасына толықтыруға сәйкес айқындалады;
3) табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынамалап пайдалану мақсатында көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту кезінде барлау учаскесінің (учаскелерінің) кеңістікті шекаралары жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, сынамалап пайдалану жобасымен айқындалады;
4) көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңі аяқталғаннан кейін өндіру учаскесін (учаскелерін) бекіту кезінде (жоғарғы шекараларын қоспағанда) көмірсутектерді өндіру учаскесінің (учаскелерінің) кеңістікті шекаралары жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған, геологиялық қорларды есептеу бойынша есеппен айқындалады;
5) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауының бастапқы учаскесін ұлғайту мақсатында сұралатын жер қойнауы учаскесінің кеңістікті шекаралары жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органмен келісу (сұралатын жер қойнауы учаскесінің жер қойнауын пайдаланудан бос болуы тұрғысынан) бойынша жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжанатын контурын белгілейтін тиісті базалық жобалау құжатына толықтыруға сәйкес айқындалады;
6) осы Кодекстің 114-бабына сәйкес мемлекетке қайтару арқылы жер қойнауы учаскесі азайтылғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыда қалатын көмірсутектерді барлау немесе өндіру учаскесінің кеңістікті шекараларын жер қойнауын пайдаланушы айқындайды;
7) барлау немесе өндіру учаскелерінің кеңістікті шекаралары осы Кодекстің 115-бабына сәйкес көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауының учаскесі бөлінген жағдайда (жер қойнауының негізгі және бөлінетін учаскесі):
барлау учаскесінің бір бөлігі бөлінген кезде – жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, жер қойнауының негізгі және бөлінетін учаскесінде табылған тиісті кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстар жүргізуді көздейтін барлау жұмыстарының жобасына толықтыруға сәйкес;
барлау учаскесі немесе өндіру учаскесі бөлінген кезде көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген, одан бөліну жүргізілетін тиісті жер қойнауының учаскелері бойынша деректер негізінде айқындалады.
Осы тармақтың 1) – 4), 6), 7) тармақшаларында көзделген жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) кеңістікті шекаралары туралы ақпаратты құзыретті орган хабардар ету тәртібімен жер қойнауын зерделеу саласындағы уәкілетті органға жібереді.
3. Басқа тұлғаға тиесілі немесе оның пайдалануындағы жер учаскесі шегінде орналасқан (ішінара орналасқан) жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, жер қойнауы учаскесінің жоғары кеңістікті шекарасы осындай жер учаскесі шегінде осындай жер учаскесінің жер бетінің ең төменгі нүктесінен отыз метр тереңдікте белгіленеді деп есептеледі.
4. Ішінара ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің немесе су қоры жерлері аумақтарының шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, жер қойнауы учаскесінің жоғары кеңістікті шекарасы осындай аумақтар шегінде осындай жер учаскесінің жер бетінің ең төменгі нүктесінен отыз метр тереңдікте белгіленеді деп есептеледі.
5. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы бар өзге жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесінен төмен орналасқан (ішінара орналасқан) жер қойнауы учаскесі берілген жағдайда, осындай жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесі аумағы шегінде берілетін жер қойнауы учаскесінің жоғарғы кеңістікті шекарасы оның төменгі кеңістікті шекарасы бойынша айқындалады.
6. Осы Кодекстің 117-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша барлау кезеңі ұзартылған барлау учаскелері үшін, сондай-ақ өндіру учаскелері үшін табылған кенжатын (кенжатындар жиынтығы) немесе көмірсутектер кен орындары жатқан тереңдікпен айқындалатын төменгі кеңістікті шекарасы белгіленеді.
7. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша барлау учаскесі (учаскелері) аумағының көлемін екі мың төрт жүз блоктан асыруға болмайды.
111-бап. Жер қойнауы учаскесін беру
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап жер қойнауы учаскесі жер қойнауын пайдаланушыға пайдалануға берілген болып табылады.
2. Көмірсутектерін өндіруге келісімшарт жасасу немесе өндіру учаскесі мен кезеңін не дайындық кезеңін бекітуді көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа толықтырулар жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес оған қажетті жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру үшін негіз болып табылады.
112-бап. Өзгерту ұғымы және түрлері
1. Мыналар:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту;
2) жер қойнауы учаскесін азайту;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін (оның бір бөлігін) жер қойнауын пайдалануға арналған жаңа келісімшарт жасасу арқылы жүргізілетін олардың кеңістік шекараларының өзгерісі жер қойнауы учаскелерін өзгерту болып табылады.
113-бап. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту
1. Көмірсутектерін барлауға және өндіруге немесе өндіруге келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін ұлғайту жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
1) жер қойнауын пайдаланушы болжамды контуры жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптаманың оң қорытындыларын алған базалық жобалық құжатта белгіленген жер қойнауы учаскесінің шегінен шығып жатқан кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан;
2) сұралатын жер қойнауы учаскесі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдаланудан бос болған;
3) жер қойнауы учаскелері жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған базалық жобалау құжатында белгіленген, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контуры жатқан блоктармен сұратылған;
4) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде жүргізіледі.
2. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күні;
3) жер қойнауының бастапқы учаскесін ұлғайту болжанатын, сұралатын жер қойнауы учаскесіне нұсқау қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша мыналар:
1) барлау учаскесі ұлғайтылатын жағдайда – жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және сұралатын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдаланушы орындауға міндеттенетін, өтініш иесі жер қойнауын пайдалану құқығын алу кезінде белгіленген барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстар көлемі мен түрлері бойынша ең төмен талаптарға пропорционалды сәйкес келетін жұмыстардың көлемін, сипаттамасы мен мерзімін қамтитын қосымша жұмыстар бағдарламасы;
2) мыналарды:
жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды (келісімшартқа осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауы (ұлғайтылған) учаскесін белгілейтін қосымша түрінде);
жер қойнауын пайдаланушының осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген және келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, қосымша жұмыстар бағдарламасын орындауы жөніндегі міндеттемелерін көздейтін жер қойнауын пайдаланушы қол қойған келісімшартқа толықтыру қоса беріледі.
4. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту немесе ұлғайтудан бас тарту туралы шешім қабылдайды;
2) қабылданған шешім туралы өтiнiш берушiнi хабардар етеді.
5. Құзыретті орган:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталмаса жер қойнауы учаскесін ұлғайтудан бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін ұлғайтудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Құзыретті орган өтініш иесінен қол қою бонусының төленгенін растауды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
7. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін, дайындық кезеңін немесе өндіру кезеңін ұлғайту үшін негіз болып табылмайды.
114-бап. Жер қойнауы учаскесін азайту
1. Көмірсутектерді барлау немесе өндіру кезеңі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының учаскесін мемлекетке оның кез келген бөлігін қайтару арқылы бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
1) қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қайтару күніне дейін аяқталған;
2) барлау учаскесінің бөлігін қайтарған жағдайда – мұндай қайтару блоктармен жүзеге асырылған;
3) егер жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынған болса, кепіл ұстаушының қайтаруға алдын ала келісімі болған кезде азайтуға құқылы.
2. Жер қойнауы учаскесін азайту туралы өтініш:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауын;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күнін;
3) мемлекетке қайтару болжанатын жер қойнауы учаскесіне (оның бөлігіне) нұсқауды;
4) жер қойнауын пайдаланушыда қалатын жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) нұсқауды қамтуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша:
1) қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою актісінің көшірмесі;
2) жер қойнауын пайдаланушы қол қойған, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауының азайтылған учаскесін (учаскелерін) белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын келісімшартқа толықтыру қоса беріледі.
4. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайту туралы шешім қабылдайды немесе оны азайтудан бас тартады.
5. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайтудан мынадай жағдайларда:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталмаса бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін азайтудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
7. Жер қойнауын пайдаланушының бүкіл жер қойнауы учаскесін қайтаруы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың тоқтатылуына алып келеді.
8. Осы баптың ережелері барлау учаскесін:
1) барлау кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасына толықтыруда белгіленген, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контуры жатқан блоктардан тұратын жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бекітумен;
2) өндіру учаскесін (учаскелерін) бекітумен байланысты азайту жағдайларына қолданылмайды.
115-бап. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару
1. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін бөліп шығару жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша мынадай жағдайларда:
1) барлау учаскесінің бір бөлігін бөліп шығару – егер әрбір бөліктің шегінде осындай кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстарды көздейтін, жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасына толықтыруда белгіленген, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контуры жатса;
2) барлау учаскесін бөліп шығару – егер барлау мен өндіруге арналған келісімшартта әрбірінің шегінде кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстарды көздейтін жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасына толықтыруда белгіленген, табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контуры жатқан екі немесе одан көп барлау учаскелері бекітілсе;
3) өндіру учаскесін бөліп шығару – егер барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартта кемінде бір барлау учаскесі және кемінде бір өндіру учаскесі бекітілсе;
4) өндіру учаскесін бөліп шығару – егер барлауға және өндіруге арналған келісімшартта екі немесе одан көп өндіру учаскесі бекітілсе жүргізіледі.
2. Бөліп шығару бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:
1) осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін, одан жер учаскесін бөліп шығару жүргізілетін барлауға және өндіруге арналған келісімшарт болған;
2) егер жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынған болса, кепіл ұстаушының бөліп шығаруға алдын ала келісімі болған;
3) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде жүргізіледі.
Осы баптың 1-тармағы 4) тармақшасының мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушымен үлестес болып табылмайтын тұлғаға бөліп шығарылатын учаске бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеліктен шығару жөніндегі міндеттеме өндіру учаскесін бөліп шығарудың қосымша шарты болып табылады.
3. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару ол жүргізілетін жер қойнауы учаскесіне жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізумен және бөліп шығарылған жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған жеке келісімшарт жасаумен ресімделеді.
4. Бөліп шығарылған жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың барлау кезеңі, дайындық кезеңі немесе өндіру кезеңі мен өзге де шарттары бөліп шығару жүргізілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарына сәйкес келуге тиіс.
5. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару туралы өтініш:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауын;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күнін;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған жеке келісімшартқа бөлу болжанатын жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) нұсқауды қамтуға тиіс.
6. Өтінішке қосымша:
1) жер қойнауын пайдаланушы қол қойған, осы Кодекстің 110-бабына сәйкес жер қойнауының азайтылған негізгі учаскесін айқындайтын аумақты белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын келісімшартқа толықтыру;
2) осы баптың 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген, өтініш иесі қол қойған көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт қоса беріледі.
7. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган жер қойнауы учаскесін бөліп шығару туралы шешім қабылдайды немесе учаскені бөліп шығарудан бас тартады.
8. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін бөліп шығарудан:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы бапта белгіленген шарттар сақталмаса бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін бөліп шығарудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
9. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін бөліп шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру және жер қойнауын пайдалануға бөлінген жер қойнауы учаскесі бойынша жеке келісімшарт жасасады және өтініш иесіне олардың қол қойылған даналарын жібереді.
17-ТАРАУ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ КЕЗЕҢДЕРІ
116-бап. Көмірсутектерді барлау кезеңі
1. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартты жасасу кезінде барлау кезеңінің барынша ұзақтығы – қатар келетін алты жылдан, ал теңіздегі жер қойнауы учаскесінде не көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша тоғыз жылдан аспайды. Көрсетілген кезеңде жер қойнауын пайдаланушы барлау учаскесінде кен орындарын іздестіру және бағалау бойынша, сынамалап пайдалануды қоса алғанда, кез келген жұмысты жүргізуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін құзыретті орган аукцион өткізу туралы хабарламада не көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша белгілейді.
Осы Кодекстің 117-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген мерзімдер шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңі тиісті жобалау құжаттары негізінде айқындалады.
2. Барлау кезеңі көмірсутекті барлауға және өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап есептеледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда барлық барлау учаскесін қайтару арқылы барлау кезеңін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
4. Осы Кодекстің мақсаттары үшін көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары деп көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт шеңберіндегі параметрлері мынадай:
1) бес мың метрден астам тереңдіктегі ұңғымаларды бұрғылау;
2) қабаттық флюидіндегі күкіртті сутек 3,5 және одан жоғары пайызда болатын;
3) аномальдық коэффиценті 1,5 және одан жоғары кенжатынының жиынтығының қабаттық қысымы аномальдық жоғары болатын жобалар танылады.
117-бап. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту
1. Егер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлаудың бастапқы кезеңі осы Кодекстің 116-бабының 1-тармағында көзделген мерзімдердің барынша жоғары мәндерінен төмен болса, барлау кезеңі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша осындай мерзімдер шегінде ұзартылуға жатады.
Егер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңі ішінде осы Кодекстің 116-бабының 4-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген мән-жай туындаса, барлау кезеңі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша теңіздегі жер қойнауы учаскесінде не көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша барлау кезеңі үшін осы Кодекстің 116-бабының 1-тармағында көзделген мерзімнің барынша жоғары мәні шегінде ұзартылуға жатады.
2. Табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын), оның сынамалап пайдаланылуын қоса алғанда, бағалау мақсатында көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша әрбір табылған кенжатыны (кенжатындар жиынтығы) бойынша бір рет – үш жылға дейінгі, ал теңіздегі жер қойнауы учаскесінде не көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша алты жылға дейінгі мерзімге ұзартылуға жатады.
Бұл ретте мұндай ұзартуға жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасына толықтыруда белгіленген табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контуры жатқан блоктардан тұратын жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша ғана жол беріледі.
Осы тармаққа сәйкес барлау кезеңін (кезеңдерін) ұзарту нәтижелері бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңінің (кезеңдерінің) ұзақтығы – тоғыз жылдан, ал теңіздегі жер қойнауы учаскесінде не көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша он бес жылдан аспауға тиіс.
3. Сынамалап пайдалануды жүргізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған сынамалап пайдаланылатын жобада табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжамды контуры жатқан блоктардан тұратын жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша барлау кезеңі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша сынамалап пайдалану басталған күннен бастап үш жылға дейінгі мерзімге осы Кодекстің 119-бабының 1-тармағында көрсетілген өндіру кезеңінің барынша жоғары ұзақтығын тиісінше қысқарта отырып бір рет ұзартылуға жатады.
Барлау кезеңін (кезеңдерін) осы тармаққа сәйкес ұзарту нәтижелері бойынша көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңінің (кезеңдерінің) барынша жоғары ұзақтығы – он екі жылдан, ал теңіздегі жер қойнауы учаскесінде не көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша он сегіз жылдан аспауға тиіс.
4. Барлау кезеңін ұзарту туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға барлау кезеңі ішінде береді.
5. Барлау кезеңін ұзарту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) барлау кезеңін ұзарту сұралатын жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) нұсқау;
4) барлау кезеңін ұзартудың негізі мен сұралатын мерзімі;
5) тиісті жобалау құжаттары негізінде айқындалған барлау кезеңін ұзартудың сұралатын мерзімі қамтылуға тиіс.
6. Өтінішке қосымша:
1) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауын пайдаланушы барлау кезеңі ұзартылған жағдайда жер қойнауының тиісті учаскесінде орындауға міндеттенетін қосымша жұмыстардың көлемдерін, сипатын және орындалу мерзімдерін қамтитын қосымша жұмыстар бағдарламасы;
2) жер қойнауын пайдаланушы қол қойған келісімшартқа:
барлау кезеңін ұзартуды;
осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда – тереңдігі бойынша барлау учаскесінің (учаскелерінің) шекараларын белгілеуді қоса алғанда, шеңберінде табылған кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) болжанатын контурлары жатқан блоктардан тұратын барлау учаскесін (учаскелерін) осы Кодекстің 110-бабына сәйкес белгілейтін келісімшартқа қосымшаны;
осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген және келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса берілген қосымша жұмыстар бағдарламасын орындау бойынша жер қойнауын пайдаланушының міндеттерін көздейтін толықтыру;
3) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайда – табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстарды көздейтін, жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасына толықтыру;
4) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайда – жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған сынамалап пайдалану жобасы қоса беріледі.
7. Егер құзыретті орган жер қойнауы учаскесі бойынша өтінішті қарау кезеңінде өтініште көрсетілген барлау кезеңі аяқталса, көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт мұндай жер қойнауы учаскесіне қатысты өтінішті қарау кезеңінде әрекет етуін жалғастырады.
8. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган барлау кезеңін ұзарту туралы шешім қабылдайды немесе оны ұзартудан бас тартады.
9. Құзыретті орган барлау кезеңін ұзартудан мына жағдайда:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) осы баптың 1 – 3-тармақтарында көзделген барлау кезеңін ұзарту үшін негіздер жоқ болса;
3) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса, бас тартады.
Құзыретті органның барлау кезеңін ұзартудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны барлау кезеңі ішінде қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
10. Құзыретті орган ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа тиісті толықтыруды жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
11. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт шеңберінде барлау кезеңі аяқталған жағдайда өндіру учаскесі мен өндіру кезеңі не дайындық кезеңі бекітілмеген болса, мұндай келісімшарттың қолданысы тоқтатылады.
118-бап. Дайындық кезеңі
1. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша барлау кезеңі аяқталғаннан кейін және өндіру кезеңі бекітілгенге дейін жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша өндіру учаскесін (учаскелерін) және дайындық кезеңін (дайындық кезеңдерін) бекітуге жол беріледі.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттар бойынша оларды жасасу кезінде өндіру учаскесі және дайындық кезеңі бекітіледі.
2. Жер қойнауын пайдаланушы дайындық кезеңі ішінде:
1) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген кен орнын әзірлеу жобасының сараптамасын әзірлеуге, бекітуге және жүргізуге;
2) қажет болған кезде – көмірсутегі кен орнын жайластыруды;
3) осындай кен орнын сынамалап пайдалану кезіндегі өндіру көлемінен аспайтын көлемде көмірсутектерді өндіруді жүзеге асыруға құқылы.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы, өзінің технологиялық қажеттіліктеріне тұтынатын немесе осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жағылатын көмірсутектерді қоспағанда, өзіне тиесілі көмірсутектерді толық көлемде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына беруге міндетті.
3. Дайындық кезеңінің ұзақтығы осы Кодекстің 119-бабының 1-тармағында көрсетілген өндіру кезеңінің барынша ұзақтығы тиісінше қысқартылып үш жылдан аспайтын уақытты құрайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім шегінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша дайындық кезеңін жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекіту туралы өтініште өзі дербес айқындайды, ал көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт бойынша құзыретті орган аукцион өткізу туралы хабарламада не көмірсутектер саласындағы ұлттық компаниямен тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша белгілейді.
4. Жер қойнауын пайдаланушының геологиялық қорларды есептеу бойынша есепке қатысты жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алуы көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекітудің міндетті шарты болып табылады.
5. Өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекіту туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға барлау кезеңі ішінде береді.
Егер құзыретті органның өтінішті қарауы кезеңінде өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі бойынша барлау кезеңі аяқталса, онда көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарт өтінішті қарау кезеңінде осындай жер қойнауы учаскесіне қатысты қолданылуын жалғастырады.
6. Өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекіту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру учаскесіне (учаскелеріне) нұсқау;
4) дайындық кезеңінің ұзақтығы қамтылуға тиіс.
7. Өтінішке қосымша:
1) жер қойнауын пайдаланушы қол қойған дайындық кезеңін (дайындық кезеңдерін) бекітуді көздейтін және осы Кодекстің 110-бабына сәйкес өндіру учаскесін (учаскелерін) белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтитын келісімшартқа толықтыру;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған геологиялық қорларды есептеу бойынша есеп қоса беріледі.
8. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
9. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекіту туралы шешім қабылдайды немесе мұндай бекітуден бас тартады.
10. Құзыретті орган:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
2) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса, өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекітуден бас тартады.
Құзыретті органның өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекітуден бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны барлау кезеңі ішінде қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
11. Құзыретті орган өндіру учаскесін және дайындық кезеңін бекіту туралы шешім қабылдаған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа тиісті толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
12. Көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт шеңберінде дайындық кезеңі аяқталған кезде өндіру кезеңі бекітілмеген жағдайда, мұндай келісімшарттың қолданысы тоқтатылады.
119-бап. Көмірсутектерді өндіру кезеңі
1. Өндіруге арналған келісімшарт немесе өндіру кезеңін бекітуді көздейтін барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасау кезінде өндіру кезеңінің барынша ұзақтығы – жиырма бес жылдан, ал ірі және бірегей кен орындарында қырық бес жылдан аспайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер шегінде көмірсутектерді өндіру кезеңі жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеудің бастапқы жобасы негізінде айқындалады.
Кен орнын әзірлеу жобасында көмірсутектерді рентабельді өндіру мерзімін кейіннен өзгерту жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта өндіру кезеңін тиісінше өзгерту үшін негіз болып табылмайды.
3. Жер қойнауы учаскесіндегі өндіру кезеңі көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт не өндіру кезеңін бекітуді көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру тіркелген күннен бастап есептеледі.
4. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда бүкіл өндіру учаскесін қайтару арқылы өндіру кезеңін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Егер көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған бір келісімшарт шеңберінде көмірсутектер кен орындарының бірнешеуі ашылған болса, онда олардың әрқайсысына келісімшартта жеке учаске және өндіру кезеңі бекітіледі.
Бұл ретте, жер қойнауы учаскелерінің бірі бойынша өндіру кезеңі өткен жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт өз қолданысын қалған жер қойнауы учаскелеріне қатысты ғана жалғастырады.
6. Егер өндіру учаскесі (учаскелері) келісімшартта барлау кезеңі аяқталғанға дейін бекітілсе, онда жер қойнауын пайдаланушының осы Кодексте және өндіру кезеңіне арналған келісімшартта көзделген құқықтары мен міндеттері – өндірудің осындай учаскесіне (учаскелеріне) қатысты, ал жер қойнауын пайдаланушының осы Кодексте және барлау кезеңіне арналған келісімшартта көзделген құқықтары мен міндеттері тек барлау учаскесіне қатысты ғана қолданылады.
7. Егер есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған көмірсутектер кен орнының бастапқы геологиялық қорларының көлемдері жүз миллион тонна мұнай немесе елу миллиард текше метр табиғи газ мәнінен асатын болса, осындай кен орнына қатысты барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың ережелерінде жер қойнауын пайдаланушының мынадай міндеттемелерінің бірі қамтылуға тиіс:
1) жаңа заңды тұлға құру арқылы дербес немесе басқа тұлғалармен бірлесіп қайта өңдеу өндірістерін құру;
2) жұмыс істеп тұрған өндіру өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
3) жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
4) өндірілетін көмірсутектерді қайта өңдеу үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына (өндірістеріне) шарттық талаптармен беру;
5) жаңа заңды тұлға құру арқылы өзі дербес немесе басқа тұлғалармен бірлесіп өзге инвестициялық жобаны немесе өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған жобаны іске асыру.
8. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға өндіру учаскесін және өндіру кезеңін бекіту туралы өтінішті барлау кезеңі ішінде береді.
Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға өндіру кезеңін бекіту туралы өтінішті дайындық кезеңі ішінде береді.
Егер құзыретті органның өтінішті қарауы кезеңінде өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі бойынша барлау кезеңі немесе дайындық кезеңі аяқталса, онда келісімшарт осындай жер қойнауы учаскесіне қатысты – өтінішті қарау кезеңінде, ал осы баптың 12-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда осы баптың 15 – 18-тармақтарында көзделген әрекеттерді жүзеге асыру кезеңінде қосымша қолданылуын жалғастырады. Бұл ретте осындай жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
9. Өндіру учаскесі мен кезеңін немесе тек қана өндіру кезеңін бекіту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру учаскесіне (учаскелерін ) нұсқау;
4) өндіру кезеңінің (кезеңдерінің) ұзақтығы қамтылуға тиіс.
10. Өтінішке қосымша:
1) осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, учаскені (учаскелерді) және өндіру кезеңін (кезеңдерін) немесе өндіру кезеңін (кезеңдерін) бекітуді көздейтін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған келісімшартқа толықтыру қоса беріледі. Бұл ретте өндіру учаскесін (учаскелерін) бекіту мақсатында келісімшартқа толықтыруда осы Кодекстің 110-бабына сәйкес өндіру учаскесін (учаскелерін) белгілейтін келісімшартқа қосымша қамтылуға тиіс;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған геологиялық қорларды есептеу бойынша есеп (есептер);
3) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеу жобасы қоса беріледі.
11. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
12. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган мынадай шешімдердің бірін:
1) осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өндіру учаскесін және кезеңін немесе тек қана өндіру кезеңін бекіту туралы шешімді;
2) осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайда осы бапта көзделген мерзімде және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізу туралы шешімді;
3) өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуден бас тарту туралы шешімді қабылдайды.
13. Құзыретті орган:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес болмаса;
2) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса, өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуден бас тартады.
Құзыретті органның өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуден бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны тиісінше барлау кезеңі немесе дайындық кезеңі ішінде қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
14. Осы баптың 12-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда құзыретті орган өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекіту туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыру жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
15. Осы баптың 12-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда құзыретті орган осындай шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде жер қойнауын пайдаланушымен осы баптың 7-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді.
16. Келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша құзыретті орган бес жұмыс күні ішінде:
1) өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін, сондай-ақ осы баптың 7-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін бекітуді көздейтін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыруды жасау туралы;
2) келісімшартқа толықтыру жасасудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды және бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.
17. Осы баптың 16-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде құзыретті органға өз тарапынан қол қойылған өндіру учаскесін және кезеңін немесе өндіру кезеңін бекітуді, сондай-ақ осы баптың 7-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшартқа толықтыруды жібереді. Бұл ретте, өндіру учаскесін бекіту мақсатында осы Кодекстің 110-бабына сәйкес келісімшартқа толықтыру өндіру учаскесін белгілейтін келісімшартқа қосымшаны қамтуға тиіс.
18. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа толықтыруды алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде мұндай толықтыруға қол қояды және жер қойнауын пайдаланушыға оның қол қойылған бір данасын жібереді.
19. Осы баптың 16-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін бұрынғы жер қойнауын пайдаланушының табуға және бағалауға жұмсалған шығындарын өтетуге құқығы бар.
Мұндай өтеуді жаңа жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпаратының негізінде айқындалатын инфляцияны ескере отырып, тиісті шығындардың толық сомасын бір уақытта төлеу тәртібімен жүзеге асырады.
Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және жаңа жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасасқан күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.
Жаңа жер қойнауын пайдаланушы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Өтелетін шығындардың мөлшері туралы жаңа және бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы арасында дау туындаған жағдайда, мұндай дау сот тәртібімен шешілуге тиіс.
120-бап. Көмірсутектерді өндіру кезеңін ұзарту
1. Өндіру кезеңін құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қатарынан келетін жиырма бес жылға дейінгі кезеңге ұзартады.
2. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға ұзартылатын өндіру кезеңі аяқталардан кемінде алты ай бұрын, ал осы баптың 5-тармағында көрсетілген кен орындары бойынша ұзартылатын өндіру кезеңі аяқталарға дейін жиырма төрт айдан кешіктірмей береді.
3. Өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) көмірсутекті барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) нұсқау;
4) өндіру кезеңін ұзарту сұралатын мерзім қамтылуға тиіс.
4. Өтінішке қосымша:
1) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі ұзартылған жағдайда жер қойнауы учаскесінде орындауға міндеттенетін жұмыстар көлемін, сипатын және орындау мерзімін қамтитын жұмыс бағдарламасы;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған өндіру кезеңінің сұралатын ұзарту мерзімі ішінде кен орнын әзірлеуді көздейтін кен орнын әзірлеудің жобасы қоса беріледі.
5. Егер есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған көмірсутектер кен орнының бастапқы геологиялық қорлары жүз миллион тонна мұнай немесе елу миллиард текше метр табиғи газ мәнінен асатын болса, өндіру кезеңін ұзарту кезіндегі келісімшарттың ережелері осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірімен толықтырылуға тиіс.
Егер мұндай кен орнына қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы басқа тұлғаға берілсе, онда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірі қосылады.
6. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап – екі ай ішінде, ал осы баптың 5-тармағында көрсетілген кен орындары бойынша жиырма төрт ай ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган ұзарту туралы шешім қабылдайды немесе мұндай ұзартудан бас тартады.
7. Құзыретті орган:
1) егер өтініш осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімнен кеш берілсе;
2) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес болмаса;
3) егер кен орнын әзірлеу жобасында өтініште сұралатын мерзімнен аз мерзімде әзірлеу көзделсе;
4) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болса;
5) құзыретті органның келісімшартты ұзартуға ниеті болмаған, оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушының қосылған құны жоғары өнім (неғұрлым жоғары қайта жасалған және қайта өңделген) өндіруді көздейтін индустриялық-инновациялық жобаны не осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделгендерді қоса алғанда, өзге де инвестициялық міндеттемелерді іске асыру бойынша міндеттемелер қабылдау жөнінде онымен келісімге келмеген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартудан бас тартады.
Осы тармақтың 1) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, құзыретті органның өндіру кезеңін ұзартудан бас тартуы өтініш иесін қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
8. Өндіру кезеңін ұзарту өтініште көрсетілген жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша ғана жүргізіледі.
9. Егер келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгі келісімшартқа сәйкес келсе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өндіру кезеңін ұзартуды және жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 4-тармағында 1) тармақшасында көрсетілген және келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін жұмыс бағдарламасын орындау жөніндегі міндетін көздейтін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасалады.
10. Егер келісімшарт құзыретті орган бекітетін көмірсутекті барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келмесе, өндіру кезеңін ұзарту кезінде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде көмірсутектерді өндіруге үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген жаңа редакциядағы көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт жасалады.
11. Егер келісімшарт шеңберінде көмірсутектерді өндіру кезеңі кемінде жиырма жыл мерзімге белгіленсе, онда өндіру кезеңі ұзартылған кезде келісімшарт талаптары Қазақстан Республикасының осындай ұзарту күніне қолданыста болатын заңнамасына сәйкес келтірілуге тиіс.
18-ТАРАУ. КӨМІРСУТЕКТЕРДІ БАРЛАУ ЖӘНЕ ӨНДІРУ ШАРТТАРЫ
121-бап. Көмірсутектерді барлаудың және өндірудің жалпы шарттары
1. Коллектор-жыныста және өткізбейтін жыныстар жапқыштарында түзілген тұтқыштағы көмірсутектердің табиғи оқшау жинақталуын қамтитын жер қойнауының бір бөлігі көмірсутектер жатыны деп танылады.
2. Есептеу бойынша есеп осы Кодексте көзделген жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған бірыңғай құрылымдық элементпен бақыланатын және жергілікті бір алаңда орналасқан, бір немесе бірнеше тұтқыштарға жататын кенжатын немесе кенжатындар жиынтығы көмірсутектер кен орны деп танылады.
3. Ұңғымадан көмірсутектердің ағымын құжатпен растау арқылы алу, оның ішінде қабатты сынағышпен сынамалау жүргізген кезде және (немесе) мұнай-газдың мол болуына коллектор-жынысты зертханалық зерттеу кезінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде растаған жаңа кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) ашылуы табу болып табылады.
4. Көмірсутектер кенжатындарын іздеустірмен және бағалаумен байланысты, олардың сынамалап пайдаланылуын қоса алғандағы жұмыстар кешені көмірсутектерді барлау деп танылады.
5. Көмірсутектер кенжатындарын табу, олардың болжамдық ресурстарын айқындау, алдын ала геологиялық-экономикалық бағалау және одан арғы геологиялық барлау жұмыстарын негіздеу мақсатында жүргізілетін жұмыстар іздестіру жұмыстары деп танылады.
6. Табылған кенжатынды контурлау және бағалау, өнеркәсіптік санаттар бойынша қорларды есептеу және оларды өнеркәсіптік әзірлеуге тарту орындылығын бағалау мақсатында жүргізілетін жұмыстар бағалау жұмыстары деп танылады.
7. Қабаттар мен кенжатынның, кен орнын әзірлеу жобасын жасау үшін ұңғымаларды кешенді геологиялық-геофизикалық және гидродинамикалық зерттеудің геологиялық-кәсіпшілік сипаты туралы қолда бар ақпаратты нақтылау және қосымша ақпарат алу мақсатында жүргізілетін жұмыстар сынамалап пайдалану деп танылады. Сынамалап пайдалану ұңғымалар мен көмірсутектерді өндіруді зерттеу мақсаттарында уақытша пайдалануды көздейді.
8. Жер қойнауынан көмірсутектерді жердің бетіне шығарумен байланысты жұмыстар кешені көмірсутектерді өндіру деп танылады.
9. Көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауының жекелеген учаскелерін пайдалану ұлттық қауіпсіздікті, халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен шектелуі немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
10. Елді мекендердің, қала маңындағы аймақтардың, өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінің аумақтарында көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауын пайдалануға, егер мұндай пайдалану адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі, шаруашылық объектілеріне немесе қоршаған ортаға нұқсан келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін.
11. Сынамалап пайдалануды қоса алғанда, іздестіру және бағалау жұмыстарын, сондай-ақ көмірсутектер кен орындарын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларында белгіленеді.
12. Көмірсутектерді өткізуге арналған көлік шығыстары мен шығындарды шегергенде, жер қойнауын пайдаланушы мәміле жасау кезінде мәміле жасау күніне қалыптасқан қолданатын бағадан аспайтын баға бойынша, көмірсутектерді сатып алуға басқа тұлғалар алдында Қазақстан Республикасының басым құқығы болады.
Жер қойнауын пайдаланушы мәміле жасау кезінде қолданатын көмірсутектер бағасы туралы ақпарат болмаған жағдайда, көмірсутектерді өткізуге арналған көлік шығыстары мен шығындарды шегергенде, көмірсутектерді мемлекеттің сатып алуы бойынша мәміле жасалған күнге әлемдік нарықта қалыптасқан бағадан аспайтын баға қолданылады.
Сатып алынатын көмірсутектердің шекті көлемі және төлем түрі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта айқындалады.
13. Қазақстан Республикасының көмірсутектерді сатып алуға арналған басым құқығын іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
14. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесіне) ауыртпалық салу, сондай-ақ осы Кодексте тыйым салынбаған, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлға тікелей немесе жанама бақылайтын ұйымдардың акцияларына (жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) ауыртпалық салу осы Кодекстің 45-бабында белгіленген тәртіппен берілетін құзыретті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
15. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге қойып алынған қарызды жер қойнауын пайдалану не жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген Қазақстан Республикасының аумағында кейіннен қайта бөлу ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушының өзі немесе жарғылық капиталында жер қойнауын пайдаланушының жүз пайыз қатысу үлесі бар еншілес ұйым пайдалануға тиіс.
16. Көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуы бар келісімшарттарда оператордың жарғылық капиталында ұлттық компанияның қатысу үлесі бастапқыда кемінде елу пайызды құрауға тиіс.
Оператордың жарғылық капиталында ұлттық компанияның қатысу үлесінің көрсетілген мөлшері кейіннен жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарт бойынша қабылдайтын шешімдерге ұлттық компания өз бақылауын сақтаған жағдайда төмендетілуі мүмкін.
17. Ұңғымаларды пайдалану, оның ішінде барлау кезіңде пайдалану және геологиялық-техникалық іс-шараларды орындау құжаттандыруға жатады. Құжаттаманы жер қойнауын пайдаланушы өндіру кезеңі аяқталғанға дейін сақтайды.
122-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, көмірсутектерді барлау және өңдеу кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану
1. Мыналар:
1) жер қойнауын қорғауды қамтамасыз ету;
2) жоғарғы технологияларды қолдану және жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және экономикалық жағынан тиімді пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау көмірсутектерді барлау мен өңдеуді жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қолданылатын, ұтымды, қауіпсіз, қажетті және экономикалық тиімді болып табылатын жалпы қабылданған халықаралық практика жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы болып түсініледі.
2. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау:
1) халықтың өмірін және денсаулығын қорғауға;
2) табиғи ландшафтарды сақтауға және бүлінген жерлерді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды қалпына келтіруге;
3) жер сілкінуді, көшкінді, су басуды, топырақтың шөгуін болдырмау мақсатында жер қойнауының үстіңгі бөліктерінің энергетикалық жай-күйінің қасиеттерін сақтауға;
4) су объектілерінің табиғи жай-күйін сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, технологиялық жүйелерді және басқа да іс-шараларды қамтиды.
3. Мыналар:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін көмірсутектер, кен орындары мен жер қойнауы учаскелері қорларының ауқымы мен құрылымын дұрыс бағалау үшін жер қойнауын алдын ала геологиялық зерттеудің толықтығын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды және экономикалық тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) жер қойнауынан пайдалы қазбалар алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
4) қорларды және өндірілген көмірсутектерді, ілеспе құрауыштарды анық есепке алуды жүргізу;
5) су жинау алаңдарында және ауыз сумен немесе өнеркәсіптік сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын жерасты сулары жинақталған жерлерде өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;
6) көмірсутектерді немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде жер қойнауының ластануын болғызбау;
7) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұрудың, тоқтатудың, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюдың, жер қойнауы учаскелерін консервациялаудың, сондай-ақ жекелеген технологиялық объектілерді жою мен консервациялаудың белгіленген тәртібін сақтау;
8) қалдықтарды жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
9) шикі газды маңызды стратегиялық энергия көздерін не мұнай-химия өнеркәсібі үшін шикізат ресурстарын алу және қоршаған ортаға залалды барынша азайту мақсатында қайта өңдеу арқылы оны барынша пайдалану көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар болып табылады.
4. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектердің кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану және жер қойнауын қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті.
5. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша осы Кодекске сәйкес белгіленген талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган өзі белгілеген тәртіппен айқындайды.
6. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінің аумағындағы бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды балансқа қабылдауға, олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.
7. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының жай-күйіне мониторинг жүргізуді және кен орындарын әзірлеуге бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
123-бап. Көмірсутектерді барлау шарттары
1. Іздестіру және бағалау жұмыстары барлау жұмыстарының жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушы барлау кезеңінде және осы Кодексте белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлау аумағында көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстардың кез келген түрін жүргізуге құқылы.
3. Көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстар жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес барлау жұмыстары жобасында және (немесе) сынамалап пайдалану жобасында көзделген әдістермен және тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
4. Көмірсутектерді барлау кезінде барлау жұмыстары жобасында және (немесе) сынамалап пайдалану жобасында көзделген ұңғымаларды бұрғылауға жол беріледі.
5. Жаңа кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) әрбір ашылуы кезінде жер қойнауын пайдаланушы осылай ашылған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға табуда растау туралы өтінішті жібереді.
6. Табуды растау туралы өтініште:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) ашық кенжатынның (кенжатындар жиынтығының) орналасқан жеріне нұсқау қамтылуға тиіс.
7. Өтінішке табудың мынадай құжаттамалық растаулардың кем дегенде біреуі:
1) жер қойнауын пайдаланушының ұңғымадан көмірсутектер ағынын алғанын, оның ішінде оны қабаттарды сынағышпен сынамалау жүргізген кездегі құжаттамалық растау;
2) кемінде отыз пайыз коэффициентті мұнаймен немесе газбен қаныққанын растайтын жыныс-коллекторын зертханалық зерттеудің тиісті түрде ресімделген нәтижелері қоса беріледі.
8. Өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растау туралы шешім қабылдайды немесе растаудан бас тартады.
9. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растаудан:
1) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) қоса берілген табуды құжаттамалық растау болмаған немесе анық болмаған жағдайда бас тартады.
10. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның табуды растаудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
11. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган табуды растаған күннен бастап бір ай ішінде бұл туралы құзыретті органды жазбаша хабардар етуге және бағалау бойынша жұмыстарды жүргізуді көздейтін барлау жұмыстары жобасына толықтыруларды әзірлеуді бастауға міндетті.
12. Барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) барлау жұмыстарын жүргізу кезінде қолданылатын техникалық құралдардың зерттелетін жер қойнауын пайдалану объектісіне сәйкес оңтайлы болуын;
2) жұмыстың барлық егжей-тегжейлерін, алынған зерттеу деректері мен нәтижелерінің геологиялық құжаттамада уақтылы және анық көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.
13. Барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған сынамалап пайдалану жобасына сәйкес табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынамалап пайдалануды жүргізуге құқығы бар.
Сынамалап пайдаланудың ұзақтығы үш жылдан аспауға тиіс.
14. Жер қойнауын пайдаланушы өзінің технологиялық қажеттіліктеріне тұтынылатын немесе осы Кодекс талаптарына сәйкес жағылатын көмірсутектерді қоспағанда, өзіне тиесілі, барлау кезеңінде өндірілген көмірсутектерді толық көлемде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына беруге міндетті.
124-бап. Көмірсутек кен орындарын жайластыру
1. Кен орындарын жайластыру көмірсутекті өндіру, дайындау, сақтау және өндіру және сақтау орнынан магистральдық құбырға және (немесе) көліктің басқа түріне аудару орнына дейін тасымалдау үшін қажетті кәсіпшілік және өзге де объектілерді салуды көздейді.
2. Кен орнын жайластыру сынамалап пайдалану жобасы және (немесе) кен орнын игеру жобасы негізінде әзірленген техникалық жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Көмірсутек кен орындарын жайластыру объектілерін жобалау және салу кезінде осы объектілердің қауіпсіз жұмыс істеуі, ықтимал авариялық жағдайларды оқшаулау және мейлінше азайту бойынша шаралар сақталуға тиіс.
4. Жайластыру объектілерін салу кезінде оларды пайдалануға берудің жобалау құжаттарында белгіленген кезектілігі сақталуға тиіс.
125-бап. Көмірсутектерді өндіру шарттары
1. Көмірсутектерді өндіру жөніндегі операциялар жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын игеру жобасына, сынамалап пайдалану жобасына немесе игерудің талдауына сәйкес жүргізілуге тиіс.
2. Өндіру жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес базалық жобалау құжаттарында көзделмеген көмірсутектердің шығынын болдырмайтын әдістермен және тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
3. Көмірсутектерді өндіру кезінде кен орнын игеру жобасында немесе игерудің талдауында көзделген ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат етіледі.
4. Көмірсутектерді өндіру жөніндегі барлық жұмыстар құжаттандыруға жатады.
5. Көмірсутектерді өндіруді жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) өндіруге қолданылатын техникалық құралдардың оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) көмірсутектердің кен орындарын көмірсутекті өндіру кезінде қиындатуға, көмірсутектерді өндірудің экономикалық тиімділігін төмендетуге алып келетін қауіпті техногендік процестердің болуынан қорғауды;
3) жер қойнауынан өндіріліп алынған және онда қалдырылатын көмірсутектер қорларын, оларды қайта өңдеу өнімдерін және өндіру кезінде пайда болатын өндіріс қалдықтарын дұрыс есепке алуды;
4) нормалар мен стандарттарды, қолданылатын өндіру әдістері мен тәсілдерін сақтауды;
5) су жинау алаңдарында және көмірсутектер жатқан жерлерде қалдықтардың жиналуын болдырмау мақсатында көмірсутектерді өндіру қалдықтарын және қайта өңдеу өнімдерін қоймаға жинап қою және орналастыру кезінде экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындауды;
6) көмірсутектерді кен орнын игеру жобасында көзделген тәртіппен алуды қамтамасыз етуге міндетті.
6. Көмірсутектерді өндіру барысында алынатын құрауыштар, егер осы Кодексте немесе келісімшартта өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
7. Көмірсутектерді өндіру кезінде жерасты ілеспе суларын қосымша шығару арнайы рұқсаттар немесе лицензиялар алмай жүзеге асырылады.
Қосымша өндіріліп алынған жерасты ілеспе суларын одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Көмірсутектерді өндіру кезеңінде геологиялық құрылымдарды және көмірсутектердің кен орны қорларын нақтылау мақсатында барлау учаскесін жете зерттеуге (жете барлауға) жол беріледі.
9. Жете барлау жөніндегі жұмыстар кен орнын игеру жобасына сәйкес жүргізіледі.
Егер жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде жете зерттеу кезінде жаңа кенжатынды тапқан жағдайда, оны бағалау кен орнын игеру жобасына қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
10. Жер қойнауы учаскесінде жаңа кенжатынды табу жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта барлау кезеңін және (немесе) өндіру кезеңін ұзартуды бекітіп беру үшін негіз болып табылмайды.
126-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерді барлау және өндіру кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою:
1) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 114-бабында көзделген тәртіппен мемлекетке қайтаруға ниет білдірген жер қойнауы учаскесінде (оның бөліктерінде) жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда осындай жер қойнауы учаскесіне қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірмей, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасының сараптамаларын бекітуге және жүргізу үшін ұсынуға;
2) жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жобасында белгіленген мерзімде аяқтауға міндетті.
4. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою:
1) жер қойнауын пайдаланушы (тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға);
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде жоюды жүргізген жағдайда, жер учаскесінің меншік иесі немесе жерді пайдаланушы жою актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
5. Егер жою актісіне қол қойылғаннан кейін тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға жою жобасын бұза отырып, жою жөніндегі жұмыстарды орындағаны не ол жойған (консервациялаған) ұңғыма сағасының бітеулігінің бұзылғандығы анықталған жағдайда, онда құзыретті орган мұндай тұлғаны анықталған бұзушылық, сондай-ақ оның мұндай бұзушылықты белгіленген мерзімде өз есебінен жоюға міндетті екендігі туралы жазбаша хабардар етеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері жаңа жер қойнауын пайдаланушыға берілген жер қойнауы учаскелерінде бұзушылықтар анықталған жағдайларға қолданылмайды.
6. Теңізде көмірсутектерді барлауды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушылардың орындауы банктік салым кепілімен қамтамасыз етіледі.
7. Барлау салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындауды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым, осындай жобалау құжатында көзделген операцияларды жүргізу басталғанға дейін көмірсутектерді барлау салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде барлау жұмыстары жобасында айқындалған сома мөлшеріндегі ақшалай жарна арқылы қалыптастырылады.
Барлау жұмыстары жобасына барлау салдарын жою жөніндегі жұмыстардың құнын арттыруды көздейтін толықтыруды не сынамалап пайдалану жобасын бекіткен жағдайда, тиісті қосымша сома осындай жобалау құжатында көзделген жұмыстарды жүргізу басталғанға дейін енгізілуге тиіс.
8. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін, кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым кен орындарын игеру жобасында көмірсутектерді өндірудің жоспарланған көлеміне пропорционалды айқындалған сома мөлшеріндегі ақшалай жарна арқылы қалыптастырылады.
9. Өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құны негізінде кен орындарын игеру жобасында айқындалады және игеруді талдау шеңберінде үш жылда бір реттен сиретпей қайта есептеуге жатады.
Қайта есептеу нәтижелері бойынша не көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстарды жүргізу процесінде қамтамасыз ету сомасы көмірсутектерді өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстардың нарықтық құнының не жер қойнауы учаскесінде нақты орындалған жою жұмыстары құнының төмендеуіне мөлшерлес азайтуға түзетілуі мүмкін.
10. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшарттың шарттары бойынша қалыптастырылған, кепілге қойылған банктік салым бойынша құқықтарды қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.
11. Осы Кодекстің 128-бабына сәйкес жүзеге асырылатын ұңғымаларды жою көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға жатпайды.
127-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау
1. Жер қойнауы учаскесін консервациялау жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасына сәйкес жүргізіледі.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау бойынша жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
2. Жер қойнауы учаскесін консервациялау:
1) осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатыла тұрған кезде жүргізіледі.
3. Жер қойнауын пайдаланушы (тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға):
1) жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған не көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы тоқтатыла тұрған күннен бастап екі ай ішінде осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасының сараптамаларын бекітуге және сараптамадан өткізу үшін ұсынуға;
2) консервациялау жобасында белгіленген мерзімде жер қойнауы учаскесін консервациялауды аяқтауға міндетті.
4. Жер қойнауы учаскесін консервациялау:
1) жер қойнауын пайдаланушы не тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға не жою жөніндегі оператор;
2) құзыретті органның өкілі;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері;
4) жеке меншіктегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жер учаскесінде консервациялау жүргізілген жағдайда жер учаскесінің меншік иесі немесе жерді пайдаланушы консервациялау актісіне қол қойған күннен бастап аяқталған болып есептеледі.
5. Көмірсутектер бойынша жер қойнауы учаскесін консервациялау жөніндегі міндеттеме жер қойнауын пайдаланушының не жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлғаның қаражаты есебінен, ал осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, міндеттемелер сомасы олар орындалғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыға қамтамасыз ету қаражаты есебінен орны толтырылады.
128-бап. Технологиялық объектілерді консервациялау және жою
1. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау немесе өндіру кезеңі өткенге дейін кез келген уақытта, құрылысжайларды, жабдықтарды, ұңғымаларды және өзге де мүлікті қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жекелеген технологиялық объектілерді консервациялауды немесе жоюды жүргізуге құқылы.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі ішінде техникалық және (немесе) геологиялық себептер бойынша жоюға жататын және кен орындарын игеру жобасына сәйкес өзге де мақсаттарда пайдалануға болмайтын ұңғымаларды жоюға міндетті.
2. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жою және консервациялау жоспарына сәйкес жою немесе консервациялау жүзеге асырылатын көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізу кезінде консервациялау және жою қағидаларында көзделген ұңғымалардың жекелеген санаттарын қоспағанда, технологиялық объектілер жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған технологиялық объектілерді жою немесе консервациялау жобасына сәйкес жойылады немесе консервацияланады.
3. Технологиялық объектілерді консервациялау немесе жою жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қойылатын талаптар көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау мен өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында белгіленеді.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесін консервациялау шеңберінен тыс жүргізілетін, технологиялық объектілерді консервациялау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою шеңберінен тыс жүргізілетін технологиялық объектілерді жою жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
129-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді өндіру кезеңі ішіндегі оқыту, ғылым және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы міндеттемелері
1. Өндіру кезеңі ішінде, екінші жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жыл сайын:
1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган ғылым саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітетін тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді өндіру кезеңінде өндіру үшін шеккен шығындарының бір пайызы мөлшерінде ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды жүзеге асыруға;
3) алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша көмірсутектерді өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша инвестициялардың бір пайызы мөлшерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын дамыту шығыстарын қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы объектілерін дамытуға және қолдауға арналған шығыстары, сондай-ақ осы мақсаттарда оның мемлекеттік бюджетке аударатын қаражаты жатады.
3. Белгіленген минимумнан асатын, осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылған қаржыландыру көлемі келесі жылы жер қойнауын пайдаланушының тиісті міндеттемелерін орындауы есебінен ескеріледі.
130-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарықты қамтамасыз ету саласындағы міндеттемелері
1. Жер қойнауын пайдаланушылар өнім беру графиктеріне сәйкес ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында өңдеу үшін мұнай беруді, ал мұнай өңдеу зауыттары авариялық жағдайға байланысты тоқтап қалған жағдайда, оның шегінен тыс жерде жүзеге асыруға міндетті.
Өнім беру графигін қалыптастыру көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің өндірілген үлкен фракциясын иеліктен шығаруға не процессингке беруге ниеттенген жағдайда, мұндай иеліктен шығаруды немесе процессингке беруді тек қана өндірістік қуаты Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілер жүзеге асыруға тиіс. Cұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Бұл ретте өндірістік қуаты Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, сұйытылған мұнай газын өндірушілерге иеліктен шығару немесе оны процессингке беру мүмкін болмаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясын көмірсутектер саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Осы баптың мақсаттары үшін жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясы ретінде жеңіл (метан, этан, пропан, бутандар мен пентандар) және құрауыштарының сапалық және сандық құрамы бойынша ұлттық стандарттар талаптарына жауап беретін, тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған біршама ауыр көмірсутектердің қоспасы түсініледі.
131-бап. Көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлердің сатып алуы мынадай:
1) ашық конкурс;
2) бір көзден сатып алу;
3) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);
4) тауар биржаларында сатып алу;
5) осы тармақта көрсетілген тәсілдерді қолданбай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәсілдерінің бірі арқылы жүзеге асырылады.
Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдер мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізбесі немесе интернеттің қазақстандық сегментінде орналастырылған, жұмысы осындай тізілім жұмысымен үйлестірілген, электрондық сатып алудың өзге де жүйесін міндетті қолдану арқылы жүргізіледі.
Тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес бекітілетін биржалық тауарлар тізбесі және тауар биржалары арқылы өткізілетін, ұсынылатын тауарлар партияларының ең төмен мөлшері бойынша жүзеге асырылады.
РҚАО-ның
ескертпесі!
131-баптың 1-тармағының төртінші бөлігінің
осы редакциясы 01.01.2022 дейін тоқтатыла
тұрады - ҚР 27.12.2017 № 125-VI
Кодексімен (тоқтатыла тұру кезеңіндегі
редакцияны осы Кодекстің 277-бабының
13-т. қараңыз).
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазын айқындау кезінде конкурсқа қатысушылардың – жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілерінің конкурстық өтінімінің бағасын шартты түрде жиырма пайызға азайтады. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын менеджерлер мен мамандар санын есепке алмағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, қызметкерлерінің жалпы санының кемінде тоқсан бес пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық берушілері болып танылады.
РҚАО-ның
ескертпесі!
131-баптың 1-тармағының бесінші бөлігінің
осы редакциясы 01.01.2022 дейін тоқтатыла
тұрады - ҚР 27.12.2017 № 125-VI
Кодексімен (тоқтатыла тұру кезеңіндегі
редакцияны осы Кодекстің 277-бабының
13-т. қараңыз).
Бұл ретте Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамасына сәйкес корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік басшылар, менеджерлер мен мамандардың саны әрбір тиісті санат бойынша басшылардың, менеджерлер мен мамандардың жалпы санының елу пайызынан көп болмауға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) оның мердігерлері көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген жауаптылықта болады.
2. Көмірсутектерге қатысты электрондық сатып алу жүйелерінің жұмысын жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілер тізілімінің жұмысымен үйлестіру тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі деп жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және олардың өндірушілерін бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе түсініледі;
2) электрондық сатып алу жүйесі деп көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібіне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) пайдаланатын электрондық ақпараттық жүйе түсініледі.
4. Көмірсутектерге қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы операторды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды және оператор:
1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің сатып алуы бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті;
2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, аталған тізілімді жасауды және жүргізуді жүзеге асырады.
5. Көмірсутектерге қатысты қазақстандық кадрларды және өндірушілерді қолдау саласындағы оператор дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы заңды тұлға болып табылады, ал акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Жер қойнауын пайдаланушылар көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық (бір қаржы жылына арналған) және орта мерзімді (бес қаржы жылына арналған) бағдарламаларын, сондай-ақ осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы операторды тартқан кезде оператордың ақылы қызметтер көрсетуі жоспарланатын сатып алу туралы ақпаратты көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган өзі бекітетін тәртіппен ұсынуға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жылға жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың орта мерзімді бағдарламасы деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, ол бес жылға дейінгі мерзімге жоспарлайтын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы мен көлемін, оларды сатып алу тәсілдері мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
Оператордың жоспарланатын қызметтер көрсетуін сатып алу туралы ақпарат деп жер қойнауын пайдаланушы жасайтын, оператордың ақылы негізде ұсынатын қызметтер көрсетуінің көлемі мен мерзімдерін айқындайтын құжат түсініледі.
7. Осы баптың 1-тармағының талаптары:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
2) жер қойнауын пайдалану құқығы бар, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызына ұлттық басқару холдинг тікелей немесе жанама түрде иелік ететін заңды тұлғаларға қолданылмайды.
132-бап. Жер қойнауын пайдаланушының көмірсутектерді барлауды және өндіруді жүргізуі кезіндегі есептілігі
Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша мынадай есептерді:
1) геологиялық есепті;
2) лицензиялық-келісімшарттық талаптарды орындау туралы есепті;
3) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ олардағы жергілікті қамту көлемі туралы есепті;
4) кадрлардағы жергілікті қамту көлемі туралы есепті;
5) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша шығыстар туралы есепті;
6) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар туралы есепті;
7) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын тұлғалар және (немесе) ұйымдар құрамы туралы есепті беруге міндетті.
Осы баптың 1) тармақшасында көзделген есеп жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 2) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға оның өзі бекітетін тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 3) – 7) тармақшаларында көзделген есептер көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға оның өзі бекітетін нысандарда және тәртіппен ұсынылады.
133-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылықтың мынадай түрлері көзделеді:
1) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген жағдайларда, тәртіппен және мөлшерде төлейтін тұрақсыздық айыбы;
2) осы Кодекстің 106-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылатын, құзыретті органның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуы.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын төлеу жер қойнауын пайдаланушыны тиісті міндеттемелерін орындаудан босатпайды.
2. Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарының жол берілген бұзушылықтары туралы, сондай-ақ белгіленген мерзімде оның тұрақсыздық айыбын төлеу және (немесе) осындай бұзушылықты жою жөніндегі міндеттері туралы мынадай:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелерді жер қойнауын пайдаланушы есепті жыл үшін отыз пайыздан кем орындаған;
2) қамтамасыз ету мөлшерін қалыптастырудың белгіленген графигіне сәйкес қамтамасыз етуді ұсынбай не графикті бұза отырып жер бетінің тұтастығын бұзумен байланысты көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізген;
3) жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерін бұзған өзге де жағдайларда жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
3. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын бұзушылықтарды жою мерзімі міндеттемелердің физикалық көлемі бойынша жазбаша хабарлама алынған күннен бастап – алты айдан, осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген міндеттемелер бойынша – үш айдан, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген өзге де міндеттемелер бойынша бір айдан аспауға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы жол берілген бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзімде жоюға және бұл туралы құзыретті органға жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып жазбаша хабарлауға міндетті.
5. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелерді бұзушылықтарды жою мерзімін ұзартудың себептерін негіздей отырып, осындай ұзарту туралы ұсыныс жіберуге құқылы. Жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган оны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны мерзімді ұзартуға келісетіні туралы хабардар етеді немесе мұндай ұзартудан уәжді бас тартуын ұсынады.
6. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген міндеттемелердің бұзушылықтарын осы баптың 3-тармағында айқындалған мерзімде жою анық мүмкін болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай бұзушылықты жою мүмкін болатын өзге мерзімді белгілеуге құқылы.
19-ТАРАУ. КӨМІРСУТЕКТЕР БОЙЫНША ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖОБАЛАУ ҚҰЖАТТАРЫ
134-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары туралы жалпы ережелер
1. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар мынадай жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады:
1) базалық жобалау құжаттары:
барлау жұмыстарының жобасы;
сынамалап пайдалану жобасы;
көмірсутек кен орнын әзірлеудің жобасы;
2) тізбесі жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленетін техникалық жобалау құжаттары.
2. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы тартқан, тиісті қызмет түріне лицензиясы бар ұйым жасайды.
3. Жобалау құжаттары жер қойнауын пайдаланудың оң практикасы негізінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдаланудың бірыңғай қағидаларына сәйкес әзірленеді.
4. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
5. Жобалау құжаттарында көзделген жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, көлемін және мерзімін өзгертуге осындай жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін рұқсат етіледі.
6. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, көлемін және мерзімін өзгерту жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етпейтін жағдайлар белгіленеді.
7. Жобалау құжаттарында жер қойнауы учаскесінің (учаскелерінің) шегінен тыс жатқан табылған кенжатынның болжамды контурлары белгіленуі мүмкін.
8. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жобалау құжаттарының ережелерін сақтауға міндетті.
135-бап. Барлау жұмыстарының жобасы
1. Барлау жұмыстарының жобасы барлау мен өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап бір жыл ішінде жасалады.
2. Барлау жұмыстарының жобасы барлаудың бүкіл кезеңіне жасалады.
3. Барлау жұмыстарының жобасында:
әрбір блок бойынша көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстарды орындау түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы;
жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
көмірсутектерді барлаудың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындаудың мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
4. Барлау жұмыстарының жобасы жер қойнауын пайдаланушы жұмыс бағдарламасында мәлімдеген жұмыстардың толық көлемі мен оларды орындау мерзімдерін қамтуға тиіс.
5. Табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалауды жүргізу қажет болған жағдайда, мұндай жұмыстар әрбір табылған кенжатынға (кенжатындар жиынтығына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы барлау жұмыстары жобасында көзделеді.
Бұл ретте барлау жұмыстарының жобасына табылған кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) бағалау бойынша жұмыстарды жүргізу түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы кіреді.
6. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай барлау жұмыстарының жобасы болмаған кезде кен орындарын іздестіру, барлау және бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
136-бап. Сынамалап пайдалану жобасы
1. Барлау кезеңінде табылған көмірсутек кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) сынамалап пайдалану сынамалап пайдалану жобасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Сынамалап пайдалану бойынша жұмыстар жүргізуге жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған сынамалап пайдалану жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай сынамалап пайдалану жобасы болмаған кезде тыйым салынады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы сынамалап пайдалануды жүргізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде сынамалап пайдалану жобасы жасалады.
3. Сынамалап пайдалану жобасында сынамалап пайдалану түрлерінің, әдістерінің, тәсілдерінің және технологияларының сипаттамасы, сондай-ақ сынамалап пайдалану ішінде көмірсутекті өндірудің болжамды көлемі қамтылуға тиіс.
4. Жер қойнауын пайдаланушы сынамалап пайдалануды жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда сынамалап пайдалану жобасы сынамалап пайдалануға жататын әрбір табылған кенжатын (кенжатындар жиынтығы) бойынша әзірленеді және бекітіледі.
5. Жүргізу қажеттілігі сынамалап пайдалану процесінде анықталатын кез келген өзгерістер мен қосымша жұмыстар тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы сынамалап пайдалану жобасына енгізілуге тиіс.
137-бап. Көмірсутектер кен орнын әзірлеу жобасы