Қазақстан Республикасының Заңы
Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасында бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін реттейді, бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасаудың принциптерін, негізгі сапалық сипаттамалары мен ережелерін белгілейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - уәкілетті органның бухгалтерлердің кәсіби ұйымдарының және осы Заңда көзделген, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша куәлікпен расталған, бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі ұйымдардың құқықтылығын тануы;
2) бастапқы есепке алу құжаттары (бұдан әрі - бастапқы құжаттар) - бухгалтерлік есеп жүргізуге негіз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактісінің және оны жасауға берілген құқықтың қағаз және электрондық жеткізгіштегі құжаттық растамасы;
3) бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі аккредиттелген ұйым (бұдан әрі - сертификаттау жөніндегі ұйым) - кәсіби бухгалтерлерге кандидаттарды сертификаттауды жүзеге асыратын, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аккредиттелген заңды тұлға;
4) бухгалтерлердің аккредиттелген кәсіби ұйымы (бұдан әрі - кәсіби ұйым) - бухгалтерлердің және (немесе) бухгалтерлік ұйымдардың бірлестігі болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аккредиттелген коммерциялық емес ұйым;
5) бухгалтерлік есепке алу тіркелімдері - бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесінде көрсету үшін есепке алуға қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпаратты қорытуға, жүйелеуге және жинақтауға арналған нысандар;
6) бухгалтерлік ұйым - бухгалтерлік есеп саласында қызмет көрсететін, кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын ұйым;
7) жария мүдделі ұйымдар - қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), акционерлік қоғамдар (коммерциялық еместерін қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдардан басқа) және жарғылық капиталында мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдар, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар;
8) кәсіби бухгалтер - кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын, кәсіби бухгалтер сертификаты бар жеке тұлға;
9) кәсіби бухгалтер сертификаты (бұдан әрі - сертификат) - сертификаттау жөніндегі ұйым берген, бухгалтердің кәсіби біліктілігін куәландыратын құжат;
10) қаржылық есептілік депозитарийі (бұдан әрі - депозитарий) -жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы;
11) қаржылық есептілік стандарты - бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік жасау принциптері мен әдістерін белгілейтін құжат;
12) қаржылық есептіліктің ұлттық стандарттары (бұдан әрі - ұлттық стандарттар) - қаржылық есептіліктің уәкілетті орган бекіткен стандарттары;
13) қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары (бұдан әрі - халықаралық стандарттар) және шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты (бұдан әрі - шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарт) - Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі кеңес бекіткен қаржылық есептілік стандарттары;
14) уәкілетті орган - бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші:
дара кәсіпкерлерге;
заңды тұлғаларға, шетелдік заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында тіркелген филиалдарына, өкілдіктеріне және тұрақты мекемелеріне (бұдан әрі - ұйымдар) қолданылады.
2. Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келген кезде:
1) патент, оңайлатылған декларация негізінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режімдерін қолданатын;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрмаған;
3) табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар субъектілері болып табылмайтын дара кәсіпкерлер бухгалтерлік есепті жүргізу (бастапқы құжаттарды жасаудан және сақтаудан басқа) мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмауға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген шарттардың біріне сәйкес келмеген кезде дара кәсіпкер осындай сәйкессіздік туындаған айдан кейінгі айдан бастап бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асыруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген шарттарға сәйкес келетін және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу туралы дербес шешім қабылдаған дара кәсіпкер мұндай шешім қабылданған айдан кейінгі айдан бастап мұндай есепті жүргізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шағын кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар қаржылық есептілік жасауды ұлттық стандартқа сәйкес жүзеге асырады.
3-1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ жедел басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар (қазыналық кәсіпорындар) қаржылық есептілікті шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жасайды.
4. Ірі кәсіпкерлік субъектілері мен жария мүдделі ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға міндетті.
5. Есептік саясатты бекіткен басшы органдардың шешімі бойынша:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға немесе шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жасауға құқылы;
2) осы баптың 3-1-тармағында көрсетілген ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға құқылы.
3-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ЖҮЙЕСI
4-бап. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің мақсаты
Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің мақсаты мүдделі тұлғаларды дара кәсіпкерлер мен ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметінің нәтижелері және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
5-бап. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің принциптері мен негізгі сапалық сипаттамалары
1. Есептеу мен үздіксіздік бухгалтерлік есепті жүргізудің және қаржылық есептілікті жасаудың принциптері болып табылады.
2. Түсініктілік, орындылық, сенімділік және салыстырмалылық қаржылық есептіліктің негізгі сапалық сипаттамалары болып табылады.
6-бап. Бухгалтерлік есеп жүйесi
1. Бухгалтерлік есеп дара кәсіпкерлер мен ұйымдардың операциялары мен оқиғалары туралы ақпаратты жинаудың, тіркеудің және қорытудың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасымен, сондай-ақ есеп саясатымен регламенттелген тәртіпке келтірілген жүйесін білдіреді.
2. Есеп саясаты Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына, халықаралық немесе ұлттық стандарттарға, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандартқа және бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына сәйкес, олардың қажеттіліктері мен қызмет ерекшеліктері негізге алына отырып, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау үшін дара кәсіпкер немесе ұйым қолдануға қабылдаған нақты принциптерді, негіздерді, ережелерді, тәртіп пен практиканы білдіреді.
3. Операциялар мен оқиғалар бухгалтерлік есеп жүйесінде көрсетіледі, бұл ретте:
1) бухгалтерлік жазбаларды бастапқы құжаттардың түпнұсқаларына сайма-сай бекіту және бухгалтерлік жазбаларда барлық операциялар мен оқиғаларды көрсету;
2) операциялар мен оқиғаларды хронологиялық тәртіппен және уақтылы тіркеу;
3) синтетикалық (қорытынды) есепке алуды талдамалық (егжей-тегжейлi) есепке алуға сәйкес келтiру қамтамасыз етiлуге тиiс.
4. Операциялар мен оқиғалар ұйымдардың уәкілетті орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген талаптарға сай келетін бухгалтерлік есеп шоттары үлгі жоспарының негізінде синтетикалық шоттарда екі рет жазу тәсілімен көрсетіледі.
Операциялар мен оқиғалардың талдамалық есебін жүргізу тәртібін дара кәсіпкер немесе заңды тұлғаның лауазымды адамдары (бұдан әрі - басшылық) белгілейді, олар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне және құрылтай құжаттарға сәйкес дара кәсіпкердің немесе ұйымның қажеттіліктерін негізге ала отырып ағымдағы басшылықты және істерді жүргізуді жүзеге асырады.
5. Жеке кәсіпкерлер мен ұйымдар мемлекеттік тілде және (немесе) орыс тілінде бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды қамтамасыз етеді.
7-бап. Бухгалтерлік құжаттама
1. Бухгалтерлік құжаттама бастапқы құжаттарды, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін, қаржылық есептілікті және есеп саясатын қамтиды.
Бухгалтерлік жазбалар бастапқы құжаттар негізінде жүргізіледі.
2. Операцияларды немесе оқиғаларды ресімдеу үшін қолданылатын бастапқы құжаттардың нысандары немесе оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекітеді.
3. Нысандары немесе оларға қойылатын талаптар осы баптың 2-тармағына сәйкес бекітілмеген қағаз және электрондық жеткізгіштегі бастапқы құжаттарды дара кәсіпкерлер мен ұйымдар дербес әзірлейді және олар мынадай міндетті реквизиттерді қамтуға тиіс:
1) құжаттың (нысанның) атауы;
2) жасалған күні;
3) құжат өз атынан жасалған ұйымның атауы немесе дара кәсіпкердің тегі және аты-жөні;
4) операцияның немесе оқиғаның мазмұны;
5) операцияның немесе оқиғаның өлшем бірлігі (сандық және құндық көрінісінде);
6) операцияның жасалуына (оқиғаны растауға) және оның дұрыс рәсімделуіне жауапты адамдар лауазымының атауы, тегі, аты-жөні және қолы;
7) сәйкестендіру нөмірі.
Операцияның немесе оқиғаның сипатына, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына және есепке алу ақпаратын өңдеу тәсіліне қарай бастапқы құжаттарға қосымша реквизиттер енгізілуі мүмкін.
4. Бастапқы құжаттар операцияның немесе оқиғаның іске асырылу кезінде не олар аяқтала салысымен жасалуға тиіс.
5. Есепке қабылданған бастапқы құжаттарда қамтылған ақпарат бухгалтерлік есеп тіркелімдерінде жинақталады және жүйеленеді.
Бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің деректері топтастырылған түрде қаржылық есептілікке көшіріледі.
6. Электрондық жеткізгіштерде бастапқы құжаттарды және бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жасау кезінде дара кәсіпкерлер мен ұйымдар операциялардың басқа қатысушылары үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап ету құқығы берілген мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша осындай құжаттардың көшірмелерін қағаз жеткізгіштерде дайындауға тиіс.
7. Кассалық және банктік бастапқы құжаттарға түзетулер енгізуге жол берілмейді. Басқа бастапқы құжаттарға түзетулер операцияға қатысушылармен келісім бойынша ғана енгізілуі мүмкін, бұл түзетулер енгізілген күні көрсетіле отырып, құжаттарға қол қойған адамдардың қолдарымен расталуға тиіс.
8-бап. Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру
1. Басшылық немесе дара кәсіпкер:
1) есеп саясатын келіседі және (немесе) бекітеді;
2) бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды, оның ішінде ұйым жасайтын барлық операцияларды бухгалтерлік есепте көрсету тәртібін регламенттейтін, бекітілген ішкі құжаттардың болуын қамтамасыз етеді;
Есеп саясаты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және ұйымның жарғысымен (ережесімен) бекітіледі.
2. Басшылық немесе дара кәсіпкер есеп жұмысының көлеміне қарай:
1) бас бухгалтер басқаратын құрылымдық бөлімше ретінде бухгалтерлік қызмет құруды;
2) штатқа бас бухгалтер лауазымын енгізуді;
3) бухгалтерлік есепті жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды шарт негізінде бухгалтерлік немесе аудиторлық ұйымға немесе кәсіби бухгалтерге беруді;
4) бухгалтерлік есепті жеке жүргізуді жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ведомстволарына осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының күші қолданылмайды.
Жария мүдделі ұйымдарға осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларының күші қолданылмайды.
Халықаралық бухгалтерлер федерациясының толық мүшесі болып табылатын ұйым - шетел институтының мүшесі бухгалтерлік ұйымға теңестіріледі.
9-бап. Бухгалтерлік қызметтің басшысы
Бухгалтерлік есепті жүргізуді, қаржылық есептілік жасауды және ұсынуды, есеп саясатын қалыптастыруды қамтамасыз ететін бас бухгалтер немесе басқа лауазымды адам бухгалтерлік қызметтің басшысы (бұдан әрі - бас бухгалтер) болып табылады.
Жария мүдделі ұйымның бас бухгалтері лауазымына кәсіби бухгалтер тағайындалады.
10-бап. Бухгалтерлік құжаттарға қол қою құқығы
1. Басшылық немесе дара кәсіпкер бухгалтерлік құжаттарға қол қою құқығы бар адамдарды анықтайды. Бұл ретте адамның атқаратын лауазымына, ақша сомасының мөлшеріне, операцияның қолданыс аясына және мәніне қарай қол қою құқығының сатылылығы белгіленуі мүмкін.
2. Электрондық қолтаңбаны пайдаланатын дара кәсіпкерлер немесе ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық қолтаңбаны пайдалану және оларға қол жеткізу құқығына қатысты тиісті сақтық және бақылау шараларын белгілеуге тиіс.
11-бап. Бухгалтерлік құжаттарды сақтау
Дара кәсіпкерлер мен ұйымдар бастапқы құжаттарды, қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі бухгалтерлік есеп тіркелімдерін, қаржылық есептілікті, есеп саясатын, есепке алу деректерін электрондық өңдеу бағдарламаларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген кезең ішінде сақтауға міндетті.
12-бап. Бухгалтерлік ақпарат құпиясы
1. Бастапқы құжаттар мен бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің мазмұны коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат болып табылады, оларға қол жеткізуге басшылықтың немесе дара кәсіпкердің рұқсаты бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына ғана рұқсат етіледі.
2. Аталған құжаттарға қол жеткізе алатын адамдар ондағы ақпаратты олардың иесінің келісімінсіз жария етпеуге міндетті және оны жеке мүддесі үшін пайдалануға құқығы жоқ. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа қол жеткізе алатын адамдар оны жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3-тарау. ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК
13-бап. Қаржылық есептілік элементтерi
1. Активтер, міндеттемелер және капитал қаржы жағдайын бағалаумен байланысты қаржылық есептілік элементтері болып табылады.
Активтер - дара кәсіпкер немесе ұйым өткен оқиғалар нәтижесінде бақылап отырған, болашақта экономикалық пайда алу күтілетін ресурстар.
Міндеттеме - дара кәсіпкердің немесе ұйымның өткен оқиғалардан туындайтын мойнында тұрған міндеті, оны реттеу экономикалық пайданы қамтитын ресурстардың шығып қалуына әкеп соғады.
Капитал - дара кәсіпкердің немесе ұйымның активтеріндегі барлық міндеттемелер шегеріліп тасталғаннан кейінгі үлес.
2. Кірістер мен шығыстар пайда мен зиян туралы есепте қызмет нәтижелерінің өлшемімен тікелей байланысты элементтер болып табылады.
Кірістер - есепті кезең ішінде активтердің түсімі немесе өсімі немесе міндеттемелердің азаюы нысанында экономикалық пайданың ұлғаюы, олар капиталға қатысушы тұлғалардың жарнасымен байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына әкеп соғады.
Шығыстар - есепті кезең ішінде активтердің қолдан кетуі немесе азаюы немесе міндеттемелердің пайда болуы нысанында экономикалық пайданың азаюы, олар капиталға қатысушы тұлғаларға бөлумен байланысты азаюдан өзгеше капиталдың азаюына әкеп соғады.
14-бап. Қаржылық есептілік элементтерін бағалау және есепке алу
1. Қаржылық есептілік элементтерін бағалау - аталған элементтер бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікте танылатын және тіркелетін ақша сомаларын анықтау. Бағалауды қолдану әдістері мен тәртібі халықаралық стандарттарға, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандартқа және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленеді.
2. Қаржылық есептілік элементтерін есепке алу әдістері және тану тәртібі халықаралық стандарттарға, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандартқа және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленеді.
15-бап. Қаржылық есептілік
1. Қаржылық есептілік дара кәсіпкердің немесе ұйымның қаржылық жағдайы, қызметінің нәтижелері және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпаратты білдіреді.
2. Мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігін қоспағанда, қаржылық есептілік мыналарды қамтиды:
1) бухгалтерлік баланс;
2) пайда мен зияндар туралы есеп;
3) ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп;
4) капиталдағы өзгерістер туралы есеп;
5) түсіндірме жазба.
Қаржылық есептілікті жасау тәртібі және оған қойылатын қосымша талаптар халықаралық стандарттарға, шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігінің көлемі, оны жасау нысандары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленеді.
4. Қаржылық есептілікке ұйымның басшысы және бас бухгалтері, дара кәсіпкер қол қояды.
Бухгалтерлік есебін бухгалтерлік ұйым немесе кәсіби бухгалтер жүргізетін ұйымның қаржылық есептілігіне оның басшылығы, сондай-ақ бухгалтерлік ұйымның басшысы немесе кәсіби бухгалтер қол қояды.
Бұқаралық мүдде ұйымының қаржылық есептілігіне басшылық және кәсіби бухгалтер болып табылатын бас бухгалтер қол қояды.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара ); 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара )
16-бап. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары
Қаржылық есептілікті жасауды ұйымдар Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары қорынан оларды ресми аударуға және (немесе) Қазақстан Республикасында жариялауға жазбаша рұқсаты бар ұйым қазақ немесе орыс тілдерінде жариялаған халықаралық стандарттарға және шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жүзеге асырады.
17-бап. Шоғырландырылған қаржылық есептілік
Еншілес ұйымдары бар ұйымдар негізгі ұйымның қызметі жөніндегі қаржылық есептіліктен басқа Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасауға және ұсынуға міндетті.
18-бап. Есепті кезең
1. Жылдық қаржылық есептілік үшін есепті кезең 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса күнтізбелік жыл болып табылады.
2. Жаңадан құрылған ұйым үшін бірінші есепті жыл ол мемлекеттік тіркеуден өткен кезден басталып сол жылдың 31 желтоқсанын қоса қамтиды.
2010.19.03 № 258-IV ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред қара)
19-бап. Қаржылық есептілікті табыс ету
1. Ұйымдар:
1) құрылтай құжаттарына сәйкес құрылтайшыларға (қатысушыларға);
2) мемлекеттік тіркеу орны бойынша мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарына олардың құзыреттеріне сәйкес қаржылық есептілікті ұсынады.
2. Қаржылық есептілік Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетіліп ұсынылады.
3. Ұйымдар (қаржы ұйымдарынан, микроқаржы ұйымдарынан, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компанияларынан және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржы компанияларынан басқа) жылдық қаржылық есептерін есептi кезеңнен кейiнгi жылдың 30 сәуiрiнен кешiктiрмей табыс етеді. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара ); 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара ) 3-1-тармақ өзгертілді
3-1. Қаржы ұйымдары, микроқаржы ұйымдары, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниялары және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржы компаниялары жылдық қаржылық есептерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде табыс етеді.
4. 18-бапта көрсетілген мерзім шегінде құрылтайшылар (қатысушылар) аралық қаржылық есептілікті ұсыну мерзімін айқындауға және жылына бір реттен сирек болмайтын өзге кезеңділікті белгілеуге құқылы. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара )
5. Шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсыну осы баптың 1, 2, 3 және 3-1-тармақтарына сәйкес жүргізіледі. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара )
6. Қаржы ұйымдары, арнайы қаржы компаниялары, ислам арнайы қаржы компаниялары, мемлекеттік кәсіпорындар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар жылдық қаржылық есептiлiктi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жариялайды.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.редқара )
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жария мүдделі ұйымдар үшін депозитарий құрылады, бұл ұйымдар осы депозитарийге уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қаржылық есептілікті өткізуге міндетті.
4-тарау. БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІК ЖҮЙЕСІН РЕТТЕУ
20-бап. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеу
1. Қазақстан Республикасында бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкілетті орган жүзеге асырады.
1-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібін бекітеді;
2) қаржылық есептілікті депозитарийге табыс ету тәртібін бекітеді;
3) кәсіптік ұйымдарды, сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын бекітеді;
4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен басқа, мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесі (Директорат) жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған қаржы ұйымдарында, микроқаржы ұйымдарында, арнайы қаржы компанияларында, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылған исламдық арнайы қаржы компанияларында, инвестициялық қорларда және Қазақстанның Даму Банкінде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актілер мен оларға әдістемелік ұсынымдар қабылдау арқылы жүзеге асырады.
5. Уәкілетті орган :
1) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібін әзірлейді;
3) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қабылдайды;
4) ұлттық стандарттарды және оларға қатысты әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі заңнамасы халықаралық стандарттардың, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарттың талаптарына қайшы келген жағдайда, консультациялық органның ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді қамтамасыз етеді;
6) бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарын әзірлейді және бекітеді;
7) ұлттық стандарттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды;
8) 2014.13.01. № 159-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара )
9) консультациялық органның Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерінің жобасын әзірлеу туралы ұсыныстарын қарайды;
10) кәсіби ұйымдарды, сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеуді жүргізеді;
11) кәсіби ұйымдарды, сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу ережелерін әзірлейді;
12) консультациялық органның ұсынымдарын ескере отырып, кәсіби бухгалтерлерге қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
13) аккредиттеу ережелері сақталмаған жағдайда, кәсіби ұйымдарға, сертификаттау жөніндегі ұйымдарға ескерту жасайды;
14) кәсіби ұйымды, сертификаттау жөніндегі ұйымды аккредиттеу жөніндегі куәлігінен айыру туралы шешім қабылдайды;
15) кәсіби ұйымдардың, сертификаттау жөніндегі ұйымдардың есептілікті ұсынуының тізбесін, нысанын және мерзімділігін анықтайды;
16) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын, белгіленген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіби ұйымдардың, сертификаттау жөніндегі ұйымдардың тізбесін мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялайды;
17) консультациялық орган туралы ережені бекітеді;
18) депозитарийге қаржылық есептілікті ұсыну тәртібін әзірлейді;
19) сертификаттың нысанын келіседі.
20) бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
21) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) қаржы ұйымдары мен микроқаржы ұйымдары үшін:
уәкілетті органмен келісім бойынша халықаралық стандарттармен реттелмеген мәселелер бойынша қаржылық есептілік стандарттарын, сондай-ақ оларға арналған әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
осы Заңның талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерін , сондай-ақ бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
2) мемлекеттiк кәсiпорындар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы немесе акцияларының бақылау пакетi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тиесiлi заңды тұлғалар үшiн:
қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына сәйкес келетiн тiзбелер мен нысандарды, сондай-ақ қаржылық есептiлiктi табыс етудің мерзiмдерi мен тәртiбiн белгiлейдi;
осы Заңның талаптарына сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарларын бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниялары үшін:
осы заңның талаптарына сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
3-1) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржы компаниялары үшiн осы Заңның талаптарына сәйкес бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн, сондай-ақ бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;
3-2) инвестициялық қорлар және Қазақстанның Даму Банкі үшiн осы Заңның талаптарына сәйкес бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн, сондай-ақ бухгалтерлiк есеп шоттарының үлгiлік жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;
4) қаржы ұйымдарының, микроқаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, инвестициялық қорлардың және Қазақстанның Даму Банкінің Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарын және халықаралық стандарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды
20-1-бап. Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге нысандары осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады..
21-бап. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жүйесін мемлекеттік емес реттеу
1. Консультациялық орган консультациялық-кеңесші орган нысанында құрылады, оның құрамын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша уәкілетті орган бекітеді және ол өзі туралы ереже негізінде жұмыс істейді.
2. Консультациялық органның құрамына мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың өкілдері кіреді.
3. Консультациялық орган:
1) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстар енгізуге;
2) уәкілетті органға қаржылық есептілік стандарттарын қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды қайта қарау мен әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге;
3) ұлттық стандарттарды және олардың әдістемелік ұсынымдарын әзірлеуге қатысуға;
4) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыруға құқылы.
4. Консультациялық орган:
1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында халықаралық стандарттар, шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарт талаптарына қайшылықтардың бар-жоғына талдау жүргізуге және уәкілетті органға тиісті ұсыныстар енгізуге;
2) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысуға міндетті.
5. Кәсіптік ұйым мынадай талаптарға сай келуге тиіс:
1) кәсіби ұйымның құрамында кемінде үш жүз кәсіби бухгалтердің болуы;
2) халықаралық практикаға сәйкес келетін және оның барлық мүшелеріне міндетті болып табылатын, ұйымның жарғысына сәйкес бекітілген Кәсіби бухгалтерлердің әдеп кодексінің болуы;
3) өз мүшелерінің біліктілігін арттыру жүйесінің болуы;
4) аккредиттеу ережелеріне сәйкестік.
6. Кәсіби ұйымның құрылымы мен жұмыс органдары оның жарғысымен анықталады және аккредиттеу ережелеріне сәйкес болуға тиіс.
7. Кәсіби ұйымның басшысы төрт жылдан аспайтын мерзімге сайланады және қатарынан екі мерзімге қайта сайлана алмайды.
8. Кәсіби ұйым:
1) өз мүшелеріне қатысты өзінің жарғысында көзделген және осы Заңға қайшы келмейтін функцияларды жүзеге асыруға;
2) ұлттық стандарттарды және олардың әдістемелік ұсынымдарын әзірлеуге қатысуға;
3) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысуға;
4) бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы оң жұмыс тәжірибесін талдауға, жинақтауға және таратуға;
5) сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі материалдарды қарауға қатысуға құқылы.
9. Кәсіби ұйым:
1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын сақтауға;
2) консультациялық органның құрамына аккредиттеу ережелерінде белгіленген мөлшерде кәсіби ұйымның мүшелерін жіберуге және олардың толымды жұмысын қамтамасыз етуге;
3) уәкілетті органға белгілеген тәртіппен оған өзінің қызметі туралы есептілікті ұсынуға;
4) халықаралық және ұлттық стандарттарды қолдану жөніндегі сауалдарды қарауға;
5) сертификаттау бойынша бір немесе бірнеше ұйыммен өзара іс-қимыл туралы келісім жасасуға міндетті.
22-бап. Кәсіби бухгалтерге кандидаттарды сертификаттау шарттары
1. Кәсіби бухгалтерге кандидаттарды сертификаттауды сертификаттау жөніндегі ұйым жүзеге асырады.
2. Сертификаттау жөніндегі ұйым кәсіби бухгалтерге кандидаттарды сертификаттау бағдарламалары бойынша материалдар әзірлеуді, шығаруды және таратуды жүзеге асырады, емтихан процесін ұйымдастырады.
3. Сертификаттау жөніндегі ұйым мынадай талаптарға сай келуге тиіс:
1) оқытуға тәуелсіз емтихан жүйесінің болуы;
2) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі заңнамасына шолуды қамтитын емтихан модульдерінің, оларды жаңарту жүйесінің болуы;
3) бір немесе бірнеше кәсіби ұйымдармен өзара іс-қимыл туралы келісімнің болуы;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен аккредиттеу ережелеріне сәйкестік.
Бір немесе бірнеше кәсіби ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі келісімнің болуы туралы талаптың сақталуы аккредиттеу туралы куәлік берілген кезден бастап алты ай өткеннен кейін міндетті болып табылады.
4. Кәсіби бухгалтерге кандидаттарды сертификат алу үшін емтихандарға қатысуға жіберу кәсіби бухгалтерлерге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Емтихан тапсырған адамдар уәкілетті органмен келісілген нысан бойынша бірыңғай үлгідегі сертификат алады. Сертификаттың қолданылу мерзімі шектелмеген.
23-бап. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру
1. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда, егер:
1) аккредиттеу ережелерінде белгіленген мерзім ішінде кәсіби ұйым өз өкілдерін консультациялық органның құрамына жібермесе;
2) соңғы үш жыл ішінде жүйелі түрде (үш реттен көп) аккредиттеу ережесін бұзса;
3) уәкілетті органға өзі және өзінің қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат берсе;
4) уәкілетті орган ескерту жасаған себептерді екі ай мерзім ішінде жоймаса немесе әкімшілік жаза қолданылған болса, кәсіби ұйымды, сертификаттау жөніндегі ұйымды аккредиттеу туралы куәлігінен айыру туралы шешім қабылдайды.
2. Кәсіби ұйым, сертификаттау жөніндегі ұйым уәкілетті органның шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
24-бап. Ішкі бақылау
1. Ұйымдар Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының, есеп саясатының сақталуын қамтамасыз ету, бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезінде активтердің сақталу шараларын, ұрлану жағдайлары мен қателесуді болдырмау және анықтау жөніндегі шараларды қоса алғанда, операцияларды тиімді жүргізу үшін ішкі бақылау ұйымдастыруға құқылы.
2. Ішкі бақылауды ұйымдастыруды басшылық қамтамасыз етеді.
3. Мемлекеттік мекемелерді бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар жүргізеді.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
26-бап. Өтпелі ережелер 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертiлдi (бұр. ред. қара)
1. Осы Заң, 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-бабының екінші бөлігін қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Кәсіби бухгалтердің біліктілігін растайтын және уәкілетті орган таныған, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген құжаттар жарамды.
3. Осы Заңның 2-бабының 3-тармағында көрсетілген дара кәсіпкерлер және ұйымдар бухгалтерлік есеп стандарттарын ұлттық стандарттар қолданысқа енгізілгенге дейін қолданады.
4. «Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 171-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 12, 116-құжат; 2003 ж., № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; 2006 ж., № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының |
Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы ақпанның 28-і.
№ 234-III ҚРЗ